Home » Әдебиет » БҮЙРЕК

БҮЙРЕК

         Дүниеде алаңсыз бостандықта жалғанды жалпағынан басып, азат басымды бұлт шалмас деген есірік бір сезімнің жетегінде жүрген жанның ойда-жоқта аңдығанның апанына түсіп қалғанынан ауыр соққы жоқ екен. Ақтоғай орман және жан-жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қорықшысы Сейдалы қаржы полициясы қызметкерлерінің құрығына түсіп қаламын деп ойлапты ма?  Бұл жәйт үш ұйықтаса түсіне кірмес.  Оның соңына түскендердің  құрығына ілініп қалуының   өзі аңызға бергісіз.
         Күздің  таңы әлдеқашан атқанымен қамыс-құрақ, қоғаның сөнгелі тұрған шоғындай заңғар көктен талмаусыра қылаңытқан күн көзі жер бүйірін әлі қыздыра қойған жоқ. Ауада дымқыл  сыз бар. Таудан төмен құлап келе жатқан қою тұман  етекке барып жайылып, төрткүл төңіректі тұмшалап тастағысы келгендей екпін алыпты. Сейдалының өң бойы тоңазығандай болды. «Осындай күнде жанынан безген біреу болмаса, орманға, өзен бойына ешкім келе қоймас» деп бір ойлады. «Жата бергеннен не шығады? Басшылар да осындай құбылмалы күнде астарынан су шыққандай кеңселерінен безініп, орман-тоғай, су жағалап кететін әдеттері бар. Қой, неде болса, өзен жақты бір шолып шығайын» деп атына қарай беттеді. Торы аты жүріс тілеп тұрғандай, иесін көріп, алдыңғы аяғымен жер тарпыды. Атына ер салып, үстіне лып етіп жеңіл көтерілді.  Торы ат былай шыға бөкен желісіне басты. Сейдалының көңілі шалқыды  Қоңыр дауысымен баяу ғана бір ән бастап еді, екінші шумағы есіне түспей, соңын «әлеуләйіммен» аяқтай салды.
        Сейдалы ұзын бойлы, сом денелі жігіт. Даланың аптабы мен аязына күйген беті қашанда күреңітіп тұрады. Қара күрең жігіттің көзі өткір, қияндағыны қапысыз шалады. Атының үстінде бойын тік ұстап, аяғын үзеңгіге шірей тіреп, мойнына мылтық асынып, айналасын мұқият шолып келе жатқан ол сырт көзге шекарашыдан аумайды. Оның осы  сұсты түрінен былайғы жұрт сескеніп те жүреді. Сондықтан оның бақылауындағы аймаққа жүрегінің түгі бар батырсынғандар немесе ежелден таныс-білістері болмаса, басқалары аттап баспайды. Дегенмен, сақтық та жақсы. Аң-құсты кезенгеннің кесір–кесапатынан сақтау қорықшының басты мақсаты. Орман-тоғай арасынан жоғалған малын іздеп, ағаш, бұталарды аяусыз жапырып сындырып кететін жаны ашымас жортуылшылар да табылады.
         Күн тас төбеге тырмысқанда тұман  ыдырай бастады. Әлден соң көз жетерлік жер шайдай ашылып, төңірек түрленіп сала берді. Торы ат сүріншектеуін азайтып, тағы да бөкен желісіне басты. Табиғаттың тұнық кейпі торы атқа да толайым шабыт бергендей.
          Ақтоғай атынан да аңғарылып тұрғандай, жыңғыл, сексеуіл, тораңғы, қоянсүйек, қандым, тағы басқа да құмдауыт жерге өсетін өсімдіктерден құралған алқап. Қараағаш, сәмбітал, балқараған тек өзен бойын жағалай өседі. Осылардың барлығы  Ақтоғай орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарайды. Жергілікті тұрғындар тоғай дегенге тосырқай қарайды. Олар «орманға бара жатырмыз», «орманға барып, аң-құс атып келдік» дегенді қолай көреді, мақтаныш етеді.  Ежелден  мақтан сүйетін қазағым атын-қанатым, тазысын-тұйғыным, төбесін-тауым, бұлағын-өзенім, күркесін-алтын сарайым  деп зорайта атауды ар көрмейді. Бәлкім, бұл әлімсақтан бойында бар отансүйгіштігінен, елжандылығынан да шығар.
