ӘлеуметМерекелік шараРуханият

КЕМЕЛДІЛІКТІҢ ӨЗЕГІ – ІЗГІЛІК

Қаралым: 28
Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам – оның ата-анасы болса, ең әдемі де жарық үй – оның туылған үйі. Қазақта «Баланы жастан» деген өсиет сөз бар. Яғни, баланың тәрбиелі де инабатты, білімді де өнегелі болып өсуі отбасында берілген тәрбиеге, үлкендер көрсеткен өнегеге тікелей байланысты.
Қазақтың ұлы ақыны, хакім Абай «Адамға үш түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анасы, екіншісі – ұстазы, үшіншісі – достары» деген екен. Жас та болса көптеген ілкімді істердің басында жүрген Алладин Мырзахановтың елге қызмет етуінің де бастауы дәл осы отбасындағы өнегеден басталған.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді аялайық» партиялық жобасы аясындағы қайырымдылық шарасына Жетісай Аудандық Мәслихатының депутаты, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық «Қоғамдық кеңес» мүшесі Алладин Мырзаханов та өз үлесін қосты.
Халық қалаулысы Атамекен ауылдық округіндегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көнекөз қарияларды айтулы мерекемен құттықтады. Қарияларға қазақы дәстүрмен шапан-камзолын кигізіп, жеміс-жидек пен тәттілер тарту етті. Бірқатар отбасыларға азық-түлік пен күнделікті тұтынуға арналған гигиеналық заттар таратты.
Аға буынға деген құрметті арттыра отырып олардың өмір белестерін, еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге ету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында қолға алынған партиялық жоба «Бүкіл кемелділіктің өзегі – ізгілік» деген халық даналығына саяды.
Қара басының қамынан аса алмайтын, қарыны тойса өзгенің мұң-мұқтажына селт етпейтін, сөйте тұра бедел жинағыштардың емес, керісінше, сын сағаты туғанда ұлағатты ұлан міндетін ұға білген, қараша халықтың қиналғанына енжарлық танытпай, ықыласты түрде ризығын бөлісе білген нағыз жомарт жандардың ауызбіршілігін, ынтымағын айқындайтын істе атсалыса білетін осындай жастардың бары көңілге қуаныш, жанға демеу болары анық.
Бауыржан НАЙМАНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *