СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Өзекті мәселе
25/06/2026
6 Views
Мақтаарал ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Осы мақсатта аудан әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды. Комиссия отырысына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков төрағалық етті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық мекемелердің басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған төрт өзекті мәселе қаралып, мемлекеттік органдардың осы бағыттағы атқарған жұмыстары сараланды. Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы баяндама тыңдалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Комиссия отырысында жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта жер заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар кеңінен талқыланды. Сондай-ақ Иіржар және Еңбекші ауылдық округі әкімдері аппараттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта атқарған жұмыстары жөніндегі есептері тыңдалды. Баяндамалар барысында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, профилактикалық іс-шараларды күшейту және мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында қолға алынған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Жиын барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков мемлекеттік қызмет саласында адалдық, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарын берік ұстанудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың басты тетігі – сапалы әрі қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын уақытылы қарап, заң аясында шешім қабылдау. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық бұзушылық анықталған кезде ғана емес, ең алдымен оның алдын алу, қоғамда заңға құрмет пен жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру арқылы нәтижелі болатыны атап өтілді. Осы бағытта мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырумен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізудің маңыздылығы айтылды.
Маңызды жиынның қорытындысында жауапты бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындармен кері байланысты нығайту міндеттелді. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер қызметінің ашықтығын арттыру, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелі түрде іске асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары қабылданған шешімдердің сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
2026-06-25