Жуырда, Жетісай қаласында, Бас санитарлық дәрігерінің м.а. Алдан Ахметовпен, санитарлық жайға қатысты қабылданған №45 санды қаулыны жұртшылыққа егжей-тегжейлі түсіндіру мен оның әсіресе кәсіпкерік саласына қатысты бөлігіне айырықша тоқталып, ескерілмей жүрген жерлерін түсіндіруге қатысты мобилдік топтар және кәсіпкерлермен бірге ауқымды жиын өтті.
Кездесу кезінде мониторинг топтарының жұмысы талқыланып, кәсіпкерлер тарапынан бірқатар наразылықтар көтерілді. Сонымен қатар, қызметі шектеулі кейбір кәсіп түрлерінің (құрылыс дүкендері, моншалар) қызметінің уақытын ұзарту қажеттілігі аталып, соған қатысты ұсыныстар санитарлық дәрігер тарапынан қолдау тапты.
Қазіргі кезде облысымыздағы эпидемиологиялық жағдай еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда біршама тұрақты әрі облысымыз «жасыл зонада» тұр. Алайда, той-томалақ облысымыздың барлық аудандарда әлі де болып жатыр. Демек эпидемиялық жағдайдың қаншалықты күрделі екенін біле тұрса да, той жасайтындарда тоқтам болмай тұр. Сол тойға жан-жақтан тамыр-таныс жиналатыны анық. Бұған тосқауыл қойылмаса, қалған тірліктің бәрі бекер болатыны белгілі.
Жиын қорытындысында көпшілікке елдегі эпидемиологиялық ахуалды біле тұра, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында тынымсыз жүргізіліп келе жатқан тексерулерді елемегендерге айыппұлдар салынатындығы жеткізілді.