Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округінің Ынтымақ елді мекенінде орналасқан «Қыдыр ата» медициналық орталығының құрылысы 2018 жылдың мамыр айында басталып, 2020 жылдың қазанында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің қатысуымен қолданысқа берілген болатын. Жергілікті кәсіпкер Бахтияр Қозибаевтың жеке қаржысы есебінен 128 млн теңге инвестиция салынған орталыққа неміс елі мен Алматы қаласынан 68 млн теңгеге заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынған. Күніне 100 азаматқа қызмет көрсететін медициналық орталықта Неврапотолог, Кардиолог, Хирург, Уролог, Терапевт, Лор, Стоматолог, Эндикринолог, Гинеколог, Узи, Массажист секілді жоғары санатты 36 дәрігер ем-домның 11 түрін жасайды. Одан бөлек 7 орындық күндізгі стационар да бар. «Біздің бұл орталықты ашуымызға әлемдегі орын алған ахуал тікелей себеп болды. Індет өршіген тұста халық тексеруден өтетін орын таппай, дәрігерлерден кеңес ала алмай қиналды. Міне, сол жағдайларды ескеріп елге пайдамыз тисін деген ниетпен ашылдық. Алдағы уақытта тағы 40 төсек орындық күндізгі емделу орталығын іске қосуды жоспарлап отырмыз» дейді орталық басшысы, жеке кәсіпкер Бахтияр Қозибаев.
Пандемия кезінде қиналған ауылдастарына түрлі деңгейлерде әлеуметтік көмек көрсетіп келген кәсіпкер жуырда ғана арнайы 3 күндік акция өткізген. Акция аясында келушілер тегін тексеруден өтіп, сырқаттарының диагнозын біліп, тиісті ем-домына дәрігерлік кеңестер алған. Медициналық орталық дәрігерлері акция кезінде тәулігіне 700-ге дейін келушілерді қабылдаған.