5 мамыр – ҰҚК Шекара қызметінің сапына алынып, әскери өмірдің әліппесімен танысуға кіріскен жас сарбаздар үшін естерінде ерекше сақталып қалатын күн. Өйткені, Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің 600-дей сарбазы Отанына адал қызмет атқаруға салтанатты жағдайда ант берді.

Рәсімге департамент бастығы полковник Ә.Каюпов бастаған қонақтар, Шекара қызметінің ардақты ардагерлері мен бүгін салтанатты сап түзеген сарбаздардың ата-ана, туыстары қатысты. Саптық алаңға Жауынгерлік Ту шығарылған соң қалың жұртшылық тағатсыздана тосқан шара да басталды.

Айту керек, шекарашылар сапына көктем айының бас кезінде алынған сарбаздар мұнда өздерінің жауынгерлік даярлықтарын шыңдап қана қоймай, ел шебіне қажетті мамандықтар да алып шығатын болады. Бұл – аспаз, байланысшы және санитарлық нұсқаушы мамандықтары. Сондай-ақ, Отан алдындағы борыштарын ел шебінде өтеуге дайындалып жатқан сарбаздарды алда зор мүмкіндік күтіп тұр. Атап айтар болсақ, өздерінің жауынгерлік міндеттерін абыроймен өтеген мерзімді қызметтің жауынгерлері өздері қалаған отандық жоғары оқу орындарына тегін түсе алады. Бұған қоса, өзінің саналы ғұмырын ел шебімен байланыстырғысы келетіндер үшін еліміздегі және шетелдік жоғары әскери білім ұстаханаларының есігі айқара ашық. Сөзімізге дәлел, бүгін департамент бастығы Әлібек Каюпов осындай мүмкіндікті иеленген «Көктем-2023» шақырылымының үш сарбазы: Диас Хамзин, Мақсат Зада және Арсен Матқұрмановқа өздері таңдаған жоғары оқу орындарының сертификаттарын салтанатты түрде тапсырды.

Жас сарбаздардың бір-ақ рет болатын осынау маңызды сәтке куә болған ата-ана, туған бауыр, құрбы-достардың жүздеріндегі ерекше толқынысты байқамау мүмкін емес еді… Әсіресе, немерелерін сағынып келген ата-әжелердің қуаныштарында шек жоқ.

САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы АҚПАРАТ ӘЛЕМДІ БИЛЕЙДІ!
