Home » Әдебиет » АРАБҚА АҢСАРЫ АУҒАН АРУ

АРАБҚА АҢСАРЫ АУҒАН АРУ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
         – Қарағым, қазақтың қызысың ба?
         Египеттің астанасы Каир қаласында ұшыраса кеткен қызға бәріміз жамыраса осы сұрақты берген едік.
         Сұңғақ бойлы, шаштары керімсал  желмен тарқатыла желбіреп, әнтек жымиған бойжеткен кімді де болсын жалт қаратарлықтай сұлу еді. Оның сымбатты тұлғасына, жаһұттай жанарына, алаулаған жүзіне сүйсіне қарап, «Құдай-ай, осы ару қазақ қызы болып шықса екен» деп тілегеніміз алабұртқан түрімізден де аңғарылған. Тегі, қазақққа ұқсаған халық жер бетінің әр түкпірінен табылады. Кәріс, жапон, якуд бойжеткендері де бір қарағанда өзіміздің қаракөзден аумайды. «Тағы да жаңылысар ма екенбіз?» деп аңтарылып тұрғанда шетелде жолыққан қыз сыңғыр етіп тіл қатты.
         – Иә, ағалар! Әпкелер! Қазақтың қызымын!
         Біз масаттанып қалдық. Қыз болсаң, осындай бол! Тұр-тұлғасы келіскен мынадай бойжеткенді қай ортада да мақтанышпен көрсетуге болатын еді. Өзі ағылшынша, арабша ағып тұр. Орысшасы да жақсы. Әрине, қазақшасы тіптен керемет!
         Сырт елдерге шығып жүргендер жақсы біледі, қандастарды кездестіре қалса, туған бауырың жолықтырғандай бір желпініп қалады. Біз де ертеректе ғайыптан  көз жазып қалған туысымызды, қызымызды тапқандай жүрегіміз жарыла қуандық. Сол қуаныш үстінде жөпелдете жөн сұрадық. Бұл қызымыз оңтүстік астананың тұрғыны екен. Ұшақта әуесерік болып жұмыс істейтінін, шетелге жиі шығатынын  айтып үлгерді. Бұл жолы да жұмыс бабымен келіпті. Ол қызмет жасайтын ұшақ бүгін кері қайтады екен. Аз ғана уақытын пайдаланып Жанару шаһарды аралап жүрген көрінеді.
         Топтағы қыз-келіншектер мен жас жігіттер Жанарумен шүйіркелесіп қалды. Біз шеткерек ығыстық. Әуесерік қыз Мысырдың ерекшеліктерін айтып, қалада жүргенде нені басты назарға ұстау керектігін түсіндіріп жатты. Топтағылардың бірі мұнда қандай заттарды сыйлық үшін алуға болатынын сұрастырса, екіншісі қаланың көрікті жерлерін білгісі келеді.
         Сауалдар жаңбырша жауып кетті. Мұның сыры белгілі де еді. Айдай сұлу Жанаруды жібере салудың өзі қиянаттай көрінген. Үлкендердің бірі оны келін етіп алғысы келетінін білдірсе, жастар жағы дәмелі көңілдерін бүге алмады.
         – Жо-жоқ! – деді Жанару шоқ басып алғандай шоршып түсіп.
         «Иә, мынадай арудың сүйген жігіті болмауы мүмкін емес. Ен салып қойған біреуі бар ғой. Ауылда күтіп отырған шығар» деп ойлап үлгердім. Сөйткенімше Жанару «мен қазақ жігітіне тұрмысқа шықпаймын» деп айтып салғаны.
         – Неге? – деп шу ете қалдық біреу қазанымызды лайлап кеткендей түршігіп.
         – Өйткені, қазақ жігіттерінен көңілім қалды. Сондықтан араб жігітіне тұрмысқа шығуға бел байладым. Осындағы бір араб жігіті көптен сөз салып жүр. Жақында екеуіміздің тойымыз болады, – деді Жанару.
         – Қазақ жігіттерінен неге көңілі қалып жүр? Бес саусақ бірдей емес қой, айналайын. Қазақтың бір жігіті бәлкім жаман шығар. Бірақ жақсы жігіттер толып жүр емес пе? Оның үстіне өз ұлтыңның жігітіне тұрмысқа шығып, қазағыңның санын көбейткенін дұрыс емес пе? Жат жарылқамайды, жаным. Шыққан тегіңді, өскен ортаңды қалай қиясың?  Әлі де ойлан, – деді тобымыздың ересегі Таған.
         – Ата, мен әбден ойланған жанмын. Әрі ойлап, бері ойлап бір тоқтамға келдім. Енді шешімімді өзгертпеймін. Ақылыңызға рахмет! – деп жаңа ғана күлім қағып тұрған Жанару сазарып шыға келді.
         Біз іркіліп қалдық. Мына қызға не айтуға болады? Айта қойғанда да табан астында шешімін өзгерте қояды ма?
         – Ата! – деді Жанару ішіміздегі үлкені Тағанға қарап, –  Өзіңіз де көріп жүрсіз, кім мақтаншақ? Қазақтың жігіттері мақтаншақ. Кім кеудемсоқ? Қазақтың жігіті кеудемсоқ? Кім еріншек? Тағы да қазақ жігіті. Қалтасында көк тиыны жоқ болса да тұмсығы көк тіреп, кісімситін де солар. Жалқаулар да солардың арасында. Алдап кететіндер де, арбап сөйлейтіндер де сол өзіміз. Есіркінің құлы болып, есін жоғалтып жүргендер жөнінде айтпай-ақ қояйын. Сонда сіз мені жалқау, еріншек әрі мақтаншақ, бөспе балаңызға апарып, қосарлап қоймақпысыз? Олардан гөрі иманы бар араб жігіті дұрыс. Олар өтірік айтпайды. Босқа мал да шашпайды. Айтса, орындайды. Сондықтан  көңілім қалаған жігітке уәдемді бердім.
         Елімізден тым шалғай жерде қаршадай қыздан мынадай ауыр сөз естиміз деп кім ойлаған? Байлыққа, баршылыққа қызыққан қаракөздеріміз жаттың есігінде елімізге қайта орала алмай, құса болып жүр. Сонда мына қыздікі не? Әлде шетел көрген жастардың санасы солғын тартып, жалт-жұлт еткен жылтыраққа алданып қалады ма? Қалай дегенде де басқаның салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы өз ұлтымыздыкідей бола алмайды. Ана бір жылы әлеуметтік желілерден қазақтың әдемі бір аруының қара нәсіл ұлтына ұзатылып бара жатқанын көріп, ішіміздің алай-дүлей болғаны бар. Ал, Қытайда бір қазақ өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан қызын той үстінде атып тастамады ма? Бірақ, біздің елдегі қазақ басқа ұлт өкілдеріне тұрмысқа шыққан қыздарын мақтаныш көреді. «Англияда бір қызым тұрып жатыр. Біріккен Араб Әмірлігінде бір қызым бар. Күйеу балаларым мықты» деп кеуде соғады.
         Жанару бізбен асығыс қоштасты. Сірә, бізден қашып құтылғанша асыққан болар?
         Жол ұзақ еді. Жолаушылардың көбі ұйықтап қалды. Менің көзім ілінбеді. Мынадай қол жетпес арман-аруды алып қалмаған бауырларыма ренжідім. Енді өтірік емес қой, Жанарудың айтқандарының жаны да  бар. Бірақ қазақ: «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демей ме? Сол құмалақтарды көрмей, елі, жері үшін адал еңбек етіп жүрген жаны сірі жігіттерді неге елемейді? Иә, қазақ қызы үшін қазақ жігітінен артық бақыт болар ма? Арабқа аңсары ауған арудың мұнысы несі деп оны сырттай сөгіп те келе жаттым.
         Әуежайдан Жанаруды көп  іздедім. Таба алмадым. Ол көкке ұшып кетіпті…

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...