ДенсаулықЖаңалықтар

«ЖЕТІСАЙ ЖАСТАРЫ» ҚҰРАМАСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ЖЕҢІСІ

Қаралым: 37
         Спорт пен еңбекті егіз деп білетін «Жетісай жастары» футбол командасы «Жетісай әуесқой лигасы» ойындарында кезекті жеңісіне қол жеткізді.
          Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ демеушілігімен аудан жастарынан жасақталған теңбіл доп шеберлері лига басталғалы жасыл алаңда 11 кездесу өткізген. Олардың 1-інде жеңіліс тапса, 4 кездесуде қарсыластарымен тең түскен. Ал, 6 ойында жасыл алаңнан жеңімпаз болып шыққан.
         Бүгін де кезекті кездесуін Мақтаарал ауданының «Мырзакент» командасымен өткізген «Жетісай жастары» құрамасы ойынды ә дегеннен қауіпті шабуылдармен бастады. Команда мүшелері бапкердің ақылы мен нұсқаулықтарын орындап, көрермендердің делебесін қоздырды. Әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерінің үмітін ақтады. Өздерінің қоғамдық-мәдени шараларда ғана емес спортта да белсенді екендіктерін дәлелдеп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
         «Біздің командамыз лига басталғалы жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Әрбір кездесуде алаңға шыққан сәттен бастап күннің аптап ыстығына қарамай бар мүмкіндігімізді іске қосуға, жанкүйерлеріміздің үміті мен сенімін ақтауға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – жеңіс тұғырынан көріну, «Спортпен шұғылдануға уақыт жетпейді» деушілерге спорт пен еңбектің егіз екендігін, екеуін де бірдей алып жүруге болатынына өзгелердің де көзін жеткізу» дейді «Жетісай жастары» футбол командасының капитаны Нұрсұлтан Пазылбеков.
       Әр аптаның сенбі-жексенбі күндері «Нұғман» орталық аудандық мешітінің кіші футбол алаңшасында өтетін «Жетісай әуесқой лигасы» ойындарында Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарынан 20 команда өнер көрсетуде.
Б.НАЙМАНОВ.
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *