Нарықтық экономикада «Сұраныс болса, ұсыныс та болады!» деген термин бар. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын АҚШ пен Батыс Еуропада «Бір сағаттық әке» деген мамандық болатын. Ол бала-шағасын жалғыз асырайтын бақуатты әйелдерге арналған қызмет түрі болатын. «Бір сағаттық әкелер» арқылы олар балаларына «әкелерінің бар екенін, осы уақытқа дейін басқа елдерде жүргенін» көрсетіп, солардың көңілін аулайтын. Не болмаса. Содан кейін үйлерінде ер азаматтардың қолынан ғана келетін жұмыстарды істететін «Бір сағаттық еркек», үй жұмысын тап-тұйнақтай ететін «Бір сағаттық әйел» мамандықтары шықты. Қазір мұндай қызмет түрлері біздің елімізде де бар. Ал енді Жапонияда «ешнәрсе істемейтін адам» мамандығы пайда болыпты…
Independent-тің жазуынша, Токионың 37 жасар тұрғыны Седзи Моримото 2018 жылы Твиттерде ерекше хабарландыру беріпті. Физика саласынан ғылыми атағы бар, отбасылы жапондық сол хабарландыруында «Өзімді ешнәрсені істемейтін адам ретінде ұсынамын. Сізге дүкенге бару үшін серік керек пе? Әлде командаңызға ойыншы жетіспей ме? Болмаса сіз үшін кезекке тұратын адам қажет пе?»-деген сарында жазулар болған екен.
Таңданарлығы оның бұл жазбасы бірден көптеген адамның назарын өзіне қаратыпты. Алғашында өзінің қызметі үшін ақы алмаған ол кейіннен сұраныс артқан соң әр клиентінен 10 мың иен (бұдан бөлек жол ақысы мен түскі астың құны да бар) алатын болған. Екі жарым жылдың ішінде оның қызметіне 3 мыңнан астам адам жүгініпті. Яғни, күніне орта есеппен 3-4 адамнан түскен екен. Осылайша ол 30 миллион иен пайда тауыпты.
Біреулер оны өздеріне серік ретінде жалдаса, екіншілері іштері пысқаннан, ал үшіншілері онымен суретке түсіп, сол суреттерді мақтанышпен әлеуметтік желілерге салуды ойлапты. Тіпті кейбіреулер оны өздерін мазалап жүрген сырларын тыңдайтын «тындарман»ретінде жалдап, бойларын жеңілдетіп те алыпты.
С.Моримото «осы қызметте» көріп-білгендерін кітап етіп жазып шығарыпты. Бүгінде оның Твиттердегі оқырмандарының саны 300 мыңнан асып жығылыпты.
Алдағы уақытта мұндай «мамандықтың» әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде біздің мемлекетімізде пайда болатынын болжауға болады. Себебі, өкінішке орай соңғы жылдары бізде де қарапайым адами қарым-қатынасқа мұқтаж жандардың саны артып бара жатыр.