«6 шілде – Елорда күні». Бұл елдік пен бірлікті басты мұраты етіп таңдаған барша Қазақстан халқы мен Отанымыздың әрбір азаматы үшін зор қоғамдық-саяси мәні бар ерекше мереке. Мемлекетiмiздiң басты қаласы Елорда – елiмiздiң жаңару нышаны, жаңа Қазақстанның саяси атауы және барлық қазақстандықтардың мақтанышы, Отанымыздың жүрегi, тәуелсiздiгіміздің тiрегi.
Бүгінде Елорда – сәні мен салтанаты жарасқан ғажайып қала ғана емес, қазақ халқының сан ғасырлық армандарының ақиқатқа айналуының дәлелі, бүгіні бекем, келешегі кемел елдігіміздің айғағы болып отыр. Сайын Сарыарқаның төсіндегі Елордамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналаып, жаңа ғасыр үлесінен өз орнын алып үлгерді. Егемен еліміздің бас қаласы күллі әлемге тәуелсіз Қазақстанның еңсесін тіктеген мемлекет екендігін айқындап тұрғандай.
Еуразияның жүрегіне айналған «Елорда күнін» Жетісай жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтті. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен «Гүлдей бер, жайнай бер, елімнің бас қаласы – Елорда!» атты мерекелік іс-шарасына аудан әкімінің орынбасары Серік Прімбеков, қала,кент ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, аудан тұрғындары қатысты.
ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшіліктің қаласы» атанған әсем де, арман қала күніне арналған осы думанды іс-шарада ауданымыздың өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, келген қонақтарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Елорда түрлі арман қиялдарды жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан көркем қала. Бас қаламыздың қазіргі көркі, бүгінгі өмірдің талабына үндесе көтерілген ғимараттар көрген жанды баурап алады, көңілімізді шарықтатады. Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан астанамыз көркейе берсін!