ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ СӨЙЛЕЙДІ, АЛ ОҚУШЫ ШЕ? ЦИФРЛЫҚ ДӘУІРДЕ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ
Автор: Қуан Динара Әбдіәшімқызы,Қаралым: 1
Бүгінгі оқушы жасанды интеллект көмегімен бірнеше секундта ағылшын тілінде эссе жазып, мәтін аударып, грамматикалық тапсырмаларды орындай алады. Бірақ мінсіз жазылған мәтін оның тілді еркін меңгергенін білдіре ме? Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: біз оқушыға дайын жауап табуды үйретеміз бе, әлде ағылшын тілінде өздігінен ойлауды үйретеміз бе?
Жасанды интеллект – мұғалімнің бәсекелесі емес, оқыту мүмкіндігін кеңейтетін құрал. UNESCO мен British Council ұсынымдары технологияны жауапкершілікпен қолдануға, оқушының дербестігі мен цифрлық сауаттылығын дамытуға назар аударады [1–3]. Сондықтан қазіргі педагогтің міндеті – оқушыны ақпаратты талдауға, өз пікірін қалыптастыруға және оны еркін жеткізуге бағыттау.
Қазіргі сабақта мұғалім ақпараттың жалғыз көзі емес, тілдік орта қалыптастыратын, оқушыны шығармашылық ізденіске жетелейтін бағыттаушы тұлға. Оның басты міндеті – технологияның мүмкіндігін пайдалана отырып, оқушының өз ойын қалыптастыруына жағдай жасау. Сондықтан цифрлық құралдарды сабақтың мақсатына сай таңдау маңызды.
Human First – AI Second: алдымен адам, содан кейін жасанды интеллект
Ағылшын тілі сабақтарында оқушының дербес ойлауын дамытуға бағытталған бес кезеңдік әдістемелік модельді ұсынамын. Бұл тәсілде оқушы алдымен тапсырманы өзі орындайды, кейін жасанды интеллект ұсынған нұсқаны талдап, өз жұмысын жақсартады.
THINK – Ойлан. Оқушы берілген тақырып бойынша өз ойын жинақтайды.
CREATE – Құрастыр. Өз сөздік қорына сүйеніп, сөйлем немесе шағын мәтін жазады.
COMPARE – Салыстыр. Өз жауабын жасанды интеллект ұсынған нұсқамен салыстырады.
IMPROVE – Жетілдір. Қателерін анықтап, мәтінін саналы түрде толықтырады.
SPEAK – Сөйле. Дайын мәтінді оқымай, өз ойын ауызша жеткізеді.
Сабақтағы креативті әдістер
AI Detective – оқушылар қате енгізілген ағылшын тіліндегі мәтінді түзетіп, жауаптарын түсіндіреді. Мысалы, «My sister have got blue eyes. She are very friendly» сөйлемдерін «My sister has got blue eyes. She is very friendly» деп түзетеді. Оқушы әр түзетудің себебін түсіндіру арқылы грамматикалық білімін бекітеді.
One Picture – Three Voices – бір суретті баланың, журналистің және ертегі кейіпкерінің көзқарасымен сипаттайды. Кейін жасанды интеллект ұсынған сипаттамамен танысып, қай нұсқаның әсерлі екенін талқылайды. Бұл тәсіл сөздік қорды байытуға және шығармашылық ойлауға бағытталған.
Human vs AI – «Can robots replace teachers?» тақырыбында пікір білдіріп, жасанды интеллект ұсынған дәлелдерді талдайды. Пікірін дәлелдеу үшін «In my opinion…», «I agree because…», «For example…» тіркестерін қолданады. Оқушы дайын дәлелді қайталамай, оған өз көзқарасын білдіреді.
60 Seconds Without AI – дайын мәтінге сүйенбей, берілген тақырыпта бір минут сөйлейді. «My dream school», «My future profession», «Technology in my life» сияқты тақырыптар оқушының шынайы тілдік мүмкіндігін анықтауға көмектеседі.
Digital Storytelling – өздері құрастырған оқиғаға жасанды интеллект көмегімен иллюстрация жасап, оны ағылшын тілінде таныстырады. Бұл тапсырмада оқушы оқиғаның авторы әрі баяндаушысы болып қалады, ал технология тек көрнекілік дайындауға көмектеседі.
Практикалық сабақ үлгісі
6-сыныптағы «Describing People» тақырыбында оқушы ойдан кейіпкер құрастырып, оның сыртқы келбеті мен мінезін ағылшын тілінде сипаттайды: «My character is a tall girl. She has got long curly hair and green eyes. She is friendly, clever and brave». Мұғалімнің көмегімен осы сипаттамаға сәйкес сурет жасалады. Оқушы сурет пен мәтінді салыстырып, айырмашылықтарын түсіндіреді. Осылайша жазылым, айтылым, сөздік қор және сыни ойлау дағдылары қатар дамиды. Мұндай тапсырмада суреттің мәтінге сәйкестігін тексеру оқушыны сөздерді нақты қолдануға ынталандырады.
Оқушы жетістігін бағалау
Бағалау барысында дайын жауап қана емес, оқушының дербес ойлауы, сөздік қоры, грамматикалық сауаттылығы, ақпаратты талдауы және ауызша сөйлеуі ескеріледі. Сонымен қатар академиялық адалдықты сақтау, ақпаратты тексеру және жеке деректерді қорғау маңызды. Ұсынылған бағалау жүйесінде бес өлшемнің әрқайсысына 2 балдан беріледі: дербес ойлау, сөздік қорды орынды қолдану, грамматикалық сауаттылық, салыстыру және талдау, ауызша сөйлеу. Жалпы нәтиже – 10 балл.
Цифрлық сауаттылық және академиялық адалдық
Оқушы жасанды интеллект ұсынған ақпараттың қате болуы мүмкін екенін түсінуі керек. Дайын мәтінді өз еңбегі ретінде ұсынбау, жеке деректерді енгізбеу және жас ерекшелігіне сай қауіпсіз ресурстарды пайдалану маңызды. «THINK before using AI» қағидасы оқушыны алдымен ойлануға, адал болуға, ақпаратты тексеруге, дайын жауапты көшірмеуге және үйренуді жалғастыруға шақырады.
Күтілетін нәтиже
Әдістерді жүйелі қолдану арқылы оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеуге қызығушылығын арттыру, тілдік кедергілерін азайту, өздігінен сөйлем құрастыруын және сыни ойлауын дамыту көзделеді. Тиімділігін анықтау үшін бастапқы және қорытынды айтылым тапсырмаларын салыстыру, жазба жұмыстарын талдау және өзіндік бағалау парақтарын қолдану ұсынылады.
Қорытынды
Жасанды интеллект оқушыға сөз ұсына алады, бірақ сол сөзге мағына беретін – адамның өзі. Біздің мақсатымыз – технологияны қолдана білетін, сонымен бірге онсыз да ойлана алатын, ағылшын тілінде сөйлейтін және өз пікірін қорғай алатын тұлға тәрбиелеу.
«Технология оқушыға жауап табуға көмектессін, ал мұғалім оған сұрақ қоюды, ойлануды және өз дауысын табуды үйретсін».
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Miao, F., Holmes, W. Guidance for Generative AI in Education and Research. UNESCO, 2023. Дереккөз
2. British Council. Artificial Intelligence and English Language Teaching: Preparing for the Future. 2024. Дереккөз
3. British Council. AI Guidelines for Teachers. 2025. Дереккөз
Қуан Динара Әбдіәшімқызы, «Ғ. Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің