ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІНЕ ӨЗІНДІК ҮЛЕСІН ҚОСУДА
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Саясат, Экономика
29/07/2025
104 Views
Қазақ халқының ежелден бері атадан балаға мирас болып келе жатқан негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бұл сала – ұлттың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен, салт-дәстүрімен біте қайнасып жатқан көне кәсіп. Осы бағытта еңбек етіп, атакәсіпті жаңа заман талабына сай дамытып жүрген азаматтардың бірегейі – Абай облысы, Семей қаласының тұрғыны Берік Әліпбаев дер едік.
Ол – «Семали» жеке шаруа қожалығының басшысы, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі жылқышы-кәсіпкер. Мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болған азамат қазір, әсіресе, жылқы өсіру мен қымыз өндірісіне ден қойып отыр. Жылқы – халқымыз үшін қастерлі түлік. Сол жылқыдан алынатын қымыз – тек сусын ғана емес, денсаулықтың таптырмас қайнары. Берік осы табиғи өнімді заманауи талаптарға сай өндіріп, нарыққа ұсынуда.
— «Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс айтарлықтай жақсы. Сондықтан, жылқы өсіріп, қымызын сауып, жанұямызбен бірігіп кішігірім шаруамызды дөңгелетіп, еңбек етіп келе жатқан жайымыз бар», – деп бір ауыз өз пікірін ортаға салған Беріктің шаруашылығы қазіргі таңда бірнеше бағытта жұмыс істейді. Ең бастысы – таза, экологиялық өнім өндіру. Оның қожалығында өсірілген жылқы тұқымдары күтіммен бағылады, қымыз табиғи жолмен ашытылады, ешқандай қоспасыз дайындалып, тұтынушыларға ұсынылады. Бұл — қазіргі заманда аса қажет әрі бағалы бастама.
Оның кәсіпкерлік жолы оңай болған жоқ. Алғашқы жылдары кәсіби тәжірибе жинауға, ең қажетті техникалық жабдықтарды құрастырғанша, қаржылай қолдау тапқанша кішігірім қиындықтармен бетпе-бет келді. Алайда, ол, табандылықпен еңбек етіп, уақыт өте келе шаруасын қалыпқа түсірді. Қазір оның шаруашылығында жұмыс орындары бар, ішінара ауыл адамдары жұмыспен де қамтылған, жергілікті экономиканың дамуына да сүбелі үлес қосылып отыр.
Берік мырза – тек табыс табуды мақсат тұтпай, қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен кәсіпкерлік бағытын ұштастырып отырған азамат. Ол ұмыт қалған ұлттық кәсіпті жаңғыртып, ауыл өмірінің мәні мен сәнін сақтап қалуға өз үлесін қосуда. Қымыз өндірісі арқылы халықтың денсаулығына пайдалы өнім ұсынып қана қоймай, шет елдік туристер мен қала тұрғындарының да қызығушылығын тудыруда.
Шаруашылықта бүгінде қымыздың – саумал, жаңа ашытылған қою қымыз, орташа піскен (жартылай ашыған) қымыз, түнемелі немесе бал қымыз және де емдік мақсаттағы сұрыпталған қымыз секілді түрлері өндіріледі. Бұл өнімдер түрлі мерекелік жәрмеңкелерге, ауылшаруашылық көрмелеріне қатысып, жоғары бағаланған.
Ол жастарға кәсіп үйретуді, атакәсіптің қыр-сырын көрсетуді де мақсат тұтады. Оған ауыл арасынан, қала маңынан, қаладан тәжірибеден өтуге келетін жастар бар. Бұл – ұлттық мұраны тек еңбекпен ғана емес, білім мен тәрбиемен жалғастыру деген сөз. Қарапайым ауыл тұрғыны бола тұра, ел игілігі үшін тер төгіп жүрген іскер кәсіпкер, мал өсірудің маңызын ұғынып, ата кәсіпті заманауи деңгейде дамытып отырған бүгінгі күннің өз ісіне берілген нағыз «Еңбек адамы». Оның қожалығы – ауыл шаруашылығы саласындағы табысты жобалардың бірі, ал, өзі – жаңашыл әрі ұлттық болмысын ұмытпаған адал, еңбекқор азамат.
Қорыта айтар болсақ Берік Әліпбаевтың өнегелі жолы – жастар үшін үлгі, ал оның тәжірибесі – ауыл шаруашылығы саласына бет бұрғысы келетіндер үшін нақты бағдар. Мұндай жанкешті еңбегімен ауылды түлетіп жүрген арда азаматтар – елдің болашағы. Олар – нағыз патриоттар!
Ерік Қайратбекұлы,
журналист.
2025-07-29