АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ – ЖАҢА БЕЛЕСТЕРДІҢ БАСТАУЫ
Posted by: Қалмұрат
in Білім саласы, Қоғам
01/09/2026
5 Views
Жаңа оқу жылы – бала жүрегіне үміт ұялатып, ұстазға жаңа міндет жүктейтін ерекше кезең. Мақтаарал ауданындағы білім ошақтарында 2026–2027 оқу жылы салтанатты түрде басталып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін білім әлемінің есігі айқара ашылды.
Мырзакент кентіндегі С.Рахымов атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы алғашқы қоңырау рәсімі Мемлекеттік Туды көтеріп, Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды.
Мерекелік шараға аудан әкімі Бақыт Асанов, Түркістан облысы Полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Шамшат, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ердаулет Амантаев және аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асанхан Қошқаров қатысты.
Жиында аудан әкімі Бақыт Асанов ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Ол Білім күнінің әр отбасы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтіп, ұстаздардың ел болашағын тәрбиелеудегі жауапты еңбегіне тоқталды.
– Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер әкелсін! Мектептерімізден білімді, тәрбиелі, елжанды ұрпақ түлеп ұшсын! Ұстаздарымыздың еңбегі жемісті, шәкірттеріміздің қадамы нық болсын! – деді аудан әкімі.
Мерекенің басты кейіпкерлері – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушылары болды. Ақ бантик тағып, қолдарына гүл ұстаған бүлдіршіндер үшін бұл күн өмірлеріндегі есте қаларлық ерекше сәтке айналды. Салтанатты жиында білім мен түрлі байқауларда мектеп абыройын асқақтатқан озат оқушылар марапатталды. Мектеп өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ал мектеп бітіруші түлектер бүлдіршіндерге ақжолтай тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады. «Біртұтас ұлттық тәрбие» бағдарламасы аясында өткен шарада ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру мәселесіне де мән берілді. Көптен күткен алғашқы қоңыраудың үні жаңа оқу жылына жол ашқан жарқын сәт болды.
Жаңа оқу жылында Мақтаарал ауданындағы 61 мектеп 29 мыңнан астам оқушыға есігін айқара ашты. Оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жазғы демалыс кезінде 9 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы және «Жаңа жол» жалпы білім беретін мектептері күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында оқушыларын жаңарған ғимаратта қарсы алды.
Осылайша, Мақтаарал мектептерінде жаңа оқу жылы жаңарған білім ордалары, жаңа мақсаттар мен жарқын үміттермен басталды. Ал алғашқы қоңыраудың үні – мыңдаған шәкірт үшін білімге бастар жолдың, ізденіс пен жаңа жетістіктердің алғашқы қадамы.
2026-09-01