«ҒҰМЫРЫ ҒАЗАЛ – АҚЫН…»
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әдебиет, Жас буын, Мерекелік шара, Поэзия, Руханият
11/05/2025
142 Views
Семейде жас ақындар арасында – көрнекті ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Абай» журналының бас редакторы болған Мұратбек Оспановты еске алуға арналған поэзия байқауы өтті.
23 сәуір – «Ұлттық кітап күніне» орай Семей қаласының «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мен «Білім бөлімі» бірлесіп, Абай музейінде «Ғұмыры ғазал – ақын…» тақырыбымен қалалық жас ақындар поэзия байқауын ұйымдастырды.
Поэзия мерекесіне айналған бұл рухани шараның мақсаты – оқушы жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдау, сөз өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және көрнекті ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Абай» журналының бас редакторы болған Мұратбек Оспановтың рухын құрметпен еске алу.
Шараның ашылуында Семей қаласының «Мәдениет және Тілдерді дамыту бөлімінің» басшысы Маржан Аманбердіқызы Бахатова сөз сөйлеп, поэзия өнерінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, ол облыстық телеарна мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат беріп, шараның мән-маңызына тоқталды.
Байқауға қатысушылар өз авторлық өлеңдерін «Арнау» және «Еркін тақырып» бағыттарында оқып, көрермен мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Сөз бәйгесіне Семей қаласындағы 8 – 11 сынып оқушылары қатысты.
Әділқазылар алқасы төрайымы – ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, Семей қалалық Мәдениет сарайындағы «Халықтық» ақындар орталығының Жетекшісі Омарбаева Дәмеш Серікбайқызы болды. Әділқазы төрайымы ретінде байқауға ұсынылған шығармаларды саралап, әділ бағасын берді.
Республикалық «Абай» музейінің директоры Сағадиев Ұлан Болатұлы да бұл игі бастамаға өз қолдауын білдіріп, байқаудың қаланың рухани өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Аталған шараның. басты ұйымдастырушысы әрі рухани ұйытқысы – Мұратбек Оспановтың шәкірті, Құнанбай қажы атындағы «Алаш аудармашылар одағының» төрағасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы. Оның ұсынысымен қолға алынған бұл мүшәйра – ұстазға деген шәкірттік құрметтің жарқын көрінісі іспетті.
Шараның ресми демеушісі – Семей қаласының «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі».
Поэзия кешінің мәртебесін көтерген қонақтар қатарында әнші-композитор Береке Слямқұл, дәстүрлі әнші, № 49 «ЖОББМ» Музыка пәнінің мұғалімі Айнұр Әбілқасымова, жас айтыскер ақын, «Халықтық ақындар орталығының» мүшесі Әділет Құсман өнер көрсетіп, жас таланттарға рухани қолдау білдірді.
Сонымен қатар, «Шәкәрім университетінің» Филология факультетінің студенттері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, Мұратбек Оспанов жайлы естеліктерімен бөлісті.
Ақынның аяулы жары – Райхан Әбілмансұрқызы Шарапиева өз атынан «Арнайы жүлде» тағайындап, оны, ақынның «Айна» атты поэзия кітабымен қоса, қатысушылар арасынан «Үздік ақынға» лайық деп таныған жас ақынның екеуіне табыстады. Бұл – отбасылық қолдаудың және ақын мұрасын ұлықтаудың бір көрінісі болды.
Жалпы, «Ғұмыры ғазал – ақын…» мүшәйрасы – жас таланттардың қанатын қатайтқан, поэзияға деген махаббатын тереңдете түскен, тағылымы мол әдеби шара ретінде қаламыздың рухани тынысына ерекше леп әкелді.
Поэзия байқауының жеңімпаздары:
Бас жүлде:
* Биқатаева Диана – №15 «ЖОББМ», 11-сынып.
I орын:
* Жабаев Мерлан – №39 «ЖОББМ», 9-сынып.
II орын:
* Мәденият Ерназар – «Жас Ұлан» арнайы ерлер лицейі, 8-сынып.
* Сағимоллаева Еркежан – №31 «ЖОББМ», 11-сынып.
III орын:
* Касенова Зере – №10 «ЖОББМ», 9-сынып.
* Айдынғалиқызы Аяла – №32 «ЖОББМ», 8-сынып.
* Нәсіпқазы Берік – «Ыбырай Алтынсарин атындағы № 37 Гимназия», 10-сынып.
Мұратбек Оспанов атындағы арнайы жүлде:
* Дәулет Мадина – №32 «ЖОББМ», 8-сынып.
Арнайы жүлде:
*Мақсатқызы Нұрай – №11 «ЖОББМ», 9-сынып.
Ынталандыру сыйлығы:
*Амангелді Сабина – №35 «ЖОББМ», 9-сынып.
«Алаш аудармашылар одағының» баспасөз қызметі.
2025-05-11