ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАС ҰРПАҚҚА ЕРТЕ БАСТАН СІҢІРУІМІЗ ҚАЖЕТ
Автор: ҚалмұратҚаралым: 43
Бүгінде ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі білім берудегі озық ұстанымдармен байланыстыра отырып, әр баланың қабілетін, талантын ашып, өзіне-өзінің сенімін нығайтып, өзіне жол ашуына түрткі жасай отырып тәрбиелеу және де әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақты өсіру, ең алдымен балабақшадан, соның ішінде тәрбиешінің еңбегінен бастау алады десек қателеспейміз.
Ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде мектепке дейінгі мекемеде атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни, тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің балабақша атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақшаға ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Ұлттық тәлім тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай бiлу тәрбиешінің, ата-аналармен қосылып жүргiзген шараларына байланысты, өйткенi, бiрiншi ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екiншiден, балабақшада болғандықтан, ата-ана мен балабақша болып бiрiгiп жұмыс атқару – бізге артылар басты міндет екені сөзсіз.
Тәрбие – өсіп келе жатқан жас ұрпақты өмірге даярлаудың барлық жағын қамтитын, жеке тұлғаны ғасырлар бойы жиналған адамзат тарихындағы тәжірибені игертіп, біліммен жарақтандыруға бағытталған қоғамның талап тілегіне тәуелді күрделі үдеріс. Бізге бұрыннан белгі болып келген тәрбиенің ұйымдастырушылары: отбасы, ата-ана, балабақша – тәрбиеші. Жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпал ететін тұлға тәрбиеші. Яғни ол – тәрбиенің бастау көзі десек артық айтқандық болмас. Сол себепті де тәрбиешінің еліміздің болашақ азаматының тұлға болып қалыптасуында атқаратын рөлі өлшеусіз болып табылатыны жасырын емес. Сондықтан оның өз міндеттерін сапалы атқаруына жан-жақты қолдау жасалса жақсы болар еді.