РУХАНИ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Руханият
29/07/2026
6 Views

Мақтаарал аудандық Мәдениет үйінде ұлы ойшыл, түркі дүниесінің рухани темірқазығы Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Бұл тағылымды іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өңірлік жоба аясында ұйымдастырылды.
Семинардың басты мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеп, оның тағылымын көпшілікке кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың рухани тәрбиесін нығайту болды.
Аталмыш жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, сондай-ақ белгілі ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Семинарды жүргізген Мұрат Тастанбеков Мемлекет басшысының Ясауи мұрасын жан-жақты зерттеп, кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасына тоқталып, «Ясауи керуені» жобасының Түркістан облысының барлық қала-аудандарын қамтитынын атап өтті.
Іс-шараны ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеудің қоғамдық және саяси маңызына тоқталып, оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін айтты.
Семинар барысында ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасап, ұлы ойшылдың өмірі мен мұрасы жан-жақты сараланды. Теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Қожа Ахмет Ясауи тұлғасының тарихи және рухани болмысын терең талдап, оның түркі өркениетіндегі айрықша орнын атап өтті. Ал «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, қауымдастырылған профессор Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи мұрасының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында сөз сөйлеп, «Диуани хикметтің» адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеудегі мәнін кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар философия докторы Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи ілімінің қазақ халқының ұлттық дүниетанымы мен дәстүрлі құндылықтарымен тығыз сабақтастығын ғылыми тұрғыдан негіздеді. Ал, баяндамалардан кейін шараға қатысушылар арасында еркін пікір алмасу өтіп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, оны жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Семинарды қорытындылаған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы күллі түркі әлемінің баға жетпес қазынасы екенін айта келіп, «Ұлы ойшылдың «Диуани хикмет» еңбегінде көрініс тапқан адамгершілік, әділдік, мейірім мен рухани кемелдену қағидалары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл құндылықтар – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты рухани тұғырлардың бірі. Осындай ғылыми-танымдық кездесулер ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, жастардың рухани тәрбиесін күшейтуге және қоғамда адамгершілік қағидаларын орнықтыруға үлкен серпін береді», – деп атап өтті.
2026-07-29