         Түмен ойдың әр тарау тұңғиығында келе жатқан Сейдалы кенет атының құлағын қайшылап, алдына оқырана қарап кідіргенінен кіді алып қалды. Текті жануар мұндайда босқа елеңдемесе керек. Атының шылбырын тартып, жан-жағына мүқият зер салып еді, оғаш ештеңе байқай қоймады. Кенет алыстан талып мылтық дауысы естілді. «Е, қолайлы сәтті қалт жібермей келген екенсіңдер ғой» деп атын тебінді. Торы ат ішін тартып, ауыздығын шылдыр-шылдыр шайнап, иесінің ойын түсінгендей жүрісін жылдамдатты. Сейдалы атына қамшы салған жоқ.
          Қорықшы қыраттан түсе бергенде-ақ дария бойын қан-қасап жынойнаққа айналдырып, қырғауыл, қаз, үйректі баудай түсіріп қырып салған  броконьерлерді көрді. Тал көлеңкесіне қаңтарған танкідей-танкідей көліктеріне қарағанда, осал адамдар емес екендері аңғарылады. Есірік бір алақұйын сезімнің жетегіне ілескен олар дәл қастарына келген қорықшыны көздеріне де ілмеді. Тіптен, адам келді-ау деп тұрған пенде көрінбейді. Әрқайсысы өз қызығымен әуре. Дария жағасындағы жиналмалы үстел басында екі-үш шүйкебас сыралатып отыр. Палатканың ашық қалған саңылауынан екі адамның аяғы көрінеді. Түнімен құс атып,  ұйқылары қанбаған ба әлде ішімдікке елітіп жатыр ма, бұл арасын өздері біледі. Шашы добырап кеткен  келіншек әлде қыз  балық қуырғалы жатыр-ау шамасы, табақ қыздырып әуре.
         Сейдалының қаны басына шапшыды. Ол мұндай сорақылыққа жол беріп көрген емес. Мейлі кім болсын, оның бақылауындағы тоғайға өзінің рұқсатымен ғана кіретін. Сонда мына шіренбайлар кімдер? Бұлар кімнің шікәрасы? Әрі-беріден соң бұл келімсектер кімді басынбақ?
      –Сендер кімсіңдер?  Бұл жерде  құс атуға кім рұқсат берді?—деп сұрады ол қыздар жақты төңіректеп жүрген шорти киіп алған шомбал қарадан.
     –Бізге бұлай деп әкіреңдеп, сұрақтың астына алатындай өзің кімсің? Бар, жоғалт көзіңді. Әйтпесе, келген жағыңды ұмытып қалып жүрерсің,–деп қарқ-қарқ күлді шомбал қара.
        Ол қорықшының үстіндегі киімінен-ақ жауапты адам екенін аңғаруға тиіс болатын. Бірақ, көпе-көрнеу танымағансып, білмегенсіп аңқаусығаны Сейдалының айқаптағы жынын қозғады. Броконьерлер көптігін малданып тұр. «Жалғыз адам не істей қояр дейсің?» деп тоқмейілсінулері түрлерінен аңғарылады. Сейдалы көз қиығымен есер сезім иелерін санап көрді: олар төрт еркек, төрт әйел екен. Броконьерлердің екеуінде мылтық бар, біреуі ұйықтап жатыр. Үшіншісі суға  қармақ салып отыр еді, дабыр-дүбірді есітіп, бері қарай жүрді.
     –Ей, сен кімсің соншама?  Сірә, сені сорың айдап келген шығар? Көкеңді көзіңе көрсетейін!,-деп бұжыр қара қорықшыға тақала берді.
     –Мен осы орманның қорықшысымын. Міне, құжаттарым. Ал, сендердің құжаттарың қане?-деп Сейдалы төс қалтасынан куәлігін алып көрсетті.
     –Қорықшымен де. Сорлы қарауыл! Ал, сен мына кісілердің кім екенін білесің бе?—деп  бұжыр қара бұған бажырып қарады.
     –Олардың кім екендіктерінде шаруам жоқ. Маған құжаттарыңызды көрсетіңіздер. Аң-құс атуға рұқсаттарыңыз бар ма, жоқ па? Мылтықтарыңыз заңдастырылған ба?-деп қорықшы бұжыр қараға өткір көзін қадады.
