Home » PRESS RELEASE » News » Рәміздеріміз төрткіл дүниенің төбесінде шуақтансын десек…

Рәміздеріміз төрткіл дүниенің төбесінде шуақтансын десек…

       Президентіміз қашанда нағыз патриоттармен «Жаңа Қазақстан» құратыны туралы сөз етіп келеді.  Жас еріктілермен болған кездесуінде:
      «Мына жерде тұрған сіздер – мемлекетіміздің патриотысыздар. Отанға деген махаббат бөспе ұран мен бос декларация емес, ол – күн сайынғы еңбек, соның ішінде халық игілігі үшін жан қалауымен қайырымды іспен айналысу. Ол – кең білім, жүріс-тұрыстың биік мәдениеті, оны сіздер іс-әрекетіңізбен, күн сайынғы мәдениетіңізбен көрсетіп жүрсіздер. Мен сіздерді сол үшін құрметтеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
       Бізде осы жолы аталған тақырыпқа қатысты жастарды сөзге тартқан едік.

Патриотизм – әскери немесе құқық қорғау органы қызметкеріне ғана қатысты дүние емес…

Азамат Төлегенов,
ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқарма маманы:
– Әрбір кеудесін өзгеге басқызбайтын ұлттың ұлылығын айтып, тарихи ерліктерін шәкірттерге айтсаң, олардың бойында ерекше мақтаныш сезімі пайда болып, ұлы тарихы мен Отанын қорғау жолында күш-қайратын аямай жұмсауға деген бұла күш пайда болады.
Біз әскери қызметте болғандықтан патриотизм тақырыбына жазылған БАҚ, әсіресе, қазақ тілді ғаламтордағы материалдарды көп қараймыз. «Abai.kz» сайтында тарихшы Керімсал Жұбатқанов «Қазақстан резервтегілер армиясын құрмақшы» мақаласындағы Батыр деген замандасымның «Дұрыс қуана қуана барып орыс пен қытайға және қырғызға соғысқа дайын болуға дайынмын. Жаңа шыққан қару жарақпен марш бросок игеріп дронды көбірек білгім келеді» деген пікір сөзі маған қатты әсер етті. Жалпы, Патриотизм – форма киген әскери немесе құқық қорғау органы қызметкеріне ғана қатысты дүние емес. Ол туған жеріңді, аққан суыңды, өмір сыйлаған ата-анаң мен оттан ыстық Отаныңды шексіз сүю сезімі деген ғаламат ұғымды өз бойыңа сіңіріп өсу. Біз  әскери мектепте болғандықтан патриотизм тақырыбын әр күн емес, минут сайын өз тәрбиеленушілеріміз бойына құйғанды құп көреміз.
Бұл арада айтпағым, Отанымыздың қарыс қадам жерін өзгеге басқызбай  қорғап қалу үшін әскери рухыңды көтеруің қажет. Отан саған қашанда өлмес рух, өшпес қайрат береді. Әскери ойындарға, әлемдік деңгейдегі спорттық сайыстарға қатысып жүрген шәкірттеріміз шынайы жауынгерлік қасиетін көрсетіп жүргенін ұстаз ретінде мақтан етемін. Сарбаздарымыздың қырағылығы мен кәсіби шеберлігін, Отан алдындағы қайсарлығын бойларына дарыту үшін бізде барша жағдай жасалған.
Ұлы мәдениет пен ұлан-ғайыр аумақты сақтап қалуға деген түйсік әрбір шәкіртіміздің жүрегінде түптеліп, күнөлтіп жатыр. Сондықтан Отанды қорғауға деген парызың санаңа оралған тұста, ұлы мәдениет пен өшпес тарихтың ұланы екендігіңді ұмытпау қажет, сол арқылы рухыңды шыңдауың керек дегенді саналарына құямыз.
Біздің шәкірттеріміз үнемі Семей және оған жақын орналасқан әскери бөлімшелер мен бөлімдерге экскурсияға барады. Қоғам мен Отанды қорғаушылардың қызметімен осы бастан танысады. Тап осы қызығушылықтан олардың әскери борышын өтеуге деген, әскери қызметкер атануға арманы, сүйіспеншілігі тамыр жаяды. Мұны біздің оқу-тәрбие процесіміз растап отыр.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің тәуелсіздігінің айқын шыңы!

