Сайлау – демократиялық қоғамның негізгі тетіктерінің бірі. Ол арқылы халық өзінің көзқарасын білдіріп, елдің алдағы даму бағытына қатысты ұстанымын танытады. Сондықтан сайлау учаскесіне барып, дауыс беру – азаматтың конституциялық құқығымен қатар, ел алдындағы жауапкершілігін сезінудің бір көрінісі.
Құрылтай сайлауына қатысу арқылы әрбір азамат өзінің болашаққа деген көзқарасын білдіреді. Бұл ретте сайлаушылар кандидаттардың бағдарламаларына, ұсыныстарына және қоғамдық мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдарына назар аударып, ақпаратты саралай отырып, саналы таңдау жасағаны жөн.
Бүгінгі таңда қоғамның дамуына немқұрайлы қарамай, елдің ертеңіне алаңдайтын азаматтардың белсенділігі аса маңызды. Себебі мемлекет тағдыры тек мемлекеттік органдардың немесе жекелеген тұлғалардың қызметіне ғана байланысты емес. Елдің өркендеуі – қоғам мүшелерінің ортақ жауапкершілігі.
Әсіресе, жас ұрпақтың қоғамдық өмірге белсенді араласуы – заман талабы. Жастардың азаматтық ұстанымы мен ел болашағына деген көзқарасы қоғамның одан әрі жаңғыруына серпін береді. Сондықтан өскелең ұрпаққа сайлау мәдениетін қалыптастырып, азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндіру – баршамызға ортақ міндет.
Дуйсенова Улдана Даулетбекқызы,
Мақтаарал ауданы.