     Сейдалының өткір көзі кез келген мықтыны жасытатын еді. Бұжыр қара көзін тайдыра беріп, қайта өршеленді.
     –Сен, ит! Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білмейсің ғой. Білсең, бұлай қоразданбас едің,-деп жаңағы қармақ салып отырған сөзге килікті.
     –Кешіріңіз, кімнің ит екенін әлі көрерміз,-деді Сейдалы атының шылбырын тартып тұрып.
     –Әй, мынау тілі мен жағына сүйеніп қалған заржақ қой. Мұның әкесін танытып жіберейік,–деп бұжыр қара мылтығын кезенді.
        Осы кезде Сейдалы қолындағы арқанын көз ілеспес жылдамдықпен мылтыққа қарай атып жіберді. Талай асауға құрық салып үйренген қорықшының қолы бұл жолы да мүлт кеткен жоқ. Мылтыққа барып оралған арқанды тартып қалғанда бұжыр қара серең етіп құлады. Мылтық қорықшының қолында кетті. Ол екінші мылтықтың қай жерде тұрғанын келген бойы көрген болатын. Атына қамшы басып, екінші мылтықты да жерден іліп алды.
     Осы дабыр-дүбірден  палаткадағы  жуан оянып, көзін сығарайтып, апыр-топыр болып жатқан бұларға аңтарыла қарады.
     –Өңшең жексұрындар! Не болып жатыр өзі?-деп гүр етті ол.
     –Басеке! Мына бір оңбаған келіп, тынышымызды бұзды,-деп манағы бұжыр қара иесіне жағымпазданған иттей палатадан шыққанға мөлие қарады.
     –Сонда бұл неғыл дейді өзі?
     –Құжаттарың қайда? Неге рұқсатсыз балық аулап, аң атасыңдар дейді.
     –Немене біз осыдан сұрап, балық аулап, аң атады ма екенбіз? Қарай гөр өзің! Атынан аударып түсіріп, сазайын тартқызбайсыңдар ма, түге? Ол жалғыз. Сендер болсаңдар, сотқалдай-сотқалдай үшеусіңдар. Бір адамға шамаларың келмейді ме? Қане, неге тұрсыңдар? Жабылыңдар. Оңбағанды байлап менің алдыма алып келіңдер,–деп ақырды ұйқысы оқыс бұзылған шоң қара.
     –Басеке! Мұның мылтығы бар,–деп ит көрген мысықтай баж етті бірі.
     –Ал, сендердің мылтықтарын қайда?
     –Мына бұзақы тартып алды.
     –Екеуің де ме?
     –Иә, екеуің де.
     –Тфу, сенген қойларым сендер болсаңдар,–деп бастық жерге түкірді.
     –Қане, ұстаңдар мұны. Қанша мықты болса да ешқайсымызды ата алмайды. Ату үшін де жүрек керек. Байлап, алдыма алып келіңдер. Мына үйрек сықылды артына піспек тығып, аспанға асып қояйын бұл немені. Болыңдар, өңшең қорқақтар,-деп оянған ояз ақырып қалған еді, үшеуі үш жақтап, қорықшыға қарай мысықтабандап келе жатты.
       Мосқал жасты, бурыл сақал бастықтың үні тым зәрлі еді. Үшеуінің де қарулы қорықшыға тап бермеске амалдары қалмады. Жан шіркін тәтті. Бірақ, нан қиқымын тастап, қолтығының астына алып, қамқоршы болып отырған бастығының алдында қорқақтықтарынан жер болып қаларын ойлаған үрпиген үшеу сыр білдірмеуге тырысып бақты. Олардың тасбақа жүрістеріне күйінген шапыраш көзді бастық жер тепкіледі.
