Бүгін Мақтарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Атакент пен Мырзакент кенттерінің орталық базарларын аралап, саудагерлер мен тұтынушылар тарапынан карантин талаптарының сақталуын тексерді.
Рейд барысында Бақыт Насырханұлы ең алдымен «Атакент» автобекетінде жүргізушілер мен жолаушыларға санитарлық талаптарды сақтау керектігін айтып, автобустар мен шағын автобустардың ішін қарап шықты. Әрбір жолаушылар көлігінде антиспектик құралдарының болуы керектігін айтып, жолаушыларды маскасыз қабылдамау керектігін ескертті.
Сондай-ақ, аудан басшысы Атакент пен Мырзакент кенттерінде орналасқан орталық базарлардағы азық-түлік тауарларының ассортиментімен, сапасы және бағасымен танысып, сатушылар мен тұтынушыларды әнгімеге тартты. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска кию мәселесіне өте жауапкершілікпен қарау керектігін айтты. Сондай-ақ, карантин талаптарын бұзған саудагерлерге салынатын айппұлдар жөнінде түсіндірді.
«Қазір көптеген тұрғындарымыз коронавиурс пен пневмониядан зардап шегуде. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге көмек беру үшін карантин режимін қатаң сақтауымыз қажет. Масканы тағып, арақашықтықты сақтап, антисептик құралдарын пайдаланып жүру арқылы — біз бір-бірімізге көмек бере аламыз, көптеген адамдардың өмірін арашалап қала аламыз. Осыны түсінулеріңіз керек!» — деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясының алдын алу, шектеу шараларының сақталуын қадағалау бойынша Мақтаарал ауданында 2 мобильді топ жұмыс жасауда. Жыл басынан бері мобильді топтар тарапынан бекітілген кестеге сәйкес 2584 нысанға тұрақты түрде рейд жасалып, жалпы көлемі 6,9 миллион теңге айыппұл салынған.