Нұрғиса Төремұратов 1975 жылы дүниеге келген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Түркістан облысы, Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінің редакторы. Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.
2004 жылы ОҚО «Үш бәйтерек» мүшәйрасының бас жүлдегері. 2006 жылы Арал қаласында өткен республикалық мүшәйраның 2-орын жүлдегері, 2012 жылы Астанадағы және ұлт мақтанышы Д. Қонаевтың 100 жылдығына арналған Қызылордадағы, Түркістандағы С. Ерубаев мүшәйраларының жүлдегері. 2007 жылы Баянауылда өткен жас қаламгерлердің республикалық I форумының делегаты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарық көрген ОҚО ақын-жазушыларының туындылары топтастырылған «Тәуелсіздік тебіреністері» жинағына өлеңдері енген. «Самала» (Шымкент-2007), «Көңіл көкжиегі» (Алматы-2013) атты өлеңдер жинағы бар. Өзбекстан жазушысы Миркарим Осимнің «Томирис», Машрап туралы, Увайсий ақын туралы хикаяларын, өзбек халқы лапарларін қазақшаға аударған.
«Жаңарған Сайрам», » Сайрам ауданының үздік жастары» кітаптарына редакторлық еткен.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж. Түймебаевтың Алғыс хаттарымен, Түркістан облыстық мәслихатының Грамотасымен, » Сайрам ауданына 90 жыл», «М. Шолохов» атындағы қоғамдық ұйымның медальдерімен марапатталған. 2021 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Албырт шағым өзіңде екен көрмей өскен қайтарым,
Нағыз қазақ қызы екенсің болмысыңнан байқадым.
Айналайын, күн дидарлы, қарлығашым көктемгі,
Риясыз көңіліңді кір шалмасын — айтарым.
Сенде қазір махаббат бар, жылылық пен жалын бар,
Бақ жұлдызын сыйлар анық көгіңдегі ағымдар.
Мендік тілек ақтарылсын мөлдір тұнған көзіңе,
Ағасының айтқан сөзін қабылдар.
Ұлылардың ұлағаты ұлан асу арманда,
серік болсын от жүрегің болашақ деп жанғанда.
Арайлы сəт аймаласып, шуағыңмен шомылсын,
Жарық шашып бар маңға.
Нəркес көзің əр күн сайын тек шаттықпен жайнасын,
(Сұлу болмау – Айға сын).
Əсемдікпен өрнектеліп жолың əркез құлпырсын,
Бітіміңді ұлт намысы,
қазақ ары қайрасын.
Көркем ойлар, шұғыла жыр сəулеленсін сөзіңде,
Ғашықтықтың ғаламаты жетелесін сезімге.
Жігіт сені қадірлесін маржан лебіз сыйлаған,
Бағалай біл, өзің де.
* * *
Асылға құрыды ындыным,
Келгендей қырсық сәт өңмендей.
Сүреңсіз саябақ сындымын,
Немесе ол мендей.
Мезеті марғаулық басты алға,
Сол сәтте керенау қозғалам.
Ұқсаймын түнерген аспанға
Немесе ол маған.
Құмартар сағыныш етті де,
Еншіме ен болып көнбеді.
Құс көңіл ондағы кетті ме,
Яки мендегі.
***
Тынысын тауып көңілдің,
Қанатын байлап сенімнің,
Сәтінде әрбір ғұмырдың,
Жадырап жиі жүргейсің.
Сезініп Рахым шапағын,
Көбейіп әркез қатарың,
Үмітке толып сапарың,
Өмірдің мәнін білгейсің.
Тербетіп сезім,балғын ән,
Суырып алып бар мұңнан,
Ханзадаң шығып алдыңнан,
Бақытты етсін өзіңді.
Батасын алып жалпының,
Арманды ұста,жарқыным,
Сұлуы қазақ халқының,
Күлкіге көмші көзіңді…
***
Жүрек дейсің, жүрекке не жүреді,
Сағынышқа ол байғұс егіледі.
Сезімменен екеуі қосылғанда
Жындандырып жіберер тегі мені.
Себеп болар сол нәрсе торығуға,
Түсіндіре алмас миым да оны мына.
Жүректегі сендегі көптен бері
Үңілумен келемін соғуына.
Жүрек дейсің, жүрекке не жүреді,
Ол байғұсым бір жылап, бір күледі.
Ұйықтап кеткен іңкәрлік көз ашқанда
Шаттық сезіп кенеттен сілкінеді.
… Сонда ғана екен ғой шын тілегі.