Home » Қоғам » Білім саласы » ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ

ЕР ҚАРУЫ – БЕС ҚАРУ

         Еліміздің тарихында ерлігімен халық есінде қалған батырлар жетерлік. Олар туралы көптеген жыр-дастандар мен әңгімелер бар. Жыр-дастандар арқылы бүгінгі күнге дейін жеткен “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қамбар батыр”, “Ер Қосай”, “Ер Көкше”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғын”, “Күлтегін”, “Қырымның қырық батырынан” бастап өткен ғасырда өмір сүрген жыр алыбы Жамбылдың “Сұраншы батыр”, “Өтеген батыр”, Қ.Бекхожиннің “Науан батыр” дастандары да осындай батырлар жайында айтылған. Болашақ шаңырақ иесін қазақта «Өскенде кім боласың?» деген сұрағына «Батыр болам!» деп нық сеніммен жауап беруі заңдылыққа айналған. Ал енді сол ерлер қолданған қару-жарақтардың кейбіріне тоқталып өтсек.
       «Ер қаруы – бес қару». Осы бес қару – ертеде батырлар, ал кейіннен қазақ ерлері соғыс кезінде немесе аңшылықта бойларына асынған қарулардың жалпылама атауы. Оған: қылыш, сойыл, шоқпар, найза, жақ (садақ). Сойылдың орнына көп жағдайда айбалта да асынған.
        Кесу қаруы – қылыш, семсер, сапы. Қоян-қолтық айқаста кесу міндетін атқаратын қару – қылыш. Сондықтан қазақта «қылыш міндеті – кесу» деген мақал бар. Бұл қарудың ертеде қолданған екі жүзді, түзу түрі «семсер» деп, семсер сияқты түзу, бірақ қылыш сияқты бір ғана жүзі бар түрі «сапы» деп аталған. «Көн садақты, семсерлі, кынапты қара сапылы» («Сырым батырдан») деген жыр жолдары соның дәлелі.
       Қылыш (семсер, сапы) бөліктерінің атаулары мынадай: кесетін темірі – болат, қолға ұстайтын бөлігі «сап» деп аталады. Кесу қаруының алғашқы үлгілері біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ІІІ ғасырлары аралығында жасаған сақ, скиф, сарматтар заманында дүниеге келген. Олардың алғашқы семсерлері қысқарақ – 70 см мөлшерінде жасалған, оны «ақинақ» деп атаған.
       Қазақ батырлары парсылардың «исфахан» қылыштарын да пайдаланып, оларды «наркескен» деп атаған. Наркескендердің болаты алқымынан бастап қайқы болып келеді де, кесу күші жоғары болады. Сол катарда арабтардың «зұлпықар» деп аталатын қылышын да қолданған.
       Соғу қаруы – шоқпар, гүрзі. «Ер қаруы – бес кару» дегендегі қарудың соңғы түрі – шоқпар. Ол ұру, соғу қаруы. Шоқпарды қазақтар соғысқа да, ауыл арасындағы барымта, жанжалдарға да қолданған. Ерте кезде басы тастан жасалған тас шоқпарларда болған. «Тарлан атқа кідіріп, ер салғанша асықты, ат басындай тас шоқпар тақымына басыпты» («Қобыланды батыр») делінеді ескі жырларда.
        Түйреу қаруы – найза. Жақын қашықтықта, қоян-қолтық айқаста түйреу міндетін атқаратын қару – найза. Оның қарсыласты мерт қылатын негізгі бөлігі – басы, қолға ұстайтын жері – сабы. Найзаның ұзын келген, екі басы да үшкір. Сауытты тесуге арналған түрі «сүңгі» деп аталады. Найза сабының қолға ұстайтын тұсына және төменгі жағына қайыстан ілгек жасайды. Жорық кезінде сол ілгектермен қолдың қары мен үзеңгінің басына іліп кояды.
        Найзаға батырлар әртүрлі дәреже белгілері ретінде ту, байрақ, қыл (жібек) шашақтар, жалаулар (желек) таққан. Ту – қолбасылық, байрақ – әскербасылық, батырлық дәрежесінің, жалау – әскер бөліктерінің айыру белгісі. Ал шашақ батырлар белгісі болып саналған. «Жалаулы найза жанға алып» (Ақтамберді), «шашақты найза қанға сүңгіп тұншықпай» (Шақшақ Жәнібек), «Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған, қайраты қаһарланса, құрыштаған» («Қабанбай» жырынан), т.б. міне, осындай жалауына, шашағына, ұстаған туына карап батырлардың дәрежесі парықталып отырған.
       Шабу қаруы – айбалта. Қарудың бұл түрі де сонау сақ заманынан келе жатқан көне қару болып есептеледі. Батырлар жырында «ақ балта», «көк балта», «ала балта» деген сөздер кезігеді. Айбалтаны казақ батырлары көп қолданған. Оны білекке іліп алу үшін бүлдірге бау тағып қойған. Оның белге немесе кісеге іліп қоятын түрлері де болған. Ал ұзақ жорықта айбалталар тақымда, тебінгінің астында жүреді.
       Садақ. Садақтың арғы тегі сақтар дәуірінде дүниеге келген. Тарихта «скифтер садағы», «ғұн садағы», «түркі садағы» деген садақ түрлері кезігеді. Қазақ садағы осылардың біршама дамытылған түрі.
        Бұларға ең соңынан келіп қосылған қарудың бірі – мылтық.  Алғашқы мылтық дәрісінің құпиясын арабтар Қытайдан біліп, ХІІ ғасырда оны өндіріп, оқ-дәрі жасаған. Қазақтар арасында мылтықтың алғашқы түрлері ХV-ХVIІ ғасырда пайда болған. Мылтықтың шиті, бытыралы, білтелі, шүріппелі, опырмалы, қос ауыз, жеке ауыз, көкберен, бесатар тәрізді түрлері болған.
Ербол АЛМУХАНБЕТОВ,
№43 Мыңжасар Маңғытаев ат. ЖББМ-нің тарих пәні мұғалімі.  
Ш.Ділдәбеков ауылдық округі, Жетісай ауданы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...