БЮДЖЕТТІ ИГЕРУ, СУ ҮНЕМДЕУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Ауыл шаруашылығы, Өзекті мәселе
18/06/2026
4 Views
Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлімдердің жетекшілері, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аумақтық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Мәжілісте мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, бюджеттің игерілу деңгейі, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2026 жылдың алғашқы бес айындағы мемлекеттік бюджет қаражатының игерілуі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің бірінші жартыжылдықтағы орындалу барысы болды. Бұл бойынша ауданның экономика және қаржы бөлімі атқарылған жұмыстарға талдау жасап, негізгі көрсеткіштердің орындалу деңгейі мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде баяндама ұсынды.
Жиын барысында бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану, қаржылық тәртіпті күшейту және жоспарланған индикаторлардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аудан басшысы әрбір бюджеттік бағдарламаның сапалы орындалуы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтіп, жауапты сала басшыларына қаржының тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Аппараттық мәжілісте мемлекет мұқтаждығы үшін жер учаскелерін қайтару мәселесі де кеңінен қаралды. Ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндап, заң талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқан рәсімдер мен кездесіп отырған өзекті мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету және құқықтық тетіктерді тиімді пайдалану қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу болды. Мәжілісте 2026 жылға арналған жоспардың орындалу барысы сараланып, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы өнімділікті арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Жауапты сала мамандары тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу, заманауи агротехнологияларды пайдалану және су тапшылығы жағдайында тиімді басқару тәсілдері жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ ауданның егіс құрылымының орындалуы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының қазіргі жай-күйі де жан-жақты талқыланды. Егістік алқаптарындағы агротехникалық іс-шаралардың сапалы жүргізілуі, егіннің күтімі, суару жұмыстары және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бақыт Асанов мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуы, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және ауыл шаруашылығы саласындағы жоспарлардың толық жүзеге асырылуы ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне барлық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, әрбір тапсырманың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді. Әсіресе бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, су ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу және жер мәселелерін заң талаптарына сәйкес шешу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі ескертілді.
2026-06-18