Home » Business » АЛМАТЫДА ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КҮНТІЗБЕСІНІҢ ТҰСАУКЕР САЛТАНАТЫ ӨТТІ

АЛМАТЫДА ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КҮНТІЗБЕСІНІҢ ТҰСАУКЕР САЛТАНАТЫ ӨТТІ

        Бұл туралы Qazaq club хабарлады.1 наурыз күні Алматы қаласының Ұлттық кітапханасында Qazaq club-тың жанындағы Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығының бастамасымен 2024 жылға арналған Ұлттық күнтізбенің тұсаукесері өтті.
         Биылдан бастап бұл шара Ұлттық кітапхана мен Qazaq club-тың жылсайынғы бірлескен шарасына айналады деп жоспарлануда. Шараға ғалымдар мен қоғам белсенділері, Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты. Тұсаукесерде Темірбек Жүрген атындағы өнер академиясының студенттері Жәнібек Мақатан қазақтың көне музыкалық аспабы сыбызғыда «Ағажай Алтайдай жер қайда?» әнін орындаса, Нұрсабек Ұлықбанұлы «Ақбақай» әнін орындап көпшілікті өнерімен тәнтті етті. Бұдан әрі шараның ұйымдастырушысы Qazaq club-тың Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қонай Садықұлы сөз алып, жиналғандарға «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін» әзірлеудегі мақсат-міндеттер жайлы айтып, жұртшылықты Qazaq club және Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығының жұмысымен таныстырды.
          Осыдан кейін Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсаукесер рәсімі өтіп күнтізбенің лентасын Qazaq club-тың Қазақ тілі күнін өткізу комитеті мен ақылдастар алқасының төрағасы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек және Qazaq club-тың Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қонай Садықұлы мен ақын Жұмаш Көкбөрі кесіп, Қазақ күнтізбесіне ақ жол тілеп, оның қазақ қоғамына қызмет етуін тіледі. Шараға арнайы келген Алматы облысы Іле ауданы «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының Аналар кеңесінің мүшелері шашу шашып, ардагер ұстаз «Ұлы дала Анасы» орденінің иегері, батагөй ана Шәрипа Малғаджарқызы Ұлттық күнтізбеге ақжол тілеп, жиналғандарға ақ батасын берді. Осыдан кейін жиналғандар Қазақ күнтізбесіндегі атаулы күндердің мақсат-міндеттері туралы пікір алмасып, ой бөлісті. Тұсаукесер шарасына Алматы облысы Іле ауданы «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалы Аналар кеңесінің мүшелері де белсенді атсалысып, Қазақ күнтізбесіндегі айтулы күндерге шолу жасады.Ардақты ұстаз, Аналар кеңесінің төрайымы Айнагүл Деңгелбайқызы қазақтың бұл күнде сирек қолданылатын салт-дәстүрлері жайлы сөз етті.
         Атап айтқанда, Аналар кеңесінің басшысы, ардагер ұстаз, «Дүние толқын» тәрбиелік мәні бар тағылымды газеттің редакторы болған ұстаз, профессор Баян Ахмет және шараны ұйымдастырушы, Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы Камила Сапархайыр Ұлттық күнтізбедегі қазақтың 14 наурыз – «Көрісу, Амал күні» тақырыбында сөз қозғаса, ардагер ұстаз «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің және «Еңбек ардагері» медалінің иегері жазушы Майра Жылқыбай ханым «Қазақ халқының ұғымындағы киелі сандар» тақырыбында ой бөлісті. Ал заңгер, құқық қорғау саласының ардагері, қолөнер шебері Дәмегүлқажы Өтепқызы сәуірдің соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Ұлттық киімдер күніне орай «Кимешектің қадір-қасиеті» туралы айтса, зейнеткер Мәрия ханым 27 ақпан – Салт – дәстүр күніне орай қазақтың салт – дәстүрлеріне оның ішінде Бес киім салты мен Селт еткізер жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар «Ұлағатты әжелер» ансамблінің мүшесі «Ана жүрегі» медалінің иегері Балапан Қәдірбекқызы болса қазақтың ою – өрнектері жайлы сөз қозғап, жиналған жастарға ғибратты, тағылымы мол сөздерін айтты.
        Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен Қарағанды қаласында Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын. Күнтізбені шығарудағы мақсат ұлт құндылықтарын сақтау мен оларды қоғамда тұрақты насихаттауға жол ашу. Күнтізбедегі атаулы күндер тарихи тұлғалар мен ұлттық тарихымыз үшін құнды даталармен етене байланысып жатыр. Жалпы алғанда, ұлт құндылықтарын сақтау, насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі барлығы 46 атаулы күннен тұрады.
        Атап айтқанда, ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің 27 атаулы күні жазушы Ілияс Есенберлин, тарихшы Ермахан Бекмахан, композитор Нұрғиса Тіленді, ғалым Қаныш Сәтбай, қоғам қайраткері Халел Досмұхамед, ұшқыш Хиуаз Доспан, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы мен Әлімхан Ермек, Сәкен Сейфуллин, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы, ғарышкер Тоқтар Әубәкір, батырлар Рақымжан Қошқарбай мен Мәлік Ғабдуллин сынды тарихи тұлғалардың туған күндері мен олар қатысқан тарихи даталармен сабақтастырылып белгіленген. Сондай-ақ күнтізбеде 8 тарихи оқиға көрініс тапқан, олардың ішінде 1911 жыл – Барлыбек Сырттанұлының бастамасымен Қазақ елінің жарғысы,тұңғыш кәсіби конституциясы жазылған күн, 1920 жыл – Ә.Ермек пен Алаш зиялылары Қазақ елінің шекарасын белгілеу ісін қолға алған дата, 1841 жыл қыркүйек айы – Кенесары Қасымұлының бүкіл қазақтың ханы болып сайланған уақыты, 1991 жыл – Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкірдің ұшқан күні, 1891 жыл 25 қараша – Түркі жазуының құпиясы ашылған күн және еліміздің жаңа кезеңіндегі тарихының айшықты датасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны – ҚР Тәуелсіздік алған күн көрініс тапқан. Сонымен қатар, күнтізбеде 18 ұлттық құндылық насихатталады.
        Қазақ әдебиеті, ұлт денсаулығы, қазақ тарихы, салт-дәстүр, қазақ өнері, ұлттық тағамдар, ұлт қайраткерлерінің еңбегі, ұлттық ойындар, туған жер, Алаш ұраны, ел бірлігі және мемлекеттілік, мемлекеттік тіл, қазақ отбасы, қазақ жігіттері мен қыздары және ақсақалдар институты құндылықтары. Сонымен қатар күнтізбеде барша қазақ халқы үшін қасиетті құндылық, мемлекеттік мереке болып табылатын 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі көрініс тапқан. Сондай-ақ халқымыздың рухани бітім-болмысын паш ететін Қазақ халқы күні бар. Бұған қоса, күнтізбеде қазақтың дәстүрлі 3 мерекесі – Көрісу күні, Амал мерекесі, Әз Наурыз, Қымызмұрындық және 6 салты – Селт еткізер, Кестелі орамал, шаңырақ көтеру, Асар, бата беру, елдік мәселелер айтылған құрылтай насихатталады.
        «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі» халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға қызмет етеді. Ол жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарында, ұлт қазынасын тұрақты түрде насихаттауға және ұлттық насихатты жүргізуді мақсат тұтатын идеологиялық шараларды ұйымдастыруда таптырмас құрал болып табылады. Күнтізбенің басты ерекшелігі оның ұлттық тарих пен салт-дәстүрмен терең үндесіп жатқанында. Биылғы жылға арналған Қазақ күнтізбесі «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club» қаржылай қолдауымен жарыққа шықты.
        «Алдағы уақытта Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін насихаттау мақсатында арнайы акция бастау алатын болады» – дейді клуб мүшелері. 2019 жылдан бастап осы уақыт аралығында Қазақ күнтізбесіне сәйкес ондаған шаралар мен акциялар ұйымдастырылды. Айта кету бұл «Qazaq club» қолға алған ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған 27 жоба болып табылады.

ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН САҚТАУ МЕН НАСИХАТТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН
ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІ

1-2 қаңтар – Жаңа жыл
10 қаңтар – Қазақ әдебиеті және Азаматтық лирика күні
(Бұл күні 1915 жылы қазақтың дарынды жазушысы Ілияс Есенберлин дүниеге келді.)
12 қаңтар – қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев күні
14 қаңтар – Қазақ суретшілері күні
(Бұл күні 1904 жылы суретші Әбілхан Қастей дүниеге келді)
1 ақпан – Ұлт денсаулығы күні
2 ақпан – Қазақ баспасөзі күні
(Бұл күні 1913 жылы «Қазақ» газеті жарыққа шыға бастады.)
9 ақпан – Сардарлар және Ер Бөгенбай күні
15 ақпан – Ұлттық тарих және Тарихи жадыны жаңғырту күні
(Бұл күні 1915 жылы қазақтың дарынды тарихшысы Е.Бекмахан дүниеге келді.)
27 ақпан – Салт-дәстүр күні
5 наурыз – Әлихан Бөкейхан күні
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні
14 наурыз – Көрісу күні, Амал мерекесі
20 наурыз – қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшен күні
22 наурыз – Әз Наурыз
29 наурыз – Қазақ еңбеккерлері күні
(Бұл күні 1896 жылы шопан, малшы-селекционер Жазылбек Қуанышбай туған.)
1 сәуір – Қазақ өнері күні
(Бұл күні 1925 жылы қазақтың дарынды дирижері Н.Тіленді туған.)
7 сәуір – Қазақ спортшылары күні
(Бұл күні 1871 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби спортшысы Қажымұқан Мұңайтпас дүниеге келген.)
9 сәуір – Ұлттық тағамдар күні
12 сәуір – Қазақ ғалымдары күні
(Бұл күні 1899 жылы қазақ ғалымы Қаныш Сәтбай туған.)
15 сәуір –Селт еткізер – Кестелі орамал күні
22 cәуір – Алтын адам күні
(Бұл күні 1970 жылы 22 сәуірде Есік қорғанынан Алтын адам табылды.)
23 сәуір – Сарбаздар күні
(Бұл күні 1918 жылы халық батыры Қасым Қайсен туған.)
24 сәуір – Ұлт қайраткерлері күні
(Бұл күні 1883 жылы қоғам қайраткері Х.Досмұхамед туған.)
Сәуірдің соңғы жексенбісі – Ұлттық киім күні
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
9 мамыр – Жеңіс күні
15 мамыр – Аяулы аналар және қазақ қыздары күні
(Бұл күні 1922 жылы қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспан туған.)
20 мамыр – Қымызмұрындық мерекесі
13 маусым – Қазақ халқы күні
(Бұл күні 1911 жылы Барлыбек Сырттанұлының бастамасымен Қазақ елінің жарғысы,тұңғыш кәсіби конституциясы жазылды.)
25 маусым – Шаңырақ көтеру және Қазақ отбасы күні
30 маусым – Қазақ құрылтайы күні
1 шілде – Сержанттар күні
6 шілде – Астана күні
7 шілде – Аңырақай шайқасындағы жеңіс және Ер Абылай күні
13 шілде – Ұлттық идеология және Ұлт мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі күні
(Бұл күні 2019 жылы Ұлт мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілді)
15 шілде – Ұлы Асар күні
27 шілде – Бабалар күні
7 тамыз – Ұлттық ойындар күні
24-26 тамыз -Туған жер күні
(Бұл күні 1920 жылы Ә.Ермек және Алаш зиялылары Қазақ елінің шекарасын белгілеу ісін қолға алды.)
28 тамыз – қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек күні
(Бұл күні 28 тамызда 1931 жылы – қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек туған.)
30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні
5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсын күні
(Бұл күні 1872 жылы тілші, ғалым Ахмет Байтұрсын туған.)
9 қыркүйек – Алаш ұраны күні
15 қыркүйек- Ел бірлігі және Қазақ мемлекеттілігі қалпына келтірілген күн.
(1841 жылдың қыркүйек айында қазақтың үш жүзінің атынан жиналған ықпалды билер мен сұлтандар Кенесары Қасымұлын ата салт бойынша ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Осылайша, Қазақ хандығы қайта құрылып, қазақ мемлекеттілігі қалпына келтірілді.)
28 қыркүйек – Қазақ жазушылары күні
(Бұл күні 1897 жылы жазушы Мұхтар Әуез туған.)
2 қазан – Қазақ ғарышкерлері күні
(Бұл күні 1991 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкір ғарышқа ұшты.)
15 қазан – Қазақ тілі күні
(Бұл күні 1894 жылы қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин туған.)
19 қазан – Қазақ жігіттері күні
(Бұл күні 1924 жылы батыр Рақымжан Қошқарбай туған.)
26 қазан – қоғам және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасын күні
(Бұл күні 1904 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасын туған.)
1 қараша – Сыртқы және ішкі теріс әсерлерді алдын алу күні.
2 қараша – Қазақ ұстаздары күні
(Бұл күні 1841 жылы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туған.)
15 қараша – Батырлар күні
(Бұл күні 1915 жылы Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин туған.)
25 қараша – Түркі дүниесі күні
(Бұл күні 1891 жылы ғалым В.Томсен Түркі жазуының құпиясын ашты.)
7 желтоқсан – Би-шешен, ақсақалдар және бата беру күні
10 желтоқсан – Қазақ дәрігерлері күні
(Бұл күні тұңғыш кәсіби қазақ дәрігері Мұхамеджан Қарабай туған.)
12 желтоқсан – Алаш идеясы күні
(1917 жылы 12 желтоқсанда Алаш Орда үкіметі құрылды.)
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні
18 желтоқсан – Тәуелсіздік үшін күрескен ұлт қайраткерлерін еске алу күні.
24 желтоқсан – халық батыры Бауыржан Момышұлы күні
(Бұл күні 24 желтоқсан 1910 жылы халық батыры Бауыржан Момышұлы туған.)
        Қарағанды облысының тұрғындары Ұлттық күнтізбені қаладағы Ә.Ермеков дүкенінен сатып ала алады. Кітап дүкені Ә.Ермеков көшесі 52 мекен-жайы бойынша орналасқан.
Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ, журналист. 

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...