Қышыма қотыр (чесотка) терінің жұқпалы ауруы. Оны тарататын қышыма қотыр кенесі болып табылады. Ол адамның терісіне жұққан бойда, өзіне орын «қаза» бастайды. Сол өзі «мекендеген» тұсқа жұмыртқа салады. Үш-төрт күннен кейін жұмыртқа құртқа (личинка) айналады.
Қышыма қотыр дерті өзгелерге онымен қарым-қатынас жасағанда, төсек орынды, киім-кешекті, орамалды, сүлгіні, ысқыны (мочалка) т.б. заттарды бірге пайдаланғанда жұғады. Сондай-ақ, тиісті санитарлық тәртіп сақталмаса моншада, душта, жатақхана мен мейманханада да кышыма қотырға ұшырап қалуыңыз мүмкін.
Кеселдің алғашқы белгілері:
Дененің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, үстін түрлі түйіршіктер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады. Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен де, саусақ аралықтарынан да, тұла-бойдан да байқалады.Осындай белгі сезілді дегенше, уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Қышыма қотырмен күресте дәрігерге уақытында көріну де, дер кезінде тыңғылықты емделу де, науқастың тұтынған заттарындағы паразиттің көзін жоюдамаңызды.
Сақтану шаралары:
Қышыма қотырдан аман болудың басты жолы тазалық. Апта сайын суға түсіп, іш киімді жетісіне бір ауыстырып түру шарт. Әсіресе біреудің іш киімін, қолғабын киюден аулақ болыңыз.
Қышыма қотырға шалдыққан адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орыны, тұтынатын заттары басқалардікіне араластырылмайды. Кірлеген іш киімдері бөлек қалтаға салынады. Оларды 1-2% сода ертіндісі немесе кез-келген ұнтақ сабын қосылған, қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Дезинфекциялық заттар болған жағдайда олар дәрігер айтқан ертіндіге ғана салынады. Сырт киім тек үтіктеліп қана киіледі. Науқас жатқан бөлме 2 пайыздық сабын-сода ертіндісімен (200 гр. кальциленген соданы 10 литрге араластыру қажет ) күн сайын сүртіледі. Ауру кісіге күтім жасап әйтпесе жатқан жерін жинап болғаннан кейін қол мұкият түрде сабындалып жуылады. Моншаға, душқа түскенде легенді, орындық пен сөрелерді ыстық сумен ыждағаттап шаюды ұмытпаңыз. Басқаның ысқысын, сыпыртқысын (веник) пайдаланбаңыз. Қышыма кеселінің белгілерін байқасаңыз, дәрігерге уақыт оздырмай көрініңіз. Жеке бастың және қоғамдық тазалық талаптарын сақтаған адамның ол аурудан тез айығатыны жадыңызда жүрсін.