Home » Қоғам » Білім саласы » ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ – МӘҢГІЛІК ЕЛ!

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ – МӘҢГІЛІК ЕЛ!

          Тәуелсіздік – ұлы мұрат, қастерлі ұғым. Себебі, қаншама халық бұл айтулы күнге жете алмастан тарихи сахнадан біржола жоғалды. Ал, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің әрқайсысы өз мемлекеттілігін құруда сан қырлы белестерден өтті. Қазақ елі де тәуелсіздікке даңғыл жолмен жеткен жоқ.
           Өз кезеңінде алыс-жақын елдерге дербес саяси субъект ретінде белгілі болған Қазақ хандығы көрші алпауыт мемлекеттердің түрлі саяси айла-шарғысының арқасында үш ғасырдан астам уақытқа өз тәуелсіздігін жоғалтып, бодандықтың қамытын кигені тарихтан белгілі. Егеменді ел, Тәуелсіз мемлекет болуды аңсаған халқымыз 200-ден астам көтерілістер мен ұлт-азаттық қозғалыстарды басынан өткерді. Сондықтан, әрбір бүгінгі ұрпақ үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың басы – Тәуелсіздік күні екендігі даусыз, әрі солай болуы да тиіс.
          «ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» тарихи құжатқа дейін еліміз тәуелсіздікке апарар бірнеше маңызды қадамдар жасады. Соның ішінде – 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясын қабылдады. Бұл құжат арқылы тәуелсіздігіміздің құқықтық, идеологиялық және методологиялық негіздері қаланды. Әлемге тұңғыш рет еліміздің егемендігін, республика аумағында Конституция мен заңдарымыздың басымдық алатындығын, территориямыздың тұтастығын, халықаралық қатынастарда еліміздің жеке субъект екендігін, ең бастысы, халықтың Тәуелсіздікке ұмтылудағы батыл ерік-жігерін паш еттік. Нәтижесінде, 1991 жылы 16 желтоқсандағы еліміздің Тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды.
          1993 жылы қабылданған Конституция бойынша мемлекеттік өкімет билігі заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінді. Атқарушы үкімет билігінің біртұтас жүйесін басқаратын Мемлекет басшысы ретінде президенттік билік орнады. Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы және біртұтас (унитарлық) мемлекеттік сипатын алды. 1995 жылғы қабылданған Конституция бойынша егеменді мемлекеттің күшті Президенттік республика құру бағытында дамуы басты стратегиялық мақсатқа айналды. Дүниежүзіндегі көптеген демократиялы елдердің тарихи тәжірибесі көрсеткендей, ел басқарудың бұл түрі биліктің озық үлгісі екендігі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде ерекше дәлелденді.
     Халқымыздың ақталған үміттері мен еліміздің орасан зор табыстарын тізіп шығу әрине, оңай емес. Әлемдік қауымдастықта қуатты мемлекет ретінде танылған Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жалпы мемлекеттік, аймақтық және әлемдік деңгейдегі жобалар мен бағдарламаларды атаудың өзі жеткілікті. Тәуелсіздік – еркіндік, ойыңа алған мақсатыңды іске асыру, ешкімге, ешнәрсеге жалтақтамау, кедергіні жеңе білу. «Егер бастаған ісіңе кедергі жасалса ол қастандық» дейді әл-Фараби.
        Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едәуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше ғасыр отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған, ХХІ ғасырда әлемдік бәсекеге қабілетті дамыған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл күрес пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған ұмтылысының өтеуі.
         Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда бүкіл қазақстандық өз жүрегімен сезінуі және жоғары дәрежеде құрметтеуі тиіс. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры халықтың баға жетпес басты құндылығы, ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы. Біздің стратегиялық міндетіміз ең бірінші тұрғындардың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бұл бағытта атқарылып жатқан игі істер жеткілікті. Бүгінгі күндегі қалыптасып отырған күрделі экономикалық және геосаяси қиындықтарға қарамастан, елімізде ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 13,6 мың АҚШ доллары көлеміне жетіп отыр.
          Өте қысқа тарихи мерзімде қазақ елі бүкіл әлемге тұғырлы да, баянды мемлекет ретінде танылды. Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта 138 мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатып, 45 шетелде елшілік, 6 дипломатиялық миссия, 8 генералдық және 6 консулдық ашты. Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, Юнеско, Дүниежүзілік даму банкі, Азия даму банкі секілді 72 әртүрлі халықаралық ұйымдардың толық дәрежелі мүшесі. 2013 жылы «Тез дамушы рыноктар» жөніндегі «Эрнст энд Янг» баяндамасында Қазақстанды әлемдегі экономикалық өсу қарқыны жоғары жетекші 25 мемлекеттің алдыңғы үштігіндегі Катар және Қытаймен қатар көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел экономикасына 160 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарады.
           Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітіп, шаңырағын тіктеген уақытта еліміздің сан-қырлы жетістіктері ішіндегі екі толайым табысты айрықша атап өтуіміз керек. Оның бірі – түбегейлі экономикалық реформаларды жүзеге асыру негізінде нарықтық қатынастарға көшу, әлемдік экономика үрдісінде өзіндік орынға ие болу, екіншісі – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландыру, адам құқығын қорғаудың халықаралық нормалары мен стандарттарын тану. Осынау екі бағыттағы ізденіс ұлттық тарихи, әлеуметтік-мәдени, тілдік, ділдік тағы да басқа ерекшеліктерді ескерумен жүзеге асты. Бүгінгі өркениеттік таңдауымыздың кемел нәтижесіне көзі жеткен алыс-жақын шет елдердің қазақстандық жол деп жүргені – осы.
          Қазіргі Қазақстан моделі түрлі діндер мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасының бұл тәжірибесі ЕҚЫҰ төрағалығына лайықты екендігіне бірден бір себеп болды. Қазақстанның этносаралық және дінаралық саясатты жүргізудегі жеке тәжірибесі толерантты қоғам принциптерінің қалыптасуына ықпал етіп, ол әлемнің өзге мемлекеттеріне пайдалы болуы да мүмкін. 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстандағы этносаралық қатынастар жетістігін әлемдік қоғамдастық жоғары бағалап отырғаны баршамызға мәлім. Республиканың ұлттық бірлік идеясы төрағалық кезеңнің позитивтік тәжірибесін беретіндігіне көпшілік сенімді. Бұл – саяси кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еліміздің маңызды тарихи басымдығы. Төрағалық ету арқылы Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы мәртебесін жоғарылатуға өз үлесін қосып жатыр. Мемлекеттің дамуына әсер ету барысында қоғамдық өмір-салттың барлық салаларына тұрақтылық қажет. Қазіргі Қазақстан мемлекеттің негізі ретінде тұрақтылыққа жетуді міндет етіп, бекіте түсті.
           Тәуелсіздік – Мәңгілік Елдің тұғыры, жасампаздықтың күретамыры, ел мен халықтың басты ұраны. Түркілік кезең мен Қазақ хандығынан бастау алған 1991 жылғы Тәуелсіздігіміз – бүгін мен келешектің игі мұраты, Мәңгілік Елдің биік шаңырағы.
Қанатбек ЕРГЕШБАЙ ,
№39 «Асықата» жалпы білім беретін мектеп
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
география  пәні  мұғалімі.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...