Мақтааралда аудан диқандары үшін жылдың ең жауапты кезеңі – мақта терімі науқаны қарқын алуда. Биыл аудан бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге мақта егілсе, алғашқы өнімдер қабылдау орындарына жеткізілуде.
Мақтадан мол өнім алу үшін көктемнің басынан бері барлық қажетті агротехникалық шаралар жүйелі жүргізілді. Жазғы вегетациялық суару жұмыстары толық аяқталып, бүгінде шаруалардың басты міндеті – пісіп-жетілген өнімді ысырапсыз әрі белгіленген мерзімде жинап алу.
Қазір алқаптарда мақта көсектерінің тез ашылуын қамтамасыз ететін дефолиация жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде бұл жұмыс 29 мың гектардан астам алқапта атқарылды. Есептер бойынша алдағы бір аптада дефолиацияны толық аяқтау жоспарланып отыр.
Мақта терімі басталғалы бері 174,5 гектар алқаптан 478 тонна шитті мақта жиналды. Қазіргі таңда орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерді құрап отыр.
Терімді алғашқылардың бірі болып бастаған шаруашылықтардың қатарында «Бірлік 2» шаруа қожалығы бар. Атабек Қожабеков жетекшілік ететін шаруашылық алқабында әр гектардан 40 центнерге дейін өнім жиналуда. Жалпы алғанда, аудан шаруаларының иелігінде 237 мақта теретін комбайн бар. Қазіргі таңда оның 24-і алқаптағы жиын-терім жұмыстарына жұмылдырылған. Дефолиация жұмыстары аяқталған сайын техника саны да арттырылып, терім қарқынын күшейту көзделіп отыр.
Мақта – аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы бар дақыл. Сондықтан алдағы кезеңде агротехниканы тиімді және уақтылы пайдалану, өнімді дер кезінде жинау мен ысырапшылдыққа жол бермеу – басты міндет.