SPACEX ОРБИТАДА МИЛЛИОНҒА ДЕЙІН ЖЕРСЕРІК ҰШЫРУҒА РҰҚСАТ АЛДЫ
Автор: Қалмұрат
ЖИ сурет Сайыпқыран.кз
АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) SpaceX компаниясына орбитада деректерді өңдейтін орталықтар желісін құру үшін миллионға дейін жерсерік ұшыруға рұқсат берді. Бұл туралы Cointelegraph басылымы хабарлады. Жоба жасанды интеллектке (ЖИ) қажетті есептеу қуатын Жерден тыс кеңістікте орналастыруды көздейді.
FCC мәліметінше, Starmind деп аталатын жерсеріктер тобы орбитада есептеу инфрақұрылымын қалыптастырып, Жерде өңделетін ауқымды деректерге және ЖИ-ге деген сұраныстың артуына қызмет етеді. Комиссия төрағасы Брендан Каррдың айтуынша, бұл шешім есептеу инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, деректерді өңдеу қуатын ғарышқа орналастыруға жол береді. Ведомство орбиталық дерек орталықтарын құруға қатысты өзге де ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Алайда FCC басшысы жерсеріктердің нақты қашан ұшырылатынын және жобаның қанша қаржыға түсетінін жариялаған жоқ.
Жоба АҚШ-та ЖИ дерек орталықтарын салуға қатысты қоғамдық қарсылық күшейген тұста қолға алынып отыр. Амхерстегі Массачусетс университеті қыркүйек айында жүргізген сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың 65 пайызы өздері тұратын елді мекенде ЖИ дерек орталықтарының салынуына қарсы болған. Ал бұл бастаманы қолдайтындар үлесі 11 пайызды құраған.
Сондай-ақ осы сауалнама деректері бойынша, дерек орталықтарының құрылысына қарсылық екі партия өкілдері арасында да байқалады. Атап айтқанда, демократтардың 76 пайызы, республикашылдардың 52 пайызы мұндай нысандардың өз елді мекендерінде салынуына қарсы екенін білдірген. Орбиталық инфрақұрылым жерүсті дерек орталықтарына балама бола ала ма деген мәселе алдағы уақытта технологиялық әрі қоғамдық талқылаудың маңызды тақырыбына айналуы мүмкін.