        Осы сәт ошақ басында қырғауыл мен үйректің жүнін тазалап отырған қыздардың бірі топалаң болып жатқан жерге таянып қалған еді. Ол «Айдан басқаның барлығын алып беруге шамам келеді. Екі қолыңды жылы суға малып қоямын» деп қыр соңынан қалмай жүрген жігітінің жасықтығын көріп намыстан жарылып кете жаздады. «Сорлы, екеуіңді де үлде мен бүлдеге орап қоямын дейді ғой, өзі біреудің қолынан боқ жалап жүріп» деп кіжінді. Сосын «Бәйбішесі біліп қойса, менің ит терімді басыма қаптар.  Мына түрімен бұл әйелінің қасында мәймөңкелеп, бір жеріне кіріп кетуден де тайынбас. Осыдан қалаға бір жетіп алсам, бұдан ат құйрығын кесіп, аулақ жүрермін» деп іштей байлам жасады.
     «Қорғандарым, батырларым» деп жанына ертіп келген жасықтардың шарасыз қылықтарын көрген шапыраш көзді шенеунік жерде жатқан бір таяқты ала салып, қорықшыға қарай жүрді. Сейдалы сақтық ойлап, атының басын кері бұрды. Мұны қаштыға жорыған бастық алға ұмтыла беріп, өз аяғына сүрініп оңбай құлады. Мұны көрген үшеудің арындары басылып қалды. Үшеуі үш жақтап бастықтарын сүйемелдеп жатқанда Сейдалы тоғай ішіне кіріп, көзден ғайып болды.
     –Мына баланың көзінің еті өскен екен. Кімге келіп соқтыққанын біле ме екен өзі? Ертең бастығына айтып, алдыма келтіріп, жон арқасынан таспа тілмесем, Қарсыбай атым  өшсін. Қап, бәлем! Сені ме, сені!-деп Қарсыбай жер тоқпақтады.
     Мұнан соң демалыстың күйі кетіп, сәні бұзылды. Балық, үйрек, қырғауыл сорпалары бойға сіңбеді. Үш жалтақбай қанша жерден жалбақтаса  да бастықтың қабағы жібімеді. Ақырында палаталарды жығып, қазан-ошақ, ыдыстарды жинастырып, қалаға көңілсіз қайтуға тура келді. «Қолында мылтығы болмағанда, оны сол жерде жайратып тастар едік» деген үш жантықтың уәжіне Қарсыбай күліп келе жатты.
       Оның көкірегін кек кернеді. Түктенген шұбар беті қошқылданып, аңшылыққа ерте барған үшеуін атарға оғы болмай, оларға жиіркене қарады. Оның ойына «адамын тауып жолдас қыл» деген ежелден келе жатқан мақал түсті.
       Арада төрт-бес күн өткенде Сейдалының үйінің жанына бір көлік келіп тоқтады. Төнеукүнгі оқиғадан соң соңынан адам іздеп келерін қорықшы біліп жүрген болатын. Бірақ, бұлар өткендегі  өктем, өркөкірек адамдарға ұқсамайды.
     –Уа, Сейдалы! Үйдемісің?-деген бастығының дауысын қорықшы жазбай таныды.
     –Саған қонақтар әкелдім,–деді бастығы Нартай өзімсініп.
     –«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады»  деген. Қанеки, төрлетіңіздер,–деді Сейдалы үйге бастап.
     –Жо-жоқ, Сейдалы! Қонақтар қаланың у-шуынан қашып келіп отыр. Бұл кісілерге үйіңді кейін көрсете жатарсын. Әуелі тоғай аралап, дария жағалап дегендей, бой сергітулері керек. Қане, баста!—деді Нартай өзімсініп.
     Бастығы «баста» деп отырғанда Сейдалы қалай тартыншақтайды. Қос көлікке мінген олар құм ішіндегі бұралаң жолмен шаңдатып бара жатты.
     Аңшы біткеннің мына қым-қуыт өмірден жырақ жердегі басты байлығы һәм ерекшелігі—шексіз де шетсіз алаңсыз бостандығы. Аңшылық азапты өмірдің ащы-тұщысын біржолата ұмыттырып, басқа бір ғажайып әлемге самғатады. Тағы бір ерекшелік, аңшы, балықшы біткеннің әңгімелерінің сәт сайын түрленуін мен деген қиялшыл адам айтып бере алмайды. Мұндайда олар шешен де, ақын да болып кетеді.  Түлкіні, қасқырды қалай атып алғанын не қақпанға түсіргенін, балықты қалай аулағанын сағаттап отырып айтқанда көздері ұшқын шашып тұрады. Кейде өз өтіріктеріне өздері алданып қалатын аңшылар да болады.  Серіктерінің сәтті суреттеген аңшылық жорықтарын өзіне теліп, бояу қосып түрлендіріп айтатындар да жетіп артылады. Оларды тыңдап отырсаңыз, басқа дүниені тәрік етіп, тек аңшылықпен айналысып кеткіңіз келеді. Өйткені, біз керемет деп жүрген  дүние—дүрмектің барлығы  аңшылықтың жанында мәні де, сәні де жоқ, құр әншейін далбаса өмір.
