Қазақстанда 15 наурыз – «Қайырымдылық күні» ретінде атап өтіледі. Бұл – «Наурызнама» онкүндігінің екінші күні. Аталған мереке мейірімділік пен жанашырлықты, өзара көмек пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ерекше күн болып табылады. Бұл күні қоғамда ізгілік пен қайырымдылық жасау дәстүрі жаңғырып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету кеңінен насихатталады.
Осы игі бастаманы негізге ала отырып, мекеме қызметкерлері бірлесе аудан тұрғынының шаңырағына арнайы барып, қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жөн санадық. Қазақ халқына тән асыл қасиет – қайырымдылықты дәріптеп, «Наурызнама» онкүндігінің бір күнін ізгіліктің жарқын көрінісіне айналдырдық.
Абай облысы, Бородулиха ауданының тұрғыны Бақыт апай – көпбалалы, ардақты ана. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған аяулы жан бүгінде 6 баласынан 20-ға жуық немере, бірнеше шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Бақыт апайдың ұл-қыздары ауданымыздың әртүрлі салаларында еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Осындай тәрбиелі де еңбекқор отбасының қоғамдағы орны ерекше. Себебі дәл осындай отбасылар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өсіп-өркендеуіне негіз болып отыр.
Қайырымдылық күні аясында біз ардақты анамыздың шаңырағына арнайы барып, ақ батасын алып, құрмет көрсетіп, қолымыздан келгенше сый-сияпатымызды табыстадық. Бұл – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың айқын көрінісі.
Қайырымдылық – халқымыздың қанында бар асыл қасиет. Осындай игі істер арқылы біз адамгершілік пен мейірімділіктің мәнін терең түсініп, қоғамда ізгілік дәнін себуді жалғастыра береміз.
Атаева Мейрамгүл Балабайқызы, Абай облысы Бородулиха ауданының мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының» директоры.