Ата Заңымызда: «Мемлекеттің басты байлығы – адам» деп көрсетілген. Сол азаматтардың білімді болғаны мемлекетіміз үшін маңызды. Білімділік – әлем жаратылғалы бар қажеттілік, бұдан кейін де осылай бола бермек. Адамның жетілуі үшін уақыт пен жайлы орын қажет.
Бұл қажеттіліктер кітапхана арқылы ғана шешімін таппақ. Сол кітапханалар бір-біріне байланысты, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын үш құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі – кітап сақтайтын және кітап оқитын орын, екіншісі – кітапханашы, үшіншісі – кітап қоры. Осы үшеуінің бірлігі – кітапхана. Айта кетерлігі еліміздегі бүгінгі кітапхана орта ғасырды қойып, 20 жылдың алдындағы кітапханаларға ұқсамайды. Болашақта бұдан да жаңарған кітапханалар пайда болатыны сөзсіз.
Аугустин Биррелдің: «Бүгінгі күннің нағыз университеттері – бай кітапханалары» деген сөзі бар. Шынында, кітапхана – адамдарды өмір бойы тәрбиелейтін бірегей университет. Адамның мектепте немесе университетте білім алу белгілі бір уақыт шеңберінде ғана іске асады. Мектеп болсын, университет болсын – белгілі уақыт шеңберінде ғана білім беретін, уақыт жағынан мүмкіндігі шектеулі орындар. Кітапхана уақыт шектемесіне ұшырамай, өмір бойы қызмет көрсетеді.
Кітапхана жұмысының ерекшелігі көп, өзіне тән қызығы да, қиындығы бар. Біріншіден, кітапхана қызметі ізгілік қағидаларына негізделген. Қай елге, қай жерге барсаңыз, ақылы кітапхана жоқ. Ол – әлемдегі ақысыз қызмет көрсететін бірден-бір мекеме. Екіншіден, әлеуметтік игіліктерге адамдардың бәрінің қолы жете бермейді. Айталық, жақсы медициналық көмек пен сапалы білім алудың өзі қаржылық жағдайыңызға байланысты. Кітапхана қызметі қоғамның барлық мүшесіне ортақ. Ол адамдарға алаламай, байға да, кедейге де, кәріге де, жасқа да, он екі мүшесі сау адамға да, көмекке мұқтаж жандарға да бірдей қызмет көрсетіледі. Үшіншіден, кітапхана жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ өте ауыр жұмыс. Кітапханашылар үнемі кітаппен жұмыс істейді, оның ішінде кітап тасу (көтеру) сияқты ауыр дене еңбегі де бар. Бұдан тыс үнемі ескі кітаптың шаңын жұтып жүріп жұмыс істеуге, электр нұрының астында ұзақ отыруға мәжбүр. Басқа салада мұндай зиянды ортада жұмыс жасайтындар үшін денсаулығын күтуге арналған әлеуметтік пакеттер бар. Төртіншіден, қазір кітап көп, оқырманға керекті кітаптарды талдап, ұсыну – кітапхананың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан кітапхана мамандары ақпаратты талдай алатын қабілетке ие, білікті де білімді болуға тиіс. Бұл үздіксіз тәрбиеленуді қажет етеді.
Қазір қоғамның да, оқырманның да талабы өзгерген. Сондықтан кітапхана да өз қызметін өзгерту процесін бастан кешуде. Кітапхана – әрі білім беру орны, әрі мәдениет орталығы, ақпарат тарату және анализ жасау орталығы, сондай-ақ демалыс орны болу сияқты сан-салалы қызметтерді атқаруда.
Қорыта айтсақ, бүгінгі кітапхана – қоғамның қазіргі қажеттілігін өтеумен қатар, болашаққа да қызмет ететін орын. Кітапханаға біреу кітап оқуға барса, біреу жаңа ақпараттар алуға барады, біреулер қоғамдық қарым-қатынас орнату үшін, біреулер демалуға барады, т.б. Сол себепті кітапханаға жұмсалған қаржы – болашаққа салынған инвестиция.