Қазақстан – Тәуелсіз мемлекет! Тәуелсіздіктің тізгіні қолымызға тигеніне 30 жыл болды. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген дана халқымыз. Елу жылда емес отыз жылда ел жаңарып, көші ілгері кеткен елдермен тереземіз теңесіп қалды десек артық айтқандық емес.
Қазақ елі талай зұлмат кезеңдерді өткерді. Ел мен жер үшін кескілескен шайқас, отаршылық заман, сұрапыл соғыс ең сорақылары да сол. Бірақ, әрдайым ғасырлар көшінде жасап гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде қазақ елі тәуелсіздігін алды, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры халықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.
Қазақ халқы көптеген ұлттарды қиын-қыстау кездері бауырына басып, өз төрінен орын бергенін тарихтан жақсы білеміз. Түрі, тілі, салт-дәстүрі басқа деп, өзекке теппей бір ата-ананың ұл-қызындай көрді. Кеңес Одағы тұсында жер аударылған түрлі этнос өкілдерін жатсынбай, туысындай қамқорлық танытуы, бауырмалдылығы шынында құрметке лайықты қасиет.
Қазақстанда татулығы жарасқан 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығыда Қазақстанмен байланысқан. Әлем елдері қызғанада, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспандағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда. Себебі, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын алтын асықтай ұлдары, күміс қасықтай қыздары, данагөй қарттары бар.
Мен тәжік ұлтының қызы татулығы жарасқан Қазақстанда туылып, білім алып, еңбек етіп жатқаныма қуанамын. Еліміздегі бірлікті мақтана да, тамсана да ән-жырымызға қосуға болады! Жыл сайын дүркіретіп атап өтетін 1- мамыр ұлттар достығы мерекесі айқын мысал емес пе?
1-мамыр бұл әрқашан халқымыздың бірлілігін паш ететін, қоғамдық келісім кемеліне жетіп, елдің бірлігі жарасып, ынтымағы ұйысатын күн. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – Отанымызға деген сүйіспеншіліктің, қазақстандық патриотизмнің жарқын көрінісі. Бұл күні Отанға адалдық, елге жанашырлық азаматтық парыз асқақтай түседі.
Тек қана татулық пен тұтастық арқылы ғана біз Қазақстанды кез келген тамаша жоспарларды іске асыратын қуатты мемлекет ете аламыз. 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Қазақстандықтарға шын жүректен шыққан жылы лебіздерімізді жолдаймыз! Қазақстан халқы бірлігі жарасып, Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын.