ОЮ — ӨРНЕК СӘНІМІЗ! ( ҚОШҚАР МҮЙІЗ)
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам
26/11/2024
64 Views
Ата -ана қатысуымен ұйымдастырылған осы іс-әрекеттің мақсаты: қазақтың ұлттық бұйымдары, тұрмыстық қолданбалы заттар туралы түсінік беру. Ою — өрнек туралы мағлұмат беру. Дәстүрлі емес әдіс — тәсілдерді қолдана отырып, саусақпен ою — өрнекті салуды үйрету.Баланың есте сақтау қабілетін, елесін дамыту. Балаларды шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.
Қолданатын әдіс — тәсілдер: Көрсету, түсіндіру, көркем сөз, жұмбақ шешу, ойын ойнату, қайталау, мадақтау.
Көрнекіліктер: Киіз үй, үй жабдықтары әже суреттері; түрлі түсті картоннан қиылған ұлттық киім-кешектер мен жиһаздардың пішіндері; тіс пастасы, дымқыл шүберек.
Ұйымдастырылған іс-әрекеттің барысы:
Амандасу.
Армысың шұғылалы алтын күн!
Армысың мейірімді жер ана!
Сәлеметсіздер ме қонақтар!
Бәріміз күндей жарқырайық!
Бәріміз тату дос болайық!
Кіріспе әңгіме:
Жыл мезгілі туралы; апта күні туралы сұрақтар қою. өткен сабақты қайталау.
Жаңа ұйымдастырылған іс-әрекет:
Бұрынғы кезде біздің ата — бабаларымыз киіз үйде өмір сүрген. Сол киіз үйдің ішінде қазақтың ұлттық тұрмыстық бұйымдарын ұстаған. Қазақтың ұлттық тұрмыстық бұйымдарына сандық, көрпе, жастық, киіз, торсық,; киім-кешектерге — кимешек, кажекей, мәсі, сырмақ жатады.
Қазақтың қай ұлттық бұйымы болмасын, ою — өрнексіз болмаған. Бүгін біздер ою — өрнектің «Қошқар мүйіз» деген түрімен танысамыз. «Қошқар мүйіз» — ата бабаларымыздың отар — отар қойы болсын деген арман тілегін, молшылықты білдіреді.
Тақпақ жаттату:
Қазақта бір ою бар -«Қошқар мүйіз»
Орын алар тұрағы, көрпе — киіз.
Шеберлер осы өрнекпен сәндегенде
Көз тартып құбылады оюымыз.
Қызықты сәт:
Киіз үйде тұратын Әженің үйіне қонаққа бару.
Әженің тапсырмасы:
Жұмбақ.
Кіруге адам батпайды
Затыңды аман сақтайды.(сандық)
Текшелеп төрге
Жиғаным не? (көрпе, жастық)
Тәрбиеші:
Балалар! Қараңдаршы, әжеміздің киім-кешектеріне, жиһаздарына не жетіспейді?
Балалар: Ою — өрнектер.
Тәрбиеші: Олай болса әженің киім-кешектері мен жиһаздарына ою — өрнектермен безендіріп берейік.
Біздер бүгін әдеттегідей бояумен немесе түрлі — түсті қарындаштармен салмаймыз.
Бүгін біз кәдімгі тіс пастасымен, саусақтарымызбен саламыз
Тәрбиеші алдымен өзі үлгі ретінде көрсетеді.
Сергіту сәті:
Орнымыздан тұрайық
Қылқаламды қояйық
Қолымызды созайық
Оңға қарай иіліп,
Белімізді жазайық.
Айналаға қарайық
Отырайық, тұрайық
Бір тынығып алайық.
Тынығып біз болған соң
Әсем сурет салайық
Балалар түрлі — түсті қағаздан қиылған киімдер мен жиһаздарға ою салып болған соң, әжеге сыйға тарту етеді.
Ашық ұйымдастырылған осы іс-әрекетке келген Алтынбектің әжесі балаларға күй тартып берсе, балалар дөңгелене отырып ою-өрнекті жапсырып, бейнелеп берді, ойындар арқылы тапсырмаларды орындады.
Қорытындылау бөлімінде балаларға сұрақтар қойылып, жақсы нәтиже көрсеткен балалар мадақталды.
Пернегүл Рахымжанқызы Айтхожаева,
«Нұр Асықата «бөбекжай-бақшасының әдіскері.
Жетісай ауданы.
2024-11-26