МАҚТААРАЛДАҒЫ ШЕКАРА ӨТКІЗУ БЕКЕТТЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТТЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Кәсіпкерлік
30/06/2026
5 Views
Мақтаарал ауданы үшін маңызды жаңалықтың бірі – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің халықаралық мәртебеге ие болуы және тәулік бойы жұмыс істеуге көшуі. Бұл шешім екі мемлекет арасындағы көлік-транзиттік қатынасты дамытуға ғана емес, шекаралас өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да тың мүмкіндік береді.
Жуырда Қазақстан Республикасы Парламентінде «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, депутаттардың қолдауына ие болды.
Құжатқа сәйкес, бұған дейін екіжақты негізде жұмыс істеп келген «Целинный» және «Сырдария» өткізу бекеттеріне халықаралық (көпжақты) мәртебе беріледі. Сонымен қатар, олардың жұмыс уақыты күндізгі режимнен тәулік бойғы қызмет көрсету тәртібіне ауыстырылады. Бұл жаңашылдық шекарадан өтушілерге анағұрлым қолайлы жағдай жасап, өткізу бекеттерінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасындағы тағы бір маңызды өзгеріс – «Целинный» өткізу бекеті арқылы ауыр жүк автокөліктерінің қозғалысына рұқсат берілуі. Мұның нәтижесінде халықаралық жүк тасымалының көлемі ұлғайып, сыртқы сауда байланыстарының кеңеюіне жол ашылады. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мен импорттау үдерісі жеделдеп, кәсіпкерлер үшін логистикалық мүмкіндіктер арта түседі.
Еліміздің көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, қабылданған өзгерістер өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін едәуір жақсартып, жолаушылар мен жүк көліктерінің қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы артып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік-транзиттік байланыс жаңа деңгейге көтеріледі.
Статистикалық мәліметтер де бұл шешімнің өзектілігін айғақтайды. Өткен жылдың өзінде аталған екі өткізу бекеті арқылы 920 мыңнан астам адам мен 85 мыңнан астам көлік өткен. Енді тәулік бойғы жұмыс тәртібінің енгізілуі шекарадағы ұзын-сонар кезектерді азайтып, күту уақытын қысқартады. Нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлердің уақыт шығыны төмендеп, жүк тасымалы үздіксіз жүзеге асырылатын болады.
Бұл өзгерістер ең алдымен шекаралас орналасқан Мақтаарал ауданы үшін айрықша маңызға ие. Географиялық орналасуы жағынан аудан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстың негізгі қақпаларының бірі саналады. Сондықтан өткізу бекеттерінің халықаралық мәртебеге ие болуы ауданның экономикалық белсенділігін арттырып, кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді.
Жаңа жұмыс тәртібі логистика, қоймалау, көлік қызметі, көтерме сауда және сервистік қызмет көрсету салаларының дамуына жол ашады. Сонымен қатар, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасып, өндіріс пен кәсіпкерлік нысандарының көбеюіне мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, халықтың жұмыспен қамтылуына оң әсер етеді.
Шекаралық қатынастың жеңілдеуі туризм саласына да серпін береді. Екі ел азаматтарының өзара барыс-келісі артып, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары, сауда және қызмет көрсету нысандарының жұмысы жандана түседі. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына қосымша мүмкіндік қалыптастырады.
Сарапшылардың пікірінше, өткізу бекеттерінің халықаралық мәртебеге көтерілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, оның халықаралық көлік дәліздеріндегі маңызын күшейтеді. Осылайша, қабылданған шешім шекарадан өтуді жеңілдетіп қана қоймай, Мақтаарал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететін маңызды қадам болмақ.
С.ҚУАНЫШБЕК.
2026-06-30