Балабақша – білім мен ортаға биімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Бір үйдің кенжесі, біреуі тұла бойы тұңғыштары. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын орта — тағы да осы балабақша.
Балабақшадағы оқу қызметтері бес сала бойынша іске асырылып, барлығы ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатады. Тілдері дамып ортаға биімделіп, қарым-қатынасқа негізі қалыптасады. Қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын қысқа үлкен кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылықтары дамытылып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға бейімделулері, қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақын танысып, ортаға жылдамырақ үйренеді. Өздері әр түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап баланың өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз. Тәрбиеші балаларға білім беру үшін баланың іс-әрекеті, ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізу арқылы білім нәрімен сусындатады.
Балабақшаны — бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны-болашақтың қақпасы деп білуіміз керек. Болашақтың қақпасы — әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт-ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те балабақшаға барған баламен, балабақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын – адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де және басқада жағдайларда да айырмашылық көп.
Ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «Ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?»-деген сұрақтар мазалайтыны түсінікті. Сондықтан да балабақша-тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, балабақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. Сонымен қатар, балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін –сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек.
Сонымен қорыта айтар болсақ, балабақша – баланың жүйелі түрде білім – тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Бұл мекеменің балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, ұстазға байланысты. Баланың болашаққа қадам алып, жан-жақты, қоршаған ортасымен танысып, ең бірінші білім мен тәрбие алатын орны – балабакша. Сондықтан тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүру керек.