ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ АРТА ТҮСЕДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, Кәсіпкерлік, Экономика
14/09/2026
3 Views
Мақтаарал ауданындағы Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан экономикалық аймақ жаңа өндірістерді дамытуға, инвестиция тартуға және тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған ірі жобалардың алаңына айналмақ. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек ауданға жұмыс сапары барысында аталған аумақтағы инфрақұрылымдық жұмыстармен және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Жалпы көлемі 100 гектарды құрайтын экономикалық аймақтың негізгі мақсаты – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа өндіріс орындарын ашу және шекара маңындағы аумақтың экономикалық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану.
Жұмыс сапары кезінде аудан әкімі Бақыт Асанов экономикалық аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Қазіргі таңда аумақты толыққанды іске қосуға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға басымдық берілуде. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз, газ және электр желілерін тарту, байланыс жүйесін жүргізу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, ішкі жолдар салу, аумақты абаттандыру және жарықтандыру жоспарланған.
Экономикалық аймақта жалпы құны 47 миллиард теңгені құрайтын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Жобалар толық қуатына шыққан кезде 845 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндірістерді кезең-кезеңімен іске қосу 2028 жылға дейін жоспарланған.
Жобалардың қатарында ауданның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған өндірістер бар. «Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарласа, «TST JETISAY TEXTILE» ЖШС мақта талшығын өңдеп, иірімжіп өндіретін кәсіпорын құруды көздеп отыр. Ал «Дуншэн Цзиньсин Констракшин Инжиниринг» ЖШС металл бұйымдары, жаңартылатын энергетикаға арналған жабдықтар, құрылыс материалдары мен жиһаз өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Бұдан бөлек, «БНК ГРУП» ЖШС броунфилд жобасын жүзеге асыруды, «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндіруді көздейді. «Kaz Aqua Jem» ЖШС болса, жәндіктер протеиніне негізделген аквамәдениетке арналған экструдирленген жем өндіретін зауыт салуды жоспарлаған. Аталған жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдегі қосылған құны жоғары өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.
Экономикалық аймақтың Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын орналасуы оның маңызын одан әрі арттыра түседі. Мұнда өндірістік кооперацияны дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қолайлы жағдай қалыптасады.
Жұмыс сапары соңында Қанат Қайыпбек экономикалық аймақтағы инфрақұрылымдық жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуына назар аударып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді, инженерлік желілерді тарту жұмыстарын үйлестіруді және кәсіпорындарды жоспарға сәйкес іске қосу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
2026-09-14