ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Өзекті мәселе
20/07/2026
3 Views
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың табысын көбейту мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданған «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды құжаттардың бірі саналады.
Бағдарламаның басты мақсаты – халықтың нақты табысын ұлғайту, сапалы жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту және еңбек өнімділігін арттыру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағытта мемлекет жұмыспен қамту саясатын жетілдіруге, шағын және орта бизнесті қолдауға, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жастардың кәсіптік әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Ауылдық жерлерде бағдарламаның маңызы айрықша. Себебі ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін жеңілдетілген несиелер беру, кооперацияны дамыту, шағын өндірістер ашу, мал және егін шаруашылығын қолдау, өнімді өңдеу көлемін ұлғайту секілді нақты шаралар қолға алынуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл экономикасының жандануына ықпал етеді.
Бағдарлама аясында еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, азаматтарды қайта оқыту және жаңа кәсіптерге бейімдеу де маңызды бағыттардың бірі. Заманауи талаптарға сәйкес біліктілігін арттырған азаматтардың тұрақты әрі жоғары жалақы төленетін жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға да бағытталған. Өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіліп, бизнес жүргізудің тиімді тетіктері ұсынылуда. Бұл жеке кәсіптің дамуына ғана емес, өңірлерде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және салық түсімдерінің артуына мүмкіндік береді.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – еңбек қатынастарын заңдастыру және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту. Ресми жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік аударымдары мен зейнетақы жарналары толық төленіп, олардың құқықтарының қорғалуына басымдық беріледі.
Мақтаарал ауданы үшін де бұл бағдарламаның маңызы зор. Аграрлық әлеуеті жоғары өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыру, қайта өңдеу өндірістерін дамыту, инвестиция тарту және шағын кәсіпкерлікті қолдау арқылы халықтың табысын арттыруға мол мүмкіндік бар. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерін тиімді пайдалану – аудан экономикасының тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға негіз болады.
2026-07-20