       Аңшылық– үміт пен қуаныштың  ордасы. Мұнда жетемін, аламын  деген үміт үзілмейді. Сол үмітіңе қол жеткізгендегі қуаныштың құны қандай! Адам жауырыны жерге тигенше арман құшағында жүреді. Міне, сол арманыңа жеткізетін де, жар сүйгендей қуанышқа кенелтетін де аңшылық. Сондықтан Сейдалы қалада қаңсып отырған адамдардың бір уақыт дала, орман, тау-тасты кезіп, сергіп қайтқандарын хош көреді. «Азап өмірден ғажап өмірге келді ғой» деп оларға барынша қызмет көрсетуге тырысады.
       Ой, несін айтасыз, бұл бір ұмытылмас күн болды. Қонақтар тауды да кезді, өзенді де жағалады. Жай оғындай жарқ етіп аспанға атылған бүркіттің алғырлығын тамашалады. Қыранның шеңгелдей тырнағына тауешкі ілінген.  Қонақтар қара қазанға тамақ істеттіріп, молдас құрып отырып, алдындағы асты сүйсіне де тамсана тауысып ішті. Шілделерінде шырақ көрмеген жандардай барлық нәрсеге тамсанумен болды.
      Осындай бір жадыраңқы сәтте  Нартай қорықшыны оңашалай берді.
     –Өткенде облысымыздың белді бір басшысы уысыңа түскен екен. Солардың қаруын қайтарып беруіміз керек,–деді Нартай қорықшының иығына қолын артып тұрып.
     Бұл оның өзімсінуі еді әрі «басшы уысыңа түсіпті» деп Сейдалыны жорта көтермелегенсіп, тоңын жібітіп алғысы келді. Сейдалы да талайды көрген жырыңды емес пе, «сіз айтсаңыз, біз көндік» деп бастығына қарсыласа қоймады. Нартай насаттанып күлді.
     –Белді азаматтар. Оларға әлі талай күніміз түседі,–деді Нартай думанды ортаға қайтып келе жатып.
     «Бұларға күнім түспей-ақ қойсын». Сейдалының кежегесі кейін тартып, ілгері басқан қадамы кейін кетіп, жүрісі өңбей-ақ қойды.
       Соған көрінген екен дә.
       Қонақтар қайтқаннан үш күн өткенде хабар келді. Хабарды жеткізуші өткенде өзі қонақ етіп жіберген топпен ілесе келгендердің бірі. Аты да есіңде қалыпты.  Айтқали. Өзі иненің көзінен өткендей лыпып тұрған жігіт екен. «Аға, қалаға келіңіз. Сізді жақсылап күтіп жібереміз. Қарсыбай аға өткендегі ағаттықтарына бармағын шайнап отыр. Сізден кешірім сұрамақ. Тек арамызда реніш, өкпе қалмасын» деді жаймашуақтанып. Бұдан кейін Сейдалының көңілінде дық қалмаған.
     Ол белгіленген жерге уақытында келді. Бұл бір базардың маңайы екен. Сапырылысқан адамдар ағыны толастар емес. Ана жерде етікші отыр. Мына жерде алма сатқан адам төңіректі жаңғырта айқайлайды. Маңай у-шуға толы. Құлақ тұнады. Сердалы  «Басқа жер құрып қалғандай, базар маңын неге қолайлы көрді екен?  Үлкен кісінің мақтаулы мейрамханасы қайда?» деп ойлады.
     Сейдалы аңшылардан қапыда қолға түсірген қаруларды иелеріне қайтарып беруі тиіс еді. Оларды көлігінде қалдырды. Көшеде жарқыратып ұстап жүре алмайды ғой енді. Алдынан жайраң қағып хабаршы жігіт шыға келді. Екеуі біраз әңгімелесті.
