NewsPRESS RELEASEБилік

ПРЕЗИДЕНТІМІЗГЕ БІРҚАТАР ОТАНДЫҚ ІТ-ШЕШІМДЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қаралым: 18
         Ұлттық суперкомпьютер орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар отандық ІТ-жобалар таныстырылды. Олар MedTech, EdTech, GovTech және өнеркәсіп салаларын қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы елдің цифрлық дамуына серпін беруді көздейді-деп хабарлайды Ақорда сайты.
       Жаңа шешімдер ел азаматтарының өмір сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, білім беру жүйесін жекешелендіру және салалық цифрландыруды тереңдетуге бағытталған.
         Ұсынылған жобалардың бірі – SmartCity Astana. Бұл бастама Елордада цифрлық инфрақұрылым құру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда:
  • 100 мыңнан астам жасанды интеллектпен басқарылатын бейнебақылау камералары іске қосылады;
  • Қаланың цифрлық сыңары жасалады – бұл қаланы нақты уақытта бақылауға, деректерді өңдеуге және болжам жасауға мүмкіндік береді;
  • Жобаның көмегімен қоғамдық орындарда туындауы ықтимал қауіптер онлайн-режимде анықталып, жедел әрекет ету мүмкіндігі артады.
          Айта кету керек, жобаны жүзеге асыруға жеке серіктес қаржы бөліп отыр. Мемлекеттік бюджеттен қаржы тартылмаған.
        Президентімізге таныстырылған тағы бір маңызды жоба — AlemLLM деп аталады. Бұл — қазақ тіліне бейімделген үлкен тілдік модель (Large Language Model).
  • Жасанды интеллект шешімі жергілікті лексика мен контекске дәл бейімделген;
  • Балама шешімдермен салыстырғанда жоғары дәлдік пен өнімділік көрсетеді;
  • Мемлекеттік қызмет, білім беру, контент генерациялау және басқа да салаларда қолдануға дайын.
          Сондай-ақ, білім беру саласына арналған AI Kitap платформасы оқушылардың білім деңгейін, сабақ үлгерімін және жеке ерекшеліктерін ескеріп, дербестендірілген оқытуға жол ашады. Бұл жүйе:
  • Цифрлық AI-оқулықтарға негізделген;
  • Оқушының оқу барысын талдап, әлсіз тұстарын анықтап, сәйкес материал ұсына алады;
  • Қолданушыға ыңғайлы және интерактивті интерфейске ие.
          Таныстырылым барысында тұрғын үй мәселесін цифрлық форматта шешуге арналған Baspana Hub жобасы да ерекше назарға ие болды. Бұл – тұрғын үй алудан бастап, жөндеу жұмыстарына дейінгі процестерді бір жүйеге біріктіретін цифрлық экожүйе.
  • Үйді онлайн маркетплейс арқылы іздеуге және сатып алуға болады;
  • Жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді бір платформада алуға мүмкіндік бар;
  • Құрылыс материалдарына немесе жөндеу жұмыстарына арналған онлайн-смета жасау функциясы енгізілген.
            Айта кетерлігі, жоба ешқандай сыртқы инвестициясыз, толығымен отандық қаржыландыру есебінен жүзеге асырылған.
         Кәсіпкерлік бағытындағы тағы бір сәтті жоба – Biny.co стартапы. Жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін бұл компания:
  • Google for Startups – Silkway Accelerator бағдарламасына қатысып, үздік үштікке енген;
  • QazPost, Coca-Cola, Gorilla Asia, Zeta Trade сынды ірі компаниялармен жұмыс істейді;
  • Тасымалдау процестерін оңтайландырып, уақыт пен шығынды үнемдеуге көмектеседі.
  • Отандық ІТ-өнімдердің ұсынылуы Қазақстанның технологиялық тәуелсіздікке, жасанды интеллект саласында даму мен ұлттық қауіпсіздікке негізделген цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға бет алғанын көрсетеді.
        Президентіміз Қ.К.Тоқаев бұл бастамаларға жоғары баға беріп, ІТ-саласындағы отандық әзірлемелерді қолдау және дамыту қажеттігін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *