«ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ» – ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Анонсы, Жаңалықтар, Саясат
04/08/2025
4 Views
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының белді мүшесі Таңсәуле Ғабдыманапұлы Серіковтің Абай облысына жасаған іссапары – қазіргі заманғы депутаттық миссияның жаңа үлгісін танытқан, мазмұны терең, ауқымы кең қоғамдық-саяси оқиға ретінде бағалауға тұрарлық. Бұл іссапар – жай ғана кездесу мен танысу емес, өңірдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық, экологиялық және рухани жағдайын терең зерделеген, елдің тынысын тап басып таныған нақты іс-шаралармен өрілген сапар болды.

Халықтың ішінде жүріп, халықтың үніне құлақ асу – басты мақсат
Депутаттың Абай еліне келуіндегі басты мақсат – жаңадан құрылған облыстың тыныс-тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысу, жергілікті халықтың талап-тілегін тікелей өз аузынан есту. Бұл сапар – кабинетте отырып есеппен сөйлейтін саясаткердің емес, ел аралап, елмен бетпе-бет жүздесіп, тың шешімдерге ұмтылатын нағыз халық қалаулысының іскер қадамы іспетті.
Сапардың алғашқы күні-ақ депутаттың жұмыс кестесі тығыз әрі мазмұнды болды. Халықпен тікелей кездесулер, мекемелерді аралау, әлеуметтік жағдаймен танысу, мәдени ошақтарға бару – мұның бәрі өңірдің көпқырлы өмірінен хабар берді.
Әлеуметтік әділеттілік – депутат назарындағы басты бағыт
Депутат Т.Серіков халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді басты бағыттарының бірі ретінде ұстанатынын бірнеше кездесуде нақты көрсетті. Ол Семей қаласындағы Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге арнайы барып, ұжыммен және мекеме тұрғындарымен ашық пікірлесті. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, олардың күтімі, емделу барысы, рухани қолдауы – барлығы назарға алынды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының жұмысымен танысып, емделушілермен жеке сөйлесті. Олар депутатқа тек денсаулығына емес, ішкі рухына да дем берген орталықтың маңызы туралы айтты. Бұл – халыққа жақын болудың, олармен бірге дем алып, бірге тыныстаудың үлгісі.
Рухани құндылықтар мен мәдени мұра – ұлттың жан дүниесі
Абай елі – қазақ руханиятының алтын бесігі. Бұл өлкеде рухтың, сөздің, тарихтың иісі аңқып тұрады. Т.Серіковтің Абай музейіне және тарихи-өлкетану музейіне арнайы баруы – оның рухани мұраға деген ерекше ықыласын білдіреді. Депутат Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлермен танысып, музей қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді.
Ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған көрмелерге қатысуы арқылы мәдениет саласының маңыздылығын атап өтті. Себебі рухани байлықсыз қоғамның ілгері дамуы мүмкін емес. Мұндай кездесулер – тек танысу емес, рухани ағарту мен жаңғырудың тірек нүктесі.
Ауыл – мемлекеттің тамыры. Ауыл шаруашылығы – стратегиялық бағыт
Абай облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті ерекше. Бұл бағытта депутаттың Приречный (Мұздыбай) ауылындағы «Агрофирма Приречное» ЖШС жұмысымен танысуы – ауыл экономикасының жаңа тынысын сезінуге мүмкіндік берді.
Серіктестік жұмысының ерекшеліктерімен танысып, ондағы еңбеккерлермен пікірлескен депутат ауылдың негізгі проблемаларына – суару жүйелері, кадр тапшылығы, өнімді сақтау және нарыққа шығару жолдарына ерекше назар аударды. Ауыл шаруашылығы саласына инвесторлар тарту, жаңа технологиялар енгізу, маусымдық жұмыстан тұрақты табысқа көшу – бұл бағыттар партия бағдарламасының да, депутаттың да негізгі назарындағы міндеттер.
Білім мен ғылым – ел болашағының алтын өзегі
Сапар барысында, депутат Семей медицина университетіне және жаңадан бой көтеріп жатқан мектептерге арнайы барды. Университет ұжымымен кездесу барысында ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен тұрғындарға медициналық көмек көрсету, ғылыми зерттеулердің нәтижесін практикаға енгізу, студенттердің кәсіби дайындығы секілді мәселелер талқыланды.
Жаңадан салынып жатқан білім ордаларының құрылыс сапасына қатысты бірқатар ескертпелер айтылып, жауапты мамандармен ашық пікір алмасу өтті. Мемлекет болашағы – білімді ұрпақ. Сондықтан бұл сала – депутат назарындағы стратегиялық бағыттардың бірі.
Экология – кешегі зұлматтың бүгінгі зардабы
Семей өңірі – ядролық сынақтың ауыр зардабын тартқан аймақ. Бұл – тек жергілікті емес, ұлттық деңгейдегі экологиялық мәселе. Депутаттың «Бейбітшілік аралы» мемориалына тағзым етуі – осы ауыр тарихқа деген құрметі ғана емес, оның салдарын шешуге деген нақты ұмтылысының айқын көрінісі.
«Полигон – 21» қоғамдық ұйымымен кездесу барысында депутат радиация зардаптарымен күрес, халық денсаулығын қорғау, заңнамалық қолдау туралы ұсыныстарды тыңдады.
Партиялық жұмыс – саяси жауапкершілік пен халық сенімінің негізі
Іссапар барысында Т.Серіков «Ауыл» партиясының Абай облыстық филиал мүшелерімен, қолөнер шеберімен, ішінара жергілікті тұрғындармен кездесіп, партия қатарына жаңа мүшелер қабылдады. Қатарға қосылған әрбір адамға төсбелгі мен мүшелік билетті өз қолымен табыстауы – партияның беделін танытқандай әсер қалдырды.
Бұл сапар аясында партияның ұстанымдары мен стратегиялық басымдықтары насихатталды. Жергілікті өкілдермен пікір алмасу, ел ішіндегі кадр мәселесін шешу, саяси ұйымның беделін көтеру жұмыстары сапардың маңызды бөлігі деп топшылауға лайық.
Таңсәуле Серіковтің Абай облысына жасаған іссапары – «Ауыл» партиясының елмен етене байланысын көрсететін ірі мәдени-әлеуметтік шара екенін ұғуға болатындай. Бұл сапар – жай ғана кездесулер тізбегі емес, стратегиялық бағыттарды нақты айқындап, өзекті мәселелерді нақты шешуге бағытталған жүйелі жұмыс.
Әлеуметтік әділеттілік, ауыл экономикасын көтеру, руханиятты сақтау, білім мен денсаулықты дамыту, экологиялық проблемаларды шешу – осының бәрі тек мәлімдеме емес, нақты іспен бекітілген саяси жауапкершілік үлгісі.
Ерік ҚАЙРАТБЕКҰЛЫ,
журналист.
2025-08-04