–Мынаны үлкен кісі сізге бер деп еді,–деп жылтыр жігіт мұның қалтасына әлдене тықпалады.
Сол-ақ екен, манағы етікші, алма сатушы болып отырған жігіттер жетіп келіп, мұның екі қолын артына қайырды.
–Сіз пара алып жатып қолға түстіңіз,–деді куәлігін жылт-жылт еткізген сұп-сұр жігіт.
–Кане, көлігіңізге жүріңіз,-деп оны детектетіп отырып қалдырып кеткен машинасына алып келді.
Бесенеден белгілі, мүнда екі винтовка матаға ораулы тұр.
–Суық қаруды жасырын алып жүргеніңіз үшін де айыпталасыз,–деді жаңағы сұп-сұр жігіт.
      Сейдалы мұндай құқайды көремін деп әсте ойламаған. Жүрегі зірк етіп, өкпесі аузына тығылды. Есеңгіреп қалған ол айналасында не болып, не қойып жатқанын аңғарған жоқ. Білетіні, куәгерлер де дәл жанынан табыла кеткені. «Япырай, мұндай да жауыздық болады екен ғой» деп қорықшы бармағын тістеді. Есіне әкесінің «Қазақтың екі сөзінің бірі у да, екіншісі бал.  Балам, бұларды ажырата біл» деген сөзі түсті. Іші—бауырына кіріп, татуласуға шақырған Айтқали мұншама аяр болар ма? Оны жұмсап отырған бастығы да сау сиырдың жапасы болмағаны ғой. Жауыздар-ай, шексіз бостандықта жүрген мұның азат басын қайда апарып езгілемек?
       Сағаттан басқа дүние  тағылмаған білегін кісен аяздай қарыды. Жан-жақтан аңталап қараған табалаушы топтың ызғарлы көздері мен суық сөздері тоңазыған денесін тітіркентті. Оған барлық ғалам шыр көбелек айналып тұрғандай көрінді. Басы солқылдап, көзі қарауытты. Екі білегінен мықтап ұстаған сақшылар Сейдалыға жаналғыштардай көрінді.
     Ол есін тергеуші бөлмесінде де жия алмады. Әйтеуір бір қағаздарға қол қойдырғаны, содан соң ыржалақтап күлгендері еміс-еміс есінде. Мұнан соң оны камераға әкеліп тықты. Ертесіне уақытша ұстау абақтысына  қамаған. Сейдалының бұралаң соқпақты, азғын азапты күндері осы тұстан басталды.  Тәртіп сақшылары  сырттай сырбаз көрінгенмен, оңашада айуанға айналып кетеді екен ғой. Бірнеше күн бойы оңаша бөлмеде өлімші етіп сабап, камереға сүйреп әкеліп тастайтын. Үсті-басы қан-жоса қорықшы түнімен ыңырсып, дөңбекшіп ұйықтай алмай шығады. Бірақ «осы жігітке обал болды ғой, барып ем-дом жасайыншы» дейтін жанашыр жан табыла қоймады.
        Сейдалы дария жағасында  шабақтарды емес, шортандарды қолға түсіргенін жақсы білетін. Бірақ, олардың мұншалықты кекшіл болатынын ойлай қоймаған. Неткен жауыздар еді десеңізші.  Түрмеге тапсырманың жоғары жақтан түсіп жатқанын іші сезді.  Қарсыбайдың қаһарлы қылышынан оңай құтылмасын біліп, іші қан жылады. Ендігі келешегі, не де болса Қарсыбайдың қолында. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс екенін өзге жұрт та жақсы білетін. Ендеше, одан кешірім сұрап, бас игеннен пайда шамалы.
         Қорықшы құлыншақтай шауып жүрген қос  ұлын, үлбіреп тұрған келіншегін, бауыры Сердалыны ойлап, қамықты. Олардың ендігі өмірі қалай болмақ? Көп күнгі күмәннің тұманы оны ақыл-есінен тандырды. Тірі жан тіршілігін жасайды дегенмен, екі жас баламен жары  Назым қалай күн көреді? Оны «күйеуін сотталып кеткен» деп түртпектеушілер де табылмай қалады деймісің.
       Үмітінен күдігі басым азапты күндердің бірінде оны бауыры Сердалы іздеп келді. Ол ағасын көріп шошынды.
