ТАНЫМАЛ ТУРИСТІК ҚАЛАДА ДЕНГЕ БЕЗГЕГІН ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ КӨБЕЙДІ
Автор: Қалмұрат
Безек ауруы, ЖИ сурет. Сайыпқыран.кз
Вьетнамның туристер көп баратын Дананг қаласында денге безгегін жұқтырғандар саны күрт артты. 2026 жылдың басынан бері тіркелген жағдайлар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе көбейген. Эпидемиологиялық ахуал шетелдік туристерге, соның ішінде қазақстандықтарға да қауіп төндіруі мүмкін.
Қаладағы «Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының» мәліметінше, 16–22 қараша аралығында 2 219 жаңа жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы аптадан 15 пайызға көп. Жыл басынан бері науқастар саны 12,5 мыңнан асқан. Инфекция әсіресе Нгу Хань Шон ауданында кең таралған: жыл басынан бері мұнда 1 363 адам ауруға шалдыққан, оның 230-ы соңғы аптада анықталған. Ан Кхе, Дьен Бан Донг және Шон Ча аудандарында да жұқтыру деректері тіркелген. Соңғы аптада 86 жаңа ауру ошағы анықталып, жыл басындағы жалпы көрсеткіш 796-ға жетті. Бұл былтырғы кезеңнен бес есе жоғары.
Дананг қаласының CDC орталығы инфекцияның таралуын тежеу үшін жергілікті билік пен тұрғындарды шұғыл шаралар қабылдауға шақырды. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да денге қаупіне назар аударып, одан қорғанудың тиімді жолы – маса шағуына жол бермеу екенін ескертті.
Айта кетерлігі – Денге безгегі Aedes тұқымдасына жататын жұқтырған масалар арқылы таралады. Оның белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, көз маңының, бұлшықет пен буындардың ауыруы, жүрек айну және тері бөртпесі жатады. Вьетнамға баратын қазақстандықтарға репеллент қолдану, жеңі ұзын киім кию және масадан қорғайтын торы бар, кондиционермен жабдықталған баспанада тұру ұсынылады.