Home » Әлеумет » ШӘКӘРІМНІҢ ИСЛАМ ЖАЙЫНДАҒЫ КӨЗҚАРАСЫ

ШӘКӘРІМНІҢ ИСЛАМ ЖАЙЫНДАҒЫ КӨЗҚАРАСЫ

Уикипидиядан алынды

Алаштың абзалы Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз өзінің тағылым тұнған туындыларында Алланың ақ жолын барынша насихаттап, ұлтымыздың әділет ұранына айналдырды. Ол өзінің бай мұраларында қасиетті Құранды және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін баяндай отырып, ұрпақты қазақтың ата танымынан, тарих тамырынан ажырамауға үндейді.
Шәкәрімнің дүниетанымының негізгі ерекшелігі дін және руханилық мәселесін қарастыру мен өзіндік рухани-құндылықтық категориялардың жүйесін ұсыну болды. Ойшылдың рухани ізденістері бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан қарасаң да құндылығы мол рухани мұра. Ол адамдар бойындағы имандылық, діни-рухани тазалық мәселелерін қарастыра отырып, бірқатар ұсыныстары мен тұжырымдарын ұсынған. Рухани ұстазы Абай және замандастары сияқты Шәкәрім шығармаларында толығымен адам мен қоғамдық дамудың жолын іздестіріп, ол діннің ақ жолын қоғамдық дамудың рухани негізі ретінде ұсынып, әрбір адамның өмірлік құндылықтық бағдарын айқындауда имандылық пен білімге сүйену, адалдық, адамгершілік заңдарын басшылыққа алу керектігін тұжырымдаған шығармаларының берері мол, рухани туындылар.
Адам өмірі Жаратушының берген сыйы және аманаты болғандықтан пенде өзінің рухани жан дүниесін байытып, парыздарын орындап, ахлағын жетілдіруі тиіс. Жаратушы тарапынан жіберілген діндерде өткінші және мәңгілік дүниелер туралы айтылады. Бұл діндердегі негізгі түсініктердің бірі.
Ислам дінінде бұл дүниеден екінші дүниенің бар екендігіне сену иман шарты болып саналады. Хадисте: «Бұл дүние – ақыреттің егінжайы», ­- деген. Мұсылмандықта өткінші, сынақ дүниесіндегі пенденің әрбір жасаған ісі таразыға салынатындығы айтылады. Жақсы адам бұл ізетті, қарапайым, ар-ұятты бойына жинаған, иман жүзді, салихалы, сабырлы, ибалы адам. Жақсы адам бойында ұлттық және адамзаттық құндылықтар үйлесімді орнығады. Адам баласы жан мен тәннен тұрғандықтан жан мен тән құмарлықтарын қанағаттандыруға ұмтылады. Парасатты, иман жүзді адам нәпсісін тежеп, өзінің адами қасиетін ардақтап ұстайды. Имандылықты ұстанып, обал мен сауапты білу, халал мен харамды ажырату адамзат қоғамы үшін әрқашан да басты ұғым болып қала беру керек.
Шəкəрімнің дін жайында айтар ойы айқын. Ол ешбір дін қиянат жаса, дұшпан бол демейді деп отыр. Ендеше, кінə дінде емес, сол дінді ұстанушылардың оның түп мағынасын түсінбей, дінді қолшоқпарға айналдыруында. Сөйтіп есіл дін бұзылады дейді. Яғни кемшілік дінде  емес, діншілдерде болып отыр. «Құран сырын түсінбей бұрса дағы, жасырылмай жарқырап тұр керемет. Жаман тəпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат» дейді Шəкəрім. Білімділердің, есті азаматтардың діннен тұра қашуының негізгі себебі жаман тəпсірде деп отыр. Дін мен діншілер туралы Шəкəрімнің пікірі осындай.
Шәкәрім – өз ұлтын бар болмысымен сүйген ұлтжанды, өршіл ойшыл. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлап, тұңғыиық терең рухани мұра қалдырған. Ойшыл өзінің «Шошыма, ойым, шошыма» атты өлеңінде былай пайымдайды:
Шошыма, ойым, шошыма,
Келмейді жындар қасыма.
Таһараты жоқ сайтан,
Жоламас менің қасыма.
Қажыма, ойым, қажыма,
Қарама тозған жасыма.
Адаспасаң ақ жолдан,
Қонады бақыт басыңа.
Билет бәрін сабырға,
Кірме ажалсыз қабырға.
Сырласатын күн туар,
Жан қияр жақын тамырға!.
Бұл өлең жолдарында имандылық пен тән және жан тазалығының адам өміріндегі маңыздылығын айқындай келе, діні таза, жаны пәк, иманды жаннан қандай жағдайда да Алланың нұры жауып, бақытқа кенелетіндігіне сенімін білдірді. Осы жолдарда діндегі адамның өз ажалымен бақилық болу мен өзіне қол жұмсау мәселесін көтеріп, адам өмірінде қиындыққа ұшырасқанда барлығын сабырға жеңдіріп, ақ жолдан таймаған жағдайда ғана бақыттың төрі алыс емес екендігін тағы да көрсетеді. Өзі жасынан ислами құндылықтарды бойына сіңіріп, имандылықтың, сабырлықтың, адалдықтың мәні мен маңызын діни тұрғыдан терең түсінген ойшыл, адамдарды имандылыққа, жақсылыққа, сабырлыққа, білім мен ғылым білуге шақырды.
Шәкәрім Ислам дінін – нағыз дін деп таныған, себебі барлық өлеңдеріндегі айтып отырған түпкі ойы Алланы тану, таза жүру, қайырымды іс жасау болып отыр. Алланың хақ діні ол – Ислам діні.
Ш. Құдайбердіұлының теңдесі жоқ еңбегі «Мұсылмандық шарты» кітабында адамдардың хақысы туралы, адамның мінез құлқы, ауыр және кіші күнәлар, Ұлы Жаратушының нығыметіне шүкірлік ету, адамның бойындағы жақсы ниеті, адал істерімен үндесетін Исламның шариғат үкімдерін терең талдайды.
Ғұлама сонымен қатар бұл еңбегінде дініміз Исламдағы парызға, уәжіп пен сүннет амалдарына, мүбах, харам, мәкрүһ қатарлы әрекеттерді нақты мысалдармен жете талдап түсіндіреді.
Қазақтың көшпенді салтындағы кейбір салт пен амал, әрекеттерге дініміздің шариғи ілімдеріне сүйене отырып, түсінік береді. Мұнда мал сою, неке қию, жерге ие болу, аманат, еңбек ақы, өтемдері жайлы мол мағлұмат алуға болады. Шәкәрім атамыз бұларға ұлттық дәстүрмен исламның тоғысатын тұстарынан тарқатып түсіндіреді.
Шәкәрім – Ислам ғұламасы, ислам мәдениетінің ірі қайраткері. Ислам  – имандылық пен салауаттылықтың, зиялылықпен тектіліктің, құралы әрі кепілі екені Шәкәрім саналы өмірінде уағыздап өткен.
Шəкəрім айтып өткендей, Құдай – бар, ұждан – дұрыс, қиямет – шын деуде. Осы Құдай бар деп оған мойынұсынуды Алла Тағалаға иман келтіру дейді. Енді осы айтып отқан иман турасындағы  Шəкəрім атамыздың ойтолғамдарына  назар  аударсақ,  иманның  мағынасы  туралы:  «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне, басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бəрі шындығына анық ақылмен нанбақ» – дейді. Иман турасында Шəкəрім өте көп ой-толғамдар қалдырған. Иманның адамдағы шынайы көрінісін Шəкəрім қиянатсыздық арқылы өлшейді. Оның ойынша, қиянатты болу имансыздықты білдіреді.    «Қиянатың бар болса, иманың жоқ. Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат» – дейді. Немесе тағы бір өлеңінде:
«Тəңір жолы – ақ жүрек, сайтан деген – қиянат» – деп қиянат жасауды сайтанмен теңейді. Шəкəрім осы «Қиянат» ұғымы арқылы сайтанды ұғындырып отыр. Сайтанды бір көріністерден іздемей-ақ осы қиянатшыл адамдардан-ақ көруге болады. «Ешкімге зиян тигізбей, сайтанға беттен сүйгізбей, ғаріптің көңілін күйгізбей, жүрегіңді нұрмен жу» – дегенде де ойшыл адамға зиян келтіруді сайтанға беттен сүйгізумен теңеп отыр емес пе. Сондықтан Шəкəрім осы сайтанға айналмау үшін адамға қиянатсыздық – иман керек деп отыр. Имансыз адам – қиянатшыл сайтан. Діннің де негізгі мақсаты осы қиянатсыз болуға шақыру. Бұл қандай дін болмасын негізгі шарт болып саналмақ.
Ақын көп діндер туралы: «Дін» атты өлеңінде:
Жер жүзінде қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Бұлқалайдепойласам,
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:
Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.
Жаратқанның киесін, – деп адамзат баласының әртүрлі дінге табынып жүргендігін айта келе, адаспауға шақырады.
Қорыта айтқанда, Алаштың абызы Шәкірім атамыз Исламның Хақ жолын өз еңбектерінде терең зерделеп өткен. Ақынның ислам дініне, жаратушы Аллаға сенімі, оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік, біртұтастықты танытады. Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім жаратса – тәуірі сол» – дейді. Тәңіріні іздеу, жаратқан Аллаға сену – ақиқатты іздеу, сол арқылы «ең түпкі жаратушы – мінсіз ие» – деп түйіндеуінен айқын аңғара аламыз. Адам Атадан бастап жер бетіне келіп-кеткен барлық пайғамбарлар Ұлы Жаратушының барлығы мен ақыреттің еш күмәнсіз хақ екендігін жар салса, жүрегі нұрланған күллі ғалымдар мен ұлы ойшылдар бұл сенімге бекем иланып, мына жалған уақытша өмірлерінің ағысын сол бір мәңгі өмірге қарай реттеп, бағыт түзеп ғұмыр кешкен.
А.ЖӘЛЕЛ,
Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы теолог маманы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...