Мақтаарал аудандағы арық-атыздарды бетондау жұмысымен қазірде үш бірдей мекеме айналысып жатыр. Қарқынды жүріп жатқан жұмыстар сапалы әрі белгіленген ақытта аяқталатын болса, егістікке кететін ағын су шығыны азайып ғана қоймай, алқаптардағы егістіктер қай жерде орналасуларына қарамастан, уақтылы әрі қажетті көлемде суғарылатын болады.
Ауданда жүргізіліп жатқан тік және көлденең дренаждар жөндеудің арқасында жер асты суының төмендеуіне қол жеткізілмек. Бұл жай диқандар үшін ерекше маңызға ие. Себебі олар ерте көктемде ыза судың көтеріліп кетуінен уақтылы алқапқа егін еге алмай қиналатын. Ал егер жер асты су сорғылары іске қосылып, каналдар бетондалса, ауданымыздағы 8 мыңнан астам шарушылық агротехнологиялық шараларды уақтылы жүргізіп, тұқымдықты ерте сеуіп, піскен дақылды дер кезінде жинап ала алар еді.
Айта кетерлігі, биыл ауданымызда бұларға қоса ағын суды үнемдеп, жоғары әрі сапалы өнім алу мақсатында 1 300 гектардан астам алқапқа дәнді дақыл тамшылатып суару әдісі арқылы егілген болатын.
С.ҚУАНЫШБЕК.