ОЗЕРКИ АУЫЛЫ МЕКТЕБІНДЕ «КІТАПҚА – ЕКІНШІ ӨМІР СЫЙЛА» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Автор: ҚалмұратҚаралым: 271
2025 жылдың 8 желтоқсан күні Абай облысының Жаңа-Семей ауданына қарасты «Озерки ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің» кітапханасында «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы, Партияның «Кітапқа – екінші өмір сыйла» жобасы аясында игі шара ұйымдастырды.
Аталмыш акцияда, мектеп кітапханасына 50-ге тарта мазмұны әр түрлі, құнды әдебиеттер мен энциклопедиялық еңбектер тарту етілді.
Сыйға тартылған кітаптар қатарында:
Қазақ әдебиеті пәні оқулығы;
«Тіл» саласы бойынша әдістемелік құралы;
«Тарих» ғылымына қатысты монографиялық еңбек;
«Президент және Әлем» кітабы;
Халық ертегілер жинағы;
Әлемдік және орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері Франц Кафка, Ромен Роллан, Чарльз Диккенс, Александр Дюма, Шарль Бодлер, Александр Пушкин, Андрей Битов, Александр Блок (бірнеше томдық), Николай Некрасов (көптомдық), Антон Чеховтың шығармалары және басқа да проза мен поэзия классиктерінің туындыларын қамтыған.
Сонымен бірге, әйгілі ғалым, беделді тарихшы «Лев Гумилевтің энциклопедиясы» мектеп кітапханасына арнайы сыйға ұсынылды.
Шараға Абай облысы өңірлік филиалының өкілі Е.Омарғалиев арнайы сапарлап барып, қатысып, мектеп кітапханашысы Динара Сембаеваға және де жалпы ұжымға толайым табыс пен шығармашылық жетістіктер тіледі.
Ізгілікке толы кездесу соңында, қатысушылар өзара естелік фотосуретке түсіп, шара жақсы көңіл күймен тәмамдалды.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.