АУЫЛ ЖАСТАРЫ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Жас буын, Саясат
06/10/2025
140 Views
Елдің дамуы, жердің игерілуі, ұлттық құндылықтың сақталуы – ауылдан басталады. Сол ауылды түлетіп, жаңа биікке көтеретін күш – жастардың қолында. Осы сөзіміздің айқын дәлелі ретінде 3 – 4 қазан күндері Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы көрікті мекен «Тау Самалы» кешенінде «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Auyl Jastary» республикалық жастар форумы өтті.

Бұл форум: еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ауыл жастарының басын қосқан, ой бөлісіп, тәжірибе алмасқан және ортақ мақсатқа жұмылған маңызды дүние есебінен саналады. Форумның ең басты мақсаты – ауыл жастарының білімін, біліктілігін арттырып, ел дамуына белсенді араласуына мүмкіндік жасау. Сонымен бірге, ауыл мен қаланың арасына алтын көпір орнатып, жастар арасындағы тең мүмкіндікті қамтамасыз ету, жаңа идеяларды қолдау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру де осы басқосудың негізгі бағыттарының бірі деуге толық негіз бар.
Бұл шараның бір ерекшелігі, «Ауыл жастары! Еліміздің болашағы – сенің қолыңда! Сенің бастамаң – Қазақстанның жаңа дамуы!» деген ұран форумның рухын айқындап, қатысушылардың жігерін арттырды. Форум барысында, Ауыл жастарының заманауи ойлау жүйесін дамыту, кәсіпкерлікті өрістету, аграрлық саланы жаңғырту және ауылдағы мәдени өмірді жандандыру жолдары кеңінен сөз болды. Жастар өз аймақтарындағы табысты жобаларымен бөлісіп, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
Тағы бір айта кетерлігі, маңызды жаңалықтың бірі – «Ауыл Жастары» жастар қанатының жаңа Логотипі таныстырылды. Жаңа рәміз ауыл жастарының бірлігін, заманауи көзқарасын, отансүйгіш рухы мен жаңашыл идеясын бейнелейді. Бұл логотип – дәстүр мен жаңарудың тоғысын, ауыл мен болашақ арасындағы байланыстың көрінісі ретінде қабылданды. Жастардың жаңа нышаны олардың елдік істерге деген жауапкершілігі мен сенімін айқындады.
Жастардың бойындағы тың энергия мен серпінді сенім – елдің қозғаушы күші.
Форумға еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттармен қатар, «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалы жанындағы «Ауыл Жастары» жастар қанатының белсенділері де қатысты. Абай өңірінің жастары ауыл шаруашылығын цифрландыру, жастар кәсіпкерлігін қолдау, экологиялық мәдениетті дамыту және ауылдағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бағытында өз ойларын білдірді. Олар үшін ауылды дамыту – тек экономикалық емес, рухани миссия. Себебі, Ауыл – ұлттың негізі, ал, сол негізді сақтап, өркендету – әр жастың азаматтық парызы.
Форумда елдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жас марапатталып өтті. Оларға «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медальдар табысталды. Марапатты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, партия төрағасы Серік Егізбаев салтанатты түрде табыстап, жастардың ел өміріндегі маңызды рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде: «Жастарды қолдау – елді қолдау. Ауылдың болашағы – білімді, еңбекқор, елін сүйетін жас ұрпақтың қолында. Ауыл жастары – мемлекеттің сенімді тірегі», – деді.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар ауылды дамытудың нақты тетіктері жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылдады. «Ауыл» партиясы өз кезегінде жастар бастамаларын қолдауға, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға және жас көшбасшылардың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Айта кетейік, жас кәсіпкерлер мен студенттер арасындағы пікірталастар, мотивациялық кездесулер, ауыл экономикасына қатысты шеберлік сабақтары, ойын түрлері, концерттік шаралар өтті.
Бұл форум — ауыл жастарының жаңа толқынының елдік жауапкершілігін сезіндірумен қатар, олардың идеясына тың серпін берді. Түркістан төрінде өткен бұл ауқымды шара ауыл мен ел тағдырының тоғысқан нүктесіне айналды. Мұнда ауылдың болашағын өз қолына алуға дайын, елжанды, ізденімпаз жастардың бейнесі айқын көрінді.
«Auyl Jastary» республикалық форумы – елдің аграрлық келешегін айқындайтын, жастардың күш-қуаты мен сенімін біріктірген бастама! Мұндай форумдар ауыл жастарының жаңа идеялары мен бастамаларының жүзеге асуына жол ашып, олардың әлеуетін мемлекет дамуының негізгі күшіне айналдырады.
Ауылдан басталған арман – елдің болашағына ұласары анық. Өйткені, ауыл – тамыр, ауыл – тірек, ауыл – елдің іргесі. Ал сол ауылдан түлеген жастың әрбір бастамасы – ертеңгі Қазақстанның жарқын келбеті.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
2025-10-06