–Аға, жауыздар сізге не істеген? Мұны кім істеді?—деп жылап жіберді.
    –Жылама. Жылағаннан пайда жоқ. Одан да амал қарастырайық,–деді Сейдалы.
    –Ол қандай амал? Аға, мына күзетші, бақылаушы дегендер де шеттерінен  шошқа екен. Қаншама қаржымды сыпырып алып, зорға кіргізді. Енді тез шығып кетуімді талап етіп отыр,–деді  Сердалы өксігін баса алмай отырып.
         Аянар жері қалмаған Сейдалы ендігі жерде нені де болса күтіп алуға дайын. Жағалылар оны қараңғы қапасқа қамап,  дүренің астында қаншама жыққанымен сағын сындыра алмаған. Ұрған сайын өршелене беретін қорықшы шиыршық атып, сыр бермеуге тырысып бақты. Бірақ, кешелі бері оң бүйірін ала алмайды. Дем алса да, оқыс бұрылса да оң бүйірі қақсап қоя береді. Алайда, ол осы мүсәпір қалпын інісіне айтып, оны жасытқысы жоқ.
       Суға кеткен тал қармайды. Сейдалының есіне былтыр бала-шағасымен келіп, дария жағасында үш-төрт күн аунап-қунап кеткен астаналық ағасы түсті. Осы аз күндік дидарласу екеуінің баяғыдан таныс-біліс адамдардай аралас-құралас болып кетулеріне молынан жетті. Үлкен жерден келді дегені болмаса Кәкімжанның мінезі жайлы болып шықты. Артық-ауыс сөзге жоқ, жайдарлы жан. Кейде екеуден екеу қалғанда ауылдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігін сұрап қоятыны бар. Сейдалының әңгімесін ықылас таныта тыңдайды. Қорықшы кейде ауыл адамдарының ауыр жағдайларын тізбектесе, бір бозарып, бір қызарады. Бірақ ештеңе демейді. Кәкімжан күнде ерте тұрып, түрлі шөп теріп қайтады.  Тоғайдағы шөптердің атауларын қойын дәптеріне түртіп алады.
      Осы ағасы қоштасар күні:
      –Сердалы! Барлық ықылас-ниетіңе разымын. Астанаға келсең, жеңгең екеуіміз қатты қуанар едік. Мынау менің мекен-жайым мен телефоным. Кез келген уақытта хабарласа бер,–деп тілдей қағаз ұстатып кеткен.
    –Үйдегі шкаф суырмасында қойын дәптерім бар. Соның ішінде Кәкімжан ағаның телефоны болуы тиіс. Сол кісіге телефон соғып, менің жағдайымды хабарла. Ендігі үміт сол кісіде. Соның бүйрегі бұрмаса, безбүйрек мына қоғамда жақсыға жанашыр жоқ екен,–деді Сердалы қиналып тұрып.
        Күзетші де сайланып тұр екен, оны алдына салып айдап кетті.
       Осыдан соң қанша уақыт өтті, есіңде жоқ, есі кіресілі-шығасылы болып жүрген беймаза күндердің бірінде бұл жатқан камераның есігі сарт етіп ашылды.
     –Тұрғанбаев! Дайындал. Сыртқа!
     Әмірлі үннен зәрежап болған Сердалы тағы да аяусыз соққының астында қалатын болдым ғой деп бүгежіктей берген.
      О, тоба! Бұл жолғы бұйрық та басқаша. Ықылас та басқаша. Тіпті, түрме бастығына дейін келіп, айыпталушыны алақанына салып, бөлмесіне әкелді.
       — Қарсыбай ағаңыз сізден кешірім сұрап жатыр. Айып етпеңіз енді. Мұндай-мұндай болып тұрады. Үлкен кісі ғой, кешірімді болыңыз. Қазірден бастап боссыз. Үстіңіздегі мына қомыттарды осында тастап кетіңіз. Сізге жаңа киімдер әпереміз,-дейді өзін жендеттерге ұстап берген жылтыркөз жылмақай Айтқали арсалаңдап.
         Сердалы өң мен түстің ортасында тұрды. Оң бүйірі шыдатпай шаншып, еденге құлап түсті.
