БАҚЫТ АСАНОВ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ТИІСТІ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар
29/06/2026
3 Views
Мақтаарал ауданы әкімдігі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, дербес бөлімдердің басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аумақтық мекемелердің жетекшілері қатысты.
Бұл жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды. Күн тәртібіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалу барысы, жол инфрақұрылымын ретке келтіру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері енгізілді.
Алғашқы болып аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков баяндама жасап, аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, ирригациялық жүйелер мен арық-атыздарды тазалау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, анықталған кемшіліктер мен оларды жою жолдары да сараланды.
Жиында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қабылдау мақсатында іске қосылған Telegram-боттың тиімділігіне де ерекше назар аударылды. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне азаматтардың өтініштерін уақытылы қарап, көтерілген мәселелердің нақты шешімін қамтамасыз етуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың орындалу барысына арналды. Мәжілісте республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы нысандардың сәулеттік келбетін ретке келтіру, ғимараттардың сыртқы қасбеттерін жаңарту, жарнамалық билбордтарды белгіленген талаптарға сәйкестендіру, қараусыз қалған бетон конструкциялары мен құрылыс қалдықтарын тазалау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ, жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін нысандарды анықтап, оларды жою, жол бойындағы инфрақұрылымды заман талабына сай қалыпқа келтіру бағытында нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі жауапты мекемелерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жойып, жұмыстардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Аппараттық мәжілісте аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл өндіріс саласын дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу, өнеркәсіп әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Баяндама барысында ауданға отандық және шетелдік инвесторларды тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, оларды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешу бағытындағы жұмыстардың жай-күйі кеңінен сөз болды.
Өз кезегінде «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ-нің Мақтаарал аудандық бөлімінің басшысы Мадина Ергешова кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары мен орталықтың алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Ол кәсіпкерлерге кеңес беру, мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру және бизнес жобаларды сүйемелдеу бағытындағы нәтижелерге тоқталды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бақыт Асанов инвестициялық жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге, әрбір жауапты сала басшысына берілген тапсырмаларды мерзімінде әрі сапалы орындауды міндеттеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Аппараттық мәжілісте көтерілген мәселелердің барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына бағытталған нақты міндеттермен түйінделді.
Жиын қорытындысында Бақыт Асанов барлық жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, санитарлық тазалықты сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құрылыс және жөндеу жұмыстарын бақылау, инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Аппараттық мәжілісте көтерілген барлық мәселелер өзінің жеке бақылауына болатынын ескертті.
2026-06-29