ДИҚАН ЕҢБЕГІ – ЕЛ ЫРЫСЫНЫҢ БАСТАУЫ
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы, Жаңалықтар
21/07/2026
5 Views
Жаз – диқан үшін тынымсыз еңбек пен үлкен жауапкершіліктің кезеңі. Дәл осы шақта егістік басындағы әрбір жұмыс болашақ өнімнің тағдырын айқындайды. Мақтааралдық шаруалар шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан, алқапта маңдай терін төгіп, мол өнім алудың қамымен еңбек етуде.
Мақтаарал ауданы – еліміздің аграрлық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Сондықтан мұнда әрбір маусымның өзіндік маңызы бар. Әсіресе, шілде айы мақта мен бақша өнімдерінің тағдырын шешетін жауапты кезең саналады. Қазір аудандағы алқаптарда қоза жаппай гүлдеп, шанақ байлап тұр. Бұл – өнімнің мол қорланатын, әрбір күннің қадірі артатын шақ.
Биыл аудан бойынша 60 330,3 гектар егістік алқабы игерілсе, соның 35 500,6 гектарына мақта дақылы орналастырылған. Мамандардың айтуынша, қоза дәл осы кезеңде жеткілікті ылғал алса ғана мол өнім береді. Сондықтан егістікті уақытылы суару – басты міндеттердің бірі.
Бүгінгі күнге дейін шамамен 12 мың гектар мақталық суарылып, тәулігіне орта есеппен 700–800 гектар алқап ылғалдандырылуда. Дегенмен шілде суының маңызы ерекше болғандықтан, суару жұмыстарын бұдан әрі де қарқынды жүргізу қажет. Бұл ретте «ҚазСуШар» РМК Мақтаарал аудандық өндірістік бөлімшесінің жауапкершілігі айрықша. Себебі ағын суды әрбір шаруа қожалығына дер кезінде әрі жеткілікті көлемде жеткізу – өнімнің тағдырын айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Су бөлу барысында әділдік пен қатаң тәртіп сақталса ғана диқан еңбегі ақталып, мол өнімге қол жеткізуге болады.
Шілде айы – бақша өнімдерін жинаудың да қызған шағы. Уылжып піскен қауын мен қарбызды дер кезінде жинап, сапасын жоғалтпай тұтынушыға жеткізу – оңай жұмыс емес. Сондықтан бүгінгі таңда ауданның өнім қабылдау бекеттерінде қызу еңбек қайнап жатыр.
Жамбыл ауылдық округіндегі қабылдау бекеттерінің біріне бас сұққан жан үйіліп жатқан қауын, тоқтаусыз ағылған тіркемелер мен қимылы шапшаң еңбек адамдарын көреді. Қыз-келіншектер қауынды қағаз жәшіктерге ұқыптап орналастырып жатса, жігіттер өнімді көліктерге тиеп, алыс жолға аттандыруда.
Биыл аудан бойынша 16 128 гектар жерге бақша дақылдары егілді. Қазіргі таңда 24 мың тоннадан астам өнім жиналып, оның 18 мың тоннасы қауын, 5 мың тоннасы қарбыз болды. Ал алдағы күндері 8 298 гектар алқаптағы ашық тәсілмен өсірілген қауынды жаппай жинау басталады.
Мырзашөлдің шіліңгір ыстығында пісіп-жетілген қауын мен қарбыз өзінің ерекше дәмімен тұтынушылардың сұранысына ие. Биыл да өңірдің бақша өнімдері Ресей Федерациясына экспортталып, еліміздің Алматы, Астана, Шымкент және өзге де қалаларының сауда орындарына жөнелтілуде.
Жердің қадірін білетін мақтааралдық диқандар үшін жаз – маңдай тердің сыналар шағы. Аптап ыстыққа қарамастан таңның атысынан күннің батысына дейін алқапта еңбек етіп жүрген шаруалардың қажырлы еңбегі – аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына қосылған қомақты үлес.
2026-07-21