        Ол ауруханада есін жиды. Хирургтер оған бір бүйрегінің істен шыққанын, сондықтан амалмыз алып тастағанын естіртті. Сердалы тағы талықсып кетті.
        Қарсыбайдың қоқиланғаны әлсіздерге ғана екен. Жоғарыдан жарлық келгелі жаңа түскен келіндей аяғының ұшымен жүр. Сердалыны бөлек, оңаша палатаға жатқызды. Жасау-жабдығы келіскен палатада шағын үстелі тамақтың неше түрлісімен сіресіп тұр. Дәрі-дәрмегі дамылсыз ағылып келеді. Сонда да Сердалы үшін ол он сегіз мың ғаламның ең сұмырайындай елестейді. Онымен тағы бір рет тоғайдың арасында жолықпағанына өкінеді. «Қабырғаң тамағымды сырды деп өкінбей етіңді қылғыта жұтар едім» дейді күйініп. Ұйықтап кетсе алдынан Қарсыбай шыға келеді. Ол бірде адам, бірде қасқыр  болып көрінеді. «Жауыз! Иманыңды үйір!» деп ақырып оянады. Мұндайда қара терге малшынып жатады.
         Адам  итжанды емес пе, араға ай салып Сердалы ауруханадан шықты. Қарсыбайдың қолшоқпарлары қошемет көрсетіп үйіне жеткізіп салды. Көп ұзамай жұмысына қайта кірісті.
         Ақтоғайын сағынып қалыпты. Сердалы ертесіне-ақ торы атына ер салып тоғай аралады.  Асықпай ұзақ жүрді. Сиыр сәскеде дария жағалауында аяғын суға малып отырды.
         Шығыстан  жөңкіле көшкен қою бұлт көрінді.  Түйдек-түйдек бұлт әлдеқайда асыққандай бірінің үстінен бірі басып өтіп келеді. Сан мың көрініс сағымдай ыдырап, басқа түрге ауысады.  Сәт сайын мың құбылған зарлы заманның арсыз адамдары-ай, мына бұлттардай бірінді бірін таптап өте шығармысын?  Сердалы соңында қалған сергелдеңнің себебін ойлағанда миы солқ етіп шаншыды.
      Енді біраз отырса қалың нөсер астында қалатынын білетін қорықшы үзеңгіге аяқ салды. Көп жүрген жоқ. Алдынан бір топ жас кезікті. Бұлар да  алдағы қауіптен қашып барады.   Қолдарында атып алған қырғауыл, үйрек, қармақ салып ұстаған балық бар. Әлдеқашан түрменің түбінде шіріді деген қорықшы алдарынан шыға келгенде бірқатарының тілдері күрмеліп  қалды. Көздері бақырайып, сөздері тілі жаңа шыққан балалардікіне ұқсап кетті.
       Сейдалы оларды аяды. «Қасқалдақсыз қалған дарияны шүрегейлер мекендемегенде қайтеді?» деп бір қойды. Қорықшы атын кілт бұрып, кері қарай тартты. Жазасыз қалған жастар жықпыл-жықпылдың тасасымен жанұшырып қашып бара жатты.
        Сейдалы атын тебінді. Көңілі қобалжудан арылмай-ақ қойды. Қалың жынысқа ене бергенде ойпаңда қашып бара жатқан бес-алты қабанды  көрді. Есіне қорықшы  Алексей Федеров түсті. Ана бір жылы байимын деп шошқа асыраған. Бір жолы қонақтармен өзен жағалап, ақыл-есінен арылғанша арақ ішіп, өзегі талғанда үйіне оралған. Қатыны қалаға кеткен еді. Ашқұрсақ шошқалары әуелі торайларын жеп тауысыпты. Енді бір-біріне ауыз салып жатыр екен. Осы оқиғадан соң Алексей де көп ұзамады…
       Алаңсыз бостандық мекені деп былайғы жұрт жұмақ көретін бұғыңқы да бұйығы алқапты да өрт шалды. «Озбырлық пен опасыздықтың ауыздықталар күні болар ма екен? Адамдар неге айуанға айналып барады?» деп Сердалы ауыр күрсінді.
      Ол үйіне жете бергенде тырс-тырс етіп суық тамшылар түсе бастады. Денесі тоңазыды. Сейдалы жоқ бүйрегінің қатты сыздап ауырғанын сезді…
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...