Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Келес ауданының Ғ.Мұратбаев елді мекенінде 2005 – 2007 жылы туылған жастар арасында Түркістан облысының чемпионаты болып өтті.
Сонау бағзы заманнан бері қазақтың тарихымен біте қайнасып, заманына қарай жаңғырып, дамып, толықтырылып келе жатқан, жауынгерлік жаттығу деп қарауға әбден болатын ұлттық спортымыз – көкпарды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып, 11-12 наурыз күндері өткен чемпионатқа барлық аудан, қалалардан 14 командада 160-қа тарта шабандоз қатысты.
Алғашқы сәттерден-ақ жеңіске деген жігері мен дайындықтарын көрсетіп, көкпар додаларында өзгелерден ептілігімен, астындағы арғымағының жылдамдығымен көзге түскен, бабы мен бағы қатар шауып, тұлпарларының тұяғы сүрінбей адал салымға қол жеткізген Сайрам ауданының командасы ІІІ орынды иеленсе, Жетісай ауданының тақымы мықты шабандоздары жүлделі ІІ орынды қанжығаларына байласа, команда капитаны Зәкір Оралхан Малдыбайұлы «Үздік қорғаушы» номинациясына ие болды. Ал, Келес ауданының құрама командасы І орынды иеленіп, жарыстың чемпионы атанды.


