Мектеп қабырғасында өскелең ұрпаққа информатика пәнін тереңдете оқыту – олардың ақпараттық технологиялар саласына қатысты танымдық деңгейлерін жан-жақты арттыруға зор мүмкіндіктер береді.
Орта мектепте информатиканы оқыту барысында, бірінші кезекте – оқушылардың информатиканың пән ретінде маңыздылығын, сондай-ақ сол саланың нақты сипаттамасын, оның мақсаттарын білуі ерекше маңызға ие. Қазіргі күні интернет, әлеуметтік желілер, блогтар, электронды кітапханалар, электронды кітаптар және сандық аудио-видео фотосуреттер, ұялы телефондар, жедел хабар алмасу құралдары (Уатсап, Вайбер), IP-телефония, қалта компьютерлері және коммуникаторлар, қазіргі мектеп оқушысы үшін қалыпты құбылыс секілді көрінеді. Алайда, осындай биік жетістіктер үшін әлемде күн сайын қаншама жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын олар сезе бермейді.
Информатика пәнін өтіп жатқанда оның бүгінде бүкіл ақпараттық қоғамды айқындаушы күшке айналғанын естен шығармауымыз керек. Сонда ғана оқушылар информатиканың – тек ғана пән немесе процестер емес, сондай-ақ, олардың автоматтандыру, цифрлық технологияларды құру және онымен жұмыс істеу құралдары мен технологиялар туралы ғылым екенін түсінер еді. Бұл бағытта оларға қажетті жолды сілтеуші тұлға – информатика пәнінің мұғалімі болып табылады. Сонымен бірге, ол оқушылардың информатика әлеміндегі шығармашылық қиялындарын қажетті бағытқа туралаушы да.
Қорыта айтар болсақ, қоғамды ақпараттандыру – қазіргі өркениеттің маңызды бір бөлігі болып табылады. Ал информатика пәні – жас буынға сол өркениетте адаспауы үшін қажетті қадамдар жасап, қоғамды одан әрі дамытуға сеп болушы «алғашқы қадамның» қызметін атқара алады.
Идилов Каримжан Маратжанович,
«Баяндай негізгі орта мектебі» КММ информатика пәні мұғалімі.