Баршаңызды 6-қазан күні болатын референдумға бір кісідей қатысып, АЭС-ке қатысты өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Түрлі жел сөздерге ермей, өз құқықтарыңызды толығымен пайдалануға кеңес беремін. Себебі, бұл сайлауда өз таңдауыңызбен еліміздің энергетикалық тұрғыдан өзгелерден тәуелсіздікке қол жеткізуіне мүмкіндік бере аласыз.
АҚШ-та қазір 92 атом реакторы жұмыс істейді. Ал Оңтүстік Кореяда 24 реактор елдің шамамен 30%-ға жуық энергиясын қамтамасыз етеді. Қытайда 27 жаңа реактор салынып жатыр. Елімізге халықаралық тәжірибені ескеру және атом энергетикасын дамыту барысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл тек технологиялық тұрғыдан дайындықты ғана емес, сонымен бірге қоғамның сенімін арттыру мен әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз етуді талап етеді. Егер біз АЭС салмасақ, энергия тапшылығы артып, елдің сыртқы көздерге тәуелділігі күшейеді. Сондықтан АЭС салу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығы үшін маңызды мәселе.
Әлжан НӘЛІБАЕВ,
Жетісай ауданы.