Ерасыл Сәрсенбай,
Айтыскер ақын:
– Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігінің айқын шыңы және де асқақ мүддесі қаншама елдің жүгін арқалап тар жол тайғақ кешумен қанды өткелдің құрбаны, нар тұлғалы арыс шаһиттарымыздың ғасырлар бойы толғатса да ішіндегі теңдікті, азаттықты, үстемдікті көре алмай келе жатқан жұртымыздың аңсаған арманының нәтижесі.
Рәміздер деген сөз сегіз әріптен ғана тұрғанымен тереңдетсек  орынын сегіз жүз мың сөз де баса алмайды. Себебі неге?!
Біріншіден – ол кез келген мемлекеттің басты символы болатын Ту. Ықлым заманнан төбеміздегі байрақтың негізі көне сақ пен ғұн дәуірінен қанатты қасқырдың бейнесі болып бастау алған. Кейіннен, Қазақ Ордасы құрылып, «үш жұлдызбен» «шексіздіктің мөрі» басылды.  Артынан табиғаттың түрлі мезгіліндей күрт өзгерістерден өттік… Бәлкім, КӨК ТӘҢІРІНІҢ өзі кеңдігіміз бен өр намысымыз үшін осы күнгеде жеткізген шығар, әйтпесе, қаншама халық  тұқым тұяғы қалмай жер бетінен жойылып кеткені жасырын емес. Мінекей, меніңде Көк Тәңір дегенімнің өзі астарлап келсек осы дәуірдегі Көк Туымыздың Таңбасы десекте болады. Көктің құшағында еркін көсілген қыранның қараңғы түнектің мызғымас досымен дұшпаны адамзат пен ғаламзаттың нәрі «Күн» сонсоң, әрине «ұлттық нақышымыз ою» бейнелегенген.
Екінші – Елтаңба – жаһаннамның жартысын  бабаларымызбен бірге басып өтіп бағындырған  жаратылысыңнан айналайын жылқы жануары, күллі сана иелері жаяу жүргенде ең алғашқы болып қолға үйреткенде біз едік. Оның дәлелі Ботай тұрағынан әрімен қарай Алтын адамның жанында алтынмен безендіріліп жерленген тағы да жылқы, голливуд киноларындағы барлығы үрейленетін Кентаврлардың да түп атасы біздер едік. Атой салып қылышпен қырылатын замандардардағы ат үстіндегі қазақтар соғысып жүріп жан тәсілім етсе тірілер ана дүниеде «мінгені пырақ – ұстағаны шырақ» болсын деп тілеген. Қанатты пырақ аңыздардағы ең абыройлы кейіпкер. Осындай теңдесі жоқ ғажайыптардың ғажайып туысқанымыз десек жөн болар. Сондықтанда Елтаңбамызда қанатты пырақтың, уықтың қақ шекедегі  бесжұлдыздың мән мағынасы зор.
Үшінші – Әнұранымыз. Сөзін жазған  Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов, композиторы Шәмші Қалдаяқов есімдері тарих беттерінде тайға таңба басқандай қалары анық.
Мәнді де сәнді ұйтқыған тыныштығымыз сақталып Рәміздеріміз төрткіл дүниенің төбесінде шуақтанып тұра берсін. Елдігіміздің нышыны – Рәміздерімді сүйемін!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев отандық диалог мәдениетін қалыптастыру және қазақ қоғамында өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне үнемі жете тоқталып келеді. Өйткені, мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет екенін жете ұғына бастадық.   «Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді», – деген Президентіміздің сөзін бәрінен жоғары қоямын.

Патриотизмнің тал бесігі отбасы мен мектеп қабырғасы!

Гулжазира Сеитқазина,
Павлодар облысы, Успен ауданына қарасты Лозов ауылында «Ш.Айманов атындағы ЖОББМ» КММ – де Қазақ тілі мен Әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Жалпы «Ерлік» дегеніміз адам баласы бойындағы туа бітетін қасиет болып табылмайды. Оны өзіңді қоршаған қоғамдық орта, және отбасы мен мектеп қабырғасында берілетін дәстүрлеріміз қалыптастырады десем артық айтпаспын.
Б.Момышұлы «Ерлік табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысыңның және абыройыңды ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең үлкен сезімін, азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік, теңдікте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес, қауіп қатерінде бөлісіп, жауды барынша жою, жанға жан, қанға қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу» -дейді. Патриотизмнің тал бесігі отбасы мен мектеп қабырғасы. Шәкірттерге патироттық тәрбие бере алсақ қана өзімізді нағыз ұстазбыз деп сезінуіміз керек.

Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор!

