АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК, ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Саясат, Экономика
31/07/2026
3 Views
Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте ауданның санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы, қоғамдық-саяси тұрақтылығы, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және еңбек заңнамасының сақталуы жан-жақты сараланып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – ауданның санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы болды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М. Әшірепиевтің мәліметінше, жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті үш жағдай тіркеліп, оның біреуі зертханалық жолмен расталған. Науқасқа қатысты барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар толық жүргізіліп, байланыста болған азаматтар медициналық бақылауға алынған.
Жалпы, осы кезеңде кене шағуына байланысты 40 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 жағдайға аз. Сонымен қатар ауданның 68 елді мекенінің 30-ы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз аумақ ретінде есепке алынған. Мониторинг барысында жиналған 1850 кенеге жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде қауіпті вирус анықталмаған.
Өз кезегінде «Аудандық ветеринариялық қызмет» мекемесі директорының орынбасары Н. Қуандықов көктемгі маусымда 45 мыңнан астам ірі қара мен 57 мыңнан астам ұсақ малдың кенеге қарсы өңделгенін айтты. Сондай-ақ 886 мың шаршы метрден астам қора-жай мен 870 мың шаршы метрден астам мал суаттары және иірімдері залалсыздандырылған. Дегенмен ауданда бір ғана мал тоғыту орнының жұмыс істеуі профилактикалық шараларды толық қамтуға мүмкіндік бермейтіндігі айтылып, әр ауылдық округте осындай нысан ашу қажеттігі көтерілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі бекітілгенімен, кейбір мекемелерде оның орындалуы әлі де жетілдіруді қажет етеді.
Мәжілісте қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін оқиғалар туралы ақпаратты аудан әкімдігіне жедел жеткізу, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мекемелері және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқаны, этностар тығыз орналасқан елді мекендер бойынша әлеуметтік карталар әзірленіп, жергілікті қоғам белсенділерімен тұрақты кездесулер өткізіліп отырғаны айтылды.
Жиында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы ауданның қызмет тиімділігіне жүргізілген рейтингтік бағалау қорытындылары да қаралды. Экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Тұрашевтің мәліметінше, жыл басында бекітілген 103 индикатордың 86-сы орындалып, 17 көрсеткіш бойынша жоспарлы межеге қол жеткізілмеген. Нәтижесінде Мақтаарал ауданы облыстағы 17 қала мен ауданның арасында 5-орынға тұрақтады.
Орындалмаған көрсеткіштердің себептері жан-жақты талданып, жауапты бөлім басшыларына кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және жоспарлы индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аппараттық мәжілісте еңбек заңнамасының сақталуы да кеңінен сөз болды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н. Елшібаевтың айтуынша, жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде еңбек шарттарын тіркемеген мекемелер саны 130-дан 28-ге дейін азайған. Сонымен бірге зейнетақы жарналарын аудармаған мекемелердің саны 405-тен 153-ке қысқарып, әлеуметтік аударымдары жүргізілмеген қызметкерлер саны 1428 адамнан 689 адамға дейін төмендеген. Бұдан бөлек, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасамаған мекемелермен жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Бақыт Асанов санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кенеге қарсы профилактикалық шараларды күшейту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты тұрақты бақылауда ұстау, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету және еңбек заңнамасы талаптарының мүлтіксіз сақталуын бақылау жөнінде жауапты мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
2026-07-31