Түркістан облысының қарашаңырақ өнер ордаларының бірі – Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында машайықтар мекені болған өркеш-өркеш құм төбелері мен шағылдарынан шабыт алатын, жел үрлеген бұйрат құмдары қылқобыздай ыңыранып, қиял жетпес сезімді қозғайтын, жан дүниені тербеген киелі Маңғыстау өлкесінің өнерпаздары Жетісай жұртына рухани кеш сыйлады.
Мәдени көпшілік шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков, күйші-профессор Бөрі Иса мен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры Бақыт Сраилов, еңбек ардагерлері Бақыт Жаңбырбаев пен Әбдіғаппар Исаев, аудан тұрғындары қатысты.
360 әулиелі, 3,5 мың машайықты, 7 бабалы киелі Маңғыстаудың М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының «Ақ шағыл» этно-фольклорлық ансамблі Жетісай аспанын көнеден жеткен аспан асты, топырақ үсті күмбір күйімен, әнімен, жырымен көмкерді.
Айта кетейік, негізі қаланған күннен бастап арыны бөлек, ар, үні биік, туған өлке туындыларының туын көтеріп, тұтас ел өнерінің дамуына үлес қосуды өзіне азаматтық парыз санайтын жастардың жаңа буынын тәрбиелеп, қанаттандырып келе жатқан өнер ордасы жанынан маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың ұсынысымен 2021 жылы жастардан жасақталған «Ақ шағыл» этно-фольклорлық тобы құрылған. Топтың ерекшелігі – әр маман 5-6 аспапта ойнап, 26 аспапты қамтиды.
«Қазақ халқының жоғалып бара жатқан көне аспаптарын насихаттау арқылы жас буынның дәстүрлі өнерге деген ықыласын арттыруды мақсат ететін топтың құрамындағы саф алтындай өнерлі жастарымызға Жетісай жұрты жоғары бағасын беріп, өнерлеріне тәнті болды. Керемет орындау, керемет өнер. Осындай жастарымыз барда ұлттық өнеріміз, ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық аспаптарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жететініне кәміл сенеміз» дейді аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов.