Home » Экономика » Кәсіпкерлік » АСАНДАР МЕН ҮСЕНДЕРДІҢ АРАСЫ

АСАНДАР МЕН ҮСЕНДЕРДІҢ АРАСЫ

            Батыс теоретиктері, саясаттанушылары отарлық езгіде болған елдерге толық тәуелсіздік, мұхтар сана екі ұрпақ ауысқанда ғана келеді дейді. Шындыққа жақын тұжырым. Тарихты безбендесек, мемлекеттік институтымыз жойылып, өз территориямызда арендаторға айналып, аға сұлтан мансабында ғана билікке араласу мүмкін болды. Сол үшін де тоқсан бірдің тарихи шешімін басбармақпен бағалап, тәуелсіздікке тәубе атамыз! Бір өкініштісі, біздің осы мамырстан, аспанында азаттықтың аккорды ойнап тұрған бейбіт қалпымызды қызғанып, диназавр-ұлтқа айналдырғысы келетін деструктивті күштер бар екен. «Алматы траге-диясы» осының куәсі. Еліміздің батыс аймағында әлеуметтік және саяси талаптар қойған бейбіт митингті Алатау, Қаратау бөктері де қолдады. Алайда, «Басы бапан, аяғы сапан болды» дегендей, азаматтық қоғам қойған заңды талапты алағат ой, алапес пиғылды топ алатайдай бүлдіріп, соңы қарақшылық шабуыл мен тонауға ұласты. Ғимараттар қиратылып, көліктер өртелді. Ресми билік атойға қиқу қосқандардың ішінде радикалды діни топтардың, экстремистердің де көп болғанын айтуда. Не керек, қаңтардың қаһарлы күндері қаламызда біздің буынға ақ-қара түсті теледидардан ғана таныс соғыс хроникасын шын өмірде қайта көрдік.
            Иә, халықтың рухы көтерілсе, бағаны төмендетуді талап етеді. 1917 жылғы Октябрь революциясы Санкт-Петербургтегі нан дүкендерінің біріндегі әйелдер наразылығынан тұтанды. Әлеуметтік себеп. Ақыры, «Аврорадан» оқ атылып, елді 300 жыл билеген Романовтар әулеті саяси биліктен кетті. Қарап отырсақ, орманның өртенуіне сіріңкенің бір талы жетіп жатыр. Жаңаөзен қаласындағы халықтың сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылығы еліміздегі саяси климатты өзгертіп, Ақордада ауыс-түйіс болды.
           Мемлекет басшысы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні ҚР Парламентінің жалпы отырысында үкіметтің жаңа басшысының кандидатурасын ұсынып, депутаттар бірауыздан бекітті. Оның тізгіні Әлихан Смайыловқа бұйырды. Үміт оянды, енді сенімді ақтауы керек. Прездентіміз өз мәлімдемесінде экономикалық-саяси, әлеуметтік блоктағы соқтасы толған сыздауықтай жарылғалы тұрған мәселелерді дөп басып, оның шешу жолдарын көрсетті. «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстанның Даму банкінің» белгілі бір таңдаулы топтың – бөкейлер мен дөкейлердің мүддесіне ғана жұмыс істеп кеткенін сынаса, қоғамда үлкен резонанс тудырған утилизациялық алымның пайызы төмендетіліп, мемлекеттік секторға қарауы керектігін астын сыза ескертті. Елдегі бүлікті басып, ауыздықтау үшін ҰҚШҰ-ның күшіне жүгінуіміз әскери әлеуетімізді арттырып, идеологиялық диверсияға төтеп беретін, сенімді, елжанды сарбаздар қатарын көбейту қажетігіне тоқталды. Шетелдік офшорларда аса ірі көлемдегі капиталдарын жасырған олигархтардың пайда болып, соның салдарынан кедейшілік индексі өсіп кеткенін де жасырған жоқ. Конституциямызда көрсетілген барлық құзыретке ие, жаңару мен жаңғыруға бастайтын мемлекет басшысының маңына топтасып, біздер, қазақстандықтар, бұл сын-қатерге толы кезеңді де еңсеретінімізге сенімім мол. Білікті дипломат демократиялық құндылықтардың сақталуына да кепіл болып, алаңға шыққан қоғам белсенділері мен ұрда-жық, жындысүрей топтың аражігі ажыратып, әділ төрелікті қамтамасыз етіп, сөз бостандығы мен пікір еркіндігі салтанат құрады деп үміттенеміз.
           Тоқсаныншы жылдары ОРТ телеканалынан «Америка с Михайлом Таратутой» деген рейтингі жоғары хабар жүретін. Кезекті бір шығарылымындағы сюжет мені ерекше таңғалдырғаны бар. Ығы-жығы халық, айналада аткөпір болып жатқан қызылды-жасылды за¬ттар. Алушыға алты кем, берушіге бесеу көп. Вашингтонның орталық көшелерінің бірінде шағын кәсіп иесі «Кока-кола» сусынының аузы бекітілген бос бөтелкесін 220 доллардан сатып жатыр. 1996 жылдың 4 шілдесі. Тарихтан белгілі, 1776 жылы осы күні Американың Тәуелсіздік Декларациясы қабылданған. Сатушы: «Бұл бөтелкеде Американың 220 жылдық тәуелсіз ауасы бар!» дейді. «Сэм ағайдың» елінің азаматтары сөресіне қоятын қымбат сувенир ретінде жапа-тармағай алып жатыр. Сәтті маркетинг. Идея ақша жасауда. Осы айтылғанға параллель. Алматы. 16 жетоқсан. Тәуелсіздік мо-нументінің алдында тұрып: «Мынау қымыз бен шұбаттың бос пласти¬калық ыдыстарында Қазақстанның 30 жылдық ауасы бар. Келіңіздер, алыңыздар!» десеңіз, әлгі ырғай мойын бос бөтелкелер үшін ешкім 30 теңгесін шығындай қоймайды. Өмірге «Мерседестің» әйнегінен қарайтындарды айтпағанда, «бюджеттің бұзауы» атанып, итке де бір сүйек қарыз болып жүрген мекеме қызметкерлері де жаңажылдық корпоративке қосылуға қаржы табады, ал 30 теңгеге әлгі «бос бөтелкені» сатып алуы екіталай. Демек, бізге идеологиялық жұмысты босаңсытып, марғаулық танытуға әсте болмайды. Журналистиканың үгіт-насихаттық функциясын ұмыт қалдырғанның ұтылары көп.
               Ешбір мемлекетте «Шабуыл министрі» деген лауазым жоқ, барлығы қорғанады. Елді бірлік пен ымыраға шақыратын ақпаратты ақсатудың ақыры автомат асынғандар¬ды көшеңде тайраңдатып қояды. «Еститін үкімет» концепсиясы қағаз жүзінде қалып қоймай, өміршең болатынына сенейік. Елбасы іргетасын құйып, қабырғасын қалаған тәуелсіздігіміз баянды, берекелі болсын! Үш онжылдықта қалыптасқан ортақ отанымыздың әлемдік жағымды келбеті, инвестициялық тартымдылығы жаңа сатыға көтеріліп, дами береді деп үміттенеміз.
Бекжан ӘШІРБАЕВ, ақын.
(«Қазақ әдебиеті» газеті, №1, жұма, 14 қаңтар 2022 жыл).

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...

ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕГІ ЖІТІ РЕСПИРАТОРЛЫҚ ВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК

        ...

12 СӘУІР – ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

       Құрметті ...