Руслан Кәрібаев,
«Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясы» КММ Қазақ тілі мен Әдебиеті мұғалімі:
– Мектеп қабырғасында оқушыларға «Әскери-патриоттық тәрбие берудің» басқа тәрбие процестерінен өзіндік ерекшелігі бар. Сол себепті балаға дана тұлғаларымыздың өнегелі сөздері мен ұлттық мақал-мәтелдерімізді жаттап өскенін жолға қоюымыз керек.
«Патриотизм, – дейді Б.Момышұлы Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауыпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екеніне, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді». Осы ұлағатты пікірден кешегі өткен ерлердің ерен ерліктерінің ұрпақ жалғастығын табатынын ұғынамыз.
Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор. Егер ата-аналар: «Отанды сүю отбасынан басталады», «Болат қайнауда, батыр майданда шынығады», «Еліңді сүйсең ерлік істейсің», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді», «Ел ырыстың орманы, ер ырыстың қорғаны», «Ел үмітін ер-ақтар, ер атағын ел сақтар», тәрізді мақал-мәтелдерді баласының санасына құйып отырса, ондай ұлан нағыз елін сүйген батыр болып өседі.

Мемлекеттік рәміздерді тани алуымыз біздер үшін өте маңызды!

Диана Биқатай,
Жас ақын:
– Патриоттық сезім – әр адамның туып өскен жеріне деген сүйіспеншілігі, махаббаты. Қай кезде болмасын патриоттық сезім ұлттық болмыстың кепілі. Жастарымыз туған елінің қадір-қасиетін ұғынса, тарихының тереңіне бойлап, батыр бабаларымыздың рухын сезінсе, сонда ғана олардың кеуделерінде отансүйгіштік қасиет жалындайды. Керегесі кең, терезесі тең ұлт болуымыз болашағымызға деген берік сеніммен ұштасқан. Соның аясында мемлекеттік рәміздерді тани алуымыз біздер үшін өте маңызды. Ту, Елтаңба, Әнұран Тәуелсіз Қазақстанның бойтұмары. Туымызды аспанда желбіретіп, Елтаңбаны биікте ұстап, Әнұранымызды шырқап айтсақ ұлтымыз үшін одан асқан бақыт бар ма?! Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу- елімізді құрметтеу. Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті»-деп тайға таңба басқандай айқын жазылған. Яғни, ол біздің перзенттік парызымыз. Тәуелсіздігін әлем таныған Қазақстанның азаматтары өз елінің мемлекеттік рәміздеріне қаншалықты құрметпен қарайды?! Осы отыз жылда егемен елдің жастары отаны үшін намысты азамат ретінде қалыптаса алды ма?! Осындай сауалдар бізді көп ойларға салады. Ата-бабаларымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» – деп айтқандай ұлтымызға деген сүйіспеншілік балабақша мен мектептен бастау алады. Сол сәттен бастап біздің патриоттық сезіміміз оянып, елге қызмет ету керек екенімізді түсінеміз. Осы орайда мен де Мағжандай «Мен жастарға сенемін!» деп ұрандатқым келеді. Болашағымыз жарық, жастардың жүрегінің түбінде туған жеріне деген махаббаты өлшеусіз екеніне сенемін!

Патриоттық тәрбиенің қайнар бұлағы – бұқаралық ақпарат құралы!

Жанерке Рахымжан,
Семей қаласының Медициналық академиясының «Педиатрия» мамандығының 3 курс студенті:
– Өз ойымша, патриоттық тәрбиенің қайнар бұлағы – бұқаралық ақпарат құралы, газет-журналдарымыз деп санаймын. Жасыратыны жоқ, дәл қазір жастардың басым көпшілігі мерзімді баспасөз бен кітап оқымайтындығы қауіпті үрдіске айналды. Амал не, кейбіреулерінің есіл-дерті теледидар мен ғаламторға басы бүтін ауған. Жастар мен жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз үшін Республика бойынша кең көлемді әлеуметтік жарнама керек-ақ сияқты. Амал не, осы мәселе менің ойымша бізде әлі мүлдем қолға алынбай жатыр. Дұрысында «Патриоттық тәрбиені» мемлекет міндет етіп қоюы қажет дегенді өз басым баса айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, адами құндылық емес, матриалдық құндылық алға шығып кетті. Қарап тұрсаңыз, жастар қазақпын деп емес, астындағы қымбат көлігімен, басындағы тұрғын жайымен мақтанатын өнер шығара бастады. Осы орайда Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі ойға оралады. Кей кезде қиялыма қанат бітіріп, әрбір қазақтың үйінде жалауша ілініп тұрса деген ойға берілемін.
Түйін: Сөзімізді түйіндей айтсақ, патриотизм дегеніміз – Отанға, туған жерге, ұлттық мəдени ортаға деген сүйіспеншілік. Әрбір жас өз бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау үшін туған жерін, ана тілін, алаштың əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар анасының сүтімен тал бесіктен бойымызға сіңе бастайтынын өзіміз сөзге тартқан жастардан аңғардық.
Ерік ҚАЙРАТБЕКҰЛЫ,
